Президент • 07 Қараша, 2022

Ақтаудың туристік әлеуеті дамиды

657 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау обысындағы коммуналдық қызметтің сапасына көңілі толмайтынын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтаудың туристік әлеуеті дамиды

«Облыс тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе – коммуналдық қызметтің сапасы. Қазір Ақтау қаласының инженерлік жүйесінің 75 пайызы ескірген. Үкіметке облыс орталығының инженерлік жүйесін қайта жабдықтауға қажетті қаражат бөлуді тапсырамын. Ақтау қаласындағы құрылыс мәселесіне арнайы тоқталғым келеді», деп атап өтті Президент Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу барысында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы облыс орталығындағы ескі үйлердің мәселесі тез арада шешімін табу қажет екенін айтты.

«Біз Ақтау қаласын еліміздің басты туризм орталығының бірі ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Теңіз жағасындағы қала қазіргі заманғы озық талаптарға сай болуға тиіс. Облыс орталығындағы ескі үйлердің мәселесін шешу қажет. Қалада мұндай 280 үй бар. Үкіметке Ақтау қаласындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жаңаөзенді кешенді дамыту мақсатында 580 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгенін атап өтті.

«Жаңаөзенді кешенді дамыту мәселесіне баса назар аудару қажет. Ондағы күрделі түйткілдерді шешуге 580 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл – бір қала үшін қомақты қаржы. Оны мақсатына сай тиімді жұмсау қажет. Жалпы, облыс әкімдігінің Жаңаөзенді дамыту үшін қабылдап жатқан шаралары толық орындалуға тиіс. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды созбалаңға салмай дер кезінде іске асыру қажет», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.