Қоғам • 07 Қараша, 2022

Баспанаға жеткізетін бағдарлама

1164 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір Атырау облысында 668 090 адам тұрады. Оның ішінде 18-35 жас аралығында 111 776 (17%) адам бар. Жастар арасында баспанаға мұқтаж жандар жеткілікті. Сол себепті облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ «Атырау жас­тары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосуға қадам жасады.

Баспанаға жеткізетін бағдарлама

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бірлескен бағдарлама 35 жас­қа дейінгі жастарға арналып отыр. Мақсат – жастардың барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуына жол ашу. Бұл бағдарламаға дәрігерлер, мұ­ға­лім­дер, мәдениет және спорт са­ла­сының өкілдері, жоға­ры оқу орындарының профес­сорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылы­ми қыз­­­меткерлері, журналис­тер, әлеу­­меттік сала мен ком­му­нал­­дық кәсіпорында жұмыс істейтіндер, сондай-ақ жетім балалар санатымен тұрғын үй ке­зегінде тұрған азаматтар қа­ты­са алады. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі екіжақты ке­лісімге Атырау қаласының әкі­мі Мейірім Қалауи мен «Отбасы банк» АҚ Атырау об­лыс­тық филиалының директоры Нұрбол Құрман қол қойды.

– Біздің банктің басты ұста­ны­мы – қазақстандықтарды жай­лы баспанамен қамтамасыз ету. Жаңадан іске қосылатын «Атырау жастары» бағдарламасы табысы жоғары емес жастардың баспана мәселесін оң шешуге бағытталып отыр. Өйткені жастар да пәтер алу үшін «Отбасы» банктегі шоттарына қаражат жинап жүргенін бі­ле­міз. Алайда тұрғын үй сатып алуға бар­лығының бірдей мүмкіндігі жете бермейді. Ал жаңа бағдарлама іске қосылған соң жастардың бұл арманы жақын арада жүзеге аса бас­тайды. Бұл жобаға облыс әкімдігі 1 млрд теңге бөлсе, «Отбасы банк» АҚ 600 млн теңге салады, – дейді аталған банктің Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрман.

Оның айтуынша, Атырау облысы – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы қолға алынған жетінші өңір. Бұған дейін мұндай жоба Алматы мен Астана қаласында, Қарағанды, Тараз, Қостанай және Алматы облыстарында жүзеге асырылған. Қазір облыс әкімдіктері мен «Отбасы банк» АҚ-ның жастардың несие алуына жұмсаған ортақ бюджетінің көлемі 60 млрд тең­ге­ден асқан. Ал «Атырау жастары» бағ­дар­ла­масына қатысатын әлеуетті несие алушылардың тізі­мін жер­гілікті әкімдік ұсы­на­ды. Әкім­­дік бағдарламаға қатысу үшін өті­нішті қабылдау және байқау кезеңін дайындап жатыр.

– Бағдарламаға қатысушылар пулы құрылады. Содан соң қаты­су­шыларға «Отбасы банк» ар­қы­лы тұрғын үй заемін алуға жол­дама ұсынылады. Үміт­кер­лер өздерінің төлем қабілетін рас­­тағаннан кейін жылдық 5 па­йызбен займ алады. Мұнда ал­ғаш­қы жарна 10% ғана болады. Бағдарлама қатысушыларына бері­летін несиенің ең көп сомасы – 18 млн теңге. Бұл қаржы Атырау қа­ла­сынан үй сатып алушыларға бе­ріледі. Ал облыс аумағынан баспана сатып алу үшін 13 млн теңгеге дейін несие беру көзделіп отыр. Несие мерзімі – 25 жыл, – дейді Н.Құрман.

Аталған банктің облыстық филиалы 2006 жылы ашылған. Онда 34 маман жұмыс істейді. Филиалда 7 кеңес беру орталығы мен 82 кеңесші бар. Биыл депозит ашқан атыраулықтардың саны 85 837-ге жеткен. Олардың депозиттегі қаржысы 70 млрд 799 млн 807 мың теңгені құрайды.

«Атырау жастары» бағдар­ла­ма­сының қатысушы­ларына қо­­йыла­тын бірнеше талап бар. Бірін­шіден, өтінім берген кезде қаты­сушының жасы 35-тен аспауы керек. Екіншіден, қаты­су­шының Атырау облысында немесе Атырау қаласында кемінде соңғы бір жыл тұрақты тіркеуі және өтініш берген кезде өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Атырау облысында тіркеуі болуға тиіс. Үшіншіден, бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соң­ғы 5 жыл ішінде Қазақстан аума­ғында сатып алу құқығымен жалға берілетін немесе меншік құ­қы­ғын­дағы тұрғын үйінің жоқ­тығы ескеріледі. Төртін­ші­ден, Атырау қаласында немесе Атырау облысында таңдаған мамандығы бо­йынша ресми жұмыс өтілі болғаны жөн. Бе­сін­шіден, бағдарламаға ерлі-за­йып­ты жастардың біреуі ғана қа­тыса алады.

 

Атырау облысы