Қоғам • 07 Қараша, 2022

Мұрат Бектановтың ісі сотқа жетті

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Бұл туралы ОКҚ-да Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мұрат Бектановтың ісі сотқа жетті

«Қазіргі уақытта сотта бұрынғы Қорғаныс министрі Бектановтың ісі қаралуда», деді Елдос Қилымжанов.

Сондай-ақ ол Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары ҰҚК департаменттерінің бұрынғы басшыларына және Алматы облысы полиция департаментінің, Алматы әуежайының Желілік полиция бөлімінің бұрынғы басшыларына қатысты істер бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдарымен танысу рәсімі жүріп жатқанын айтты.

Бұдан басқа, Талдықорған және Алматы қалаларында тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактісі бойынша сотқа сегіз полиция қызметкеріне қатысты екі қылмыстық іс жіберілді.

«Барлығы құқық қорғау және арнайы органдардың 29 қызметкері күдікті деп танылды, оның 8-і сотта, 20-сы іс материалдарымен танысу сатысында және біреуі тергеуде», деп түсіндірді Елдос Қилымжанов.

Еске сала кетсек, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрін командирлік қасиеттерінің жоқтығы үшін сынға алды. Сол күні Президент Жарлығымен Мұрат Бектанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды.

19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қатысты қызметтегі әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

20 ақпанда Мұрат Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.