Президент • 07 Қараша, 2022

Президент «АрселорМиттал Теміртаудағы» оқиғаға қатысты пікір білдірді

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында кешенді тексеру жүргізу қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент «АрселорМиттал Теміртаудағы» оқиғаға қатысты пікір білдірді

«Өкінішке қарай, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты. Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында.

Осы орайда ол кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керегін айтты.

«Еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс. Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі», деді Мемлекет басшысы.