Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Форумның тақырыбы – «Жасыл экономикаға» көшу жағдайындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы: Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибесін қолдану». Конференция жұмысына 9 елдің сарапшылары қатысты.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында 7 тақырыптық секция өтті. Отандық және шетелдік сарапшылар «жасыл экономикаға» көшу жағдайында экономиканың энергия сыйымдылығын төмендету, заңнаманың құқықтық нормаларын экологияландыру, экологиялық туризмді дамыту перспективалары, «жасыл» архитектураны қалыптастыру, «жасыл қаржы құралдарының» мүмкіндіктері, «жасыл экономикаға» көшу жағдайында кадрлар даярлау, қалдықтарды өңдеу жүйесі секілді мәселелер төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті.
Биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан-Польша «Жасыл экономиканы зерттеу орталығы» ашылған болатын. Университет ғалымдары шетелдік әріптестерімен бірлесіп асбестті қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша ғылыми жұмыстар жүргізген. Зерттеу қорытындысы бойынша ұлттық университетте Қазақстанда құрамында асбест бар қалдықтарды кәдеге жарату мәселелері бойынша монография таныстырылды. Әзірлемелердің нәтижелері бойынша патент алу жоспарлануда.
– «Жасыл экономика» мәселелері жаһандық сипат алған және оның дамуы елімізде үлкен мәнге ие. Инклюзивті «жасыл даму» тұжырымдамасы Қазақстан үшін ерекше маңызды. Өйткені онда орнықты экономикалық өсуге, жаңартылатын табиғи капиталға және дамыған адами және әлеуметтік капиталға баса назар аударылады, – дейді Еуразия ұлттық университетінің ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева.
«Жасыл экономиканы» дамытудың маңызды аспектілерінің бірі – «жасыл экономикаға» көшу жағдайында кадрлар даярлау. Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы Болат Төкежановтың айтуынша, Қазақстанда 30 жоғары оқу орнының базасында «Экология», «Қоршаған орта», «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлануда.
– Бүгінде жоғарыда аталған бағыттар бойынша 6 мыңнан астам адам білім алып жатыр. 2022 жылы 2,5 мың экология маманы даярланды. Экология саласындағы білім беру бағдарламаларының тізілімінде жаңа инновациялық білім беру бағдарламалары, оның ішінде ЕҰУ енгізілді. Жасыл экономика бойынша бірқатар пән қарастырылған. Сондай-ақ Индустрия 5.0 талаптарын ескере отырып, отандық жоғары оқу орындары біртіндеп салалық мамандандырудан алшақтай бастады және бүгінгі еңбек нарығының тренді болатын дисплинаралық бағдарламаларға көше бастады, – дейді Б.Төкежанов.
Конференцияда сондай-ақ «жасыл экономика» саласындағы шетелдік сарапшылар «ASTWA» ЖШҚ бас директоры Станислав Луневский, Белостоктағы қаржы және менеджмент университетінің профессоры, ЕҰУ құрметті профессоры Эдуард Хосчилович, Белосток техникалық университетінің (Польша) қаржы және менеджмент жоғары мектебінің ректоры Миколай Томулевич, медицина жоғары мектебінің канцлері (Польша) Мауриццио Аккиари, Физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Милано Бикокка университеті (Италия) «Қоршаған ортаны талдау және ақпараттық технологиялар» ғылыми-зерттеу институтының директоры (Германия) Вольфрам Шарф және басқалар сөз сөйледі.
Конференция жұмысына Польша, Италия, Словакия, Түркия, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Ресейден келген шетелдік сарапшылар, сондай-ақ Қазақстан ғалымдары, министрліктер мен ведомстволардың, бизнес-құрылымдардың қызметкерлері, ғылыми қызметкерлер, ғалым-экономистер, экологтер, энергетиктер, экономикалық жоғары оқу орындарының докторанттары мен бизнес-мектептердің тыңдаушылары қатысты.
Айта кету керек, осы жылдың 21 қазанында ел Президенті «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Қазақстанның келісімге қосылуы жаһандық жасыл өсу институтына кірген елдермен жаһандық жасыл өсу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.