Саясат • 07 Қараша, 2022

Демократиялық даму жолы

319 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Құжаттар биыл маусым айында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған болатын. Қол қою рәсімін жария түрде өткізу заңдардың демократияның даңғыл жолына түсуде маңызы ерекше екенін көрсетсе керек.

Демократиялық даму жолы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаң­тар қасі­ретінен кейін 16 наурызда жа­саған Жолдауында саяси реформалар пакетін жариялады. Мәселен, Пре­зидент Конституциялық сот институтын құруды, Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар Президенттің өкілеттігін қысқарту, Парламент палаталарын қалыптастыру тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау, Парламенттегі заң шығару процесінің жаңа ережелеріне, аралас сайлау жүйесіне көшудің қажеттігіне ерекше екпін берді.

5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтіп, Конс­титуцияға өзге­рістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңарған Ата Заңды жүзеге асыру үшін конституциялық құжаттар әзір­леу керек екені түсінікті. Содан кейін депутаттар, заңгерлер мен қоғам белсен­ділері осы бағытта заң жобаларын әзірлеп Парламенттің қарауына берген-ді. Екі палата да құжатты қабылдағаннан кейін Президент оған қол қойды. Енді осы заңдардың ерекшелігіне тоқталсақ.

Әділетті Қазақстан құрудағы маңызды қадамның бірі – Конс­титуциялық сот туралы заң­ның қабылдануы. Бұл құжат 2023 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап күшіне енеді. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Конституциялық сот­тың құзыретіне сайлауды өткізу­дің дұрыстығын тексеру, Пар­ламент қабылдаған заңдар мен ха­лықаралық шарттар­дың Конс­титуцияға сәйкесті­гін қарау, сондай-ақ оның нор­ма­ларына ресми түсіндірме беру құзыреті енген. Ата Заң­ға енгізілген өзгерістерге сәй­кес, аталған құзыретті орган аза­маттардың құқықтары мен бос­тандықтарына тікелей қатыс­ты нормативтік-құқықтық акті­лердің Конституцияға сәйкес­тігін қарайды. Сондай-ақ Конс­ти­туциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқық­тары жөніндегі уәкілге берілді.

Жалпы, Конституциялық сот ұғымы біздің елге таныс. Тәуел­сіздік алған кезде тоғы­зын­шы территорияда осындай мекеме қызмет етті. Ол 1992 жылдан 1995 жылға дейін елімізде нормативтік актілердің Конституцияға сай келуін қадағалайтын орган болып келді. Сарапшылардың пайымдауынша, Конституциялық сотты қайта құру Ата Заң ережелері­нің мүлтіксіз сақталуын осы орган тиімді қамтамасыз етпек.

Президент қол қойған тағы бір маңызды құжат – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң. Айта кетерлігі, омбудсменнің мәртебесі, құзы­реті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мұндай ерекше мән берілуі оның қоғамдағы да, мемлекеттегі де маңызын арттыра түсетіні анық.

Әр мемлекет үшін адам басты құндылық екені баршаға белгілі аксиома. Ата Заңымыздың бірінші бабында мұны шегелеп жазып, Қазақстанның «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенін атап көрсеттік. Демек омбудс­мен туралы Конституциялық заңның қабылдануы осы бағытта жасалған соны қадам десек қателеспейміз.

Бұл құжаттың қандай ерек­шеліктері бар? Біріншіден, уәкіл­дің құзыреті кеңейеді. Омбу­дсмен адамның Консти­туцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қатыс­ты нормативтік-құқық­тық акті­лердің Конституцияға сәй­­кес­тігі мәселесі бойынша Конс­титуциялық сотқа жүгі­н­е алады. Сондай-ақ басқа мем­лекеттердің шақыруы бойын­ша адам құқықтары мен бос­тандықтарының сақталуына байқаушы ретінде барады. Уәкілдің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы берілді.

Осы орайда, еліміз кейін­гі бірнеше жылда адам құқық­тарын сақтауға ерекше мән беріп келеді. Қазақстан 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Халықаралық қоғам­дастық бұл қадамды ыстық ықыласпен қабылдады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуы туралы шешімін «өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам» деп бағалады.

Сонымен қатар былтыр бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға ба­ғытталған Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы жарлыққа қол қойылды. Осылайша, адам құ­қықтарын қорғау жөніндегі жұмыс заңды жалғасын тауып отыр. Омбудсмен мәртебесінің бекітілуі бұл мәселеге ерекше мән берілетінін тағы бір мәрте нақтылай түсті.

Прокуратура органдары­ның қызметі алғаш рет Консти­туциялық заңмен реттелгенін айта кеткен абзал. Құжатта про­куратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Бар­лық қызмет бағыттары бойын­ша прокурорлардың құзырет­тері тізбеленген. Бұл ең алдымен азаматтар үшін маңызды. Осылайша, прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақты көрсетілген.

Сондай-ақ заңдарда Қазақ­станның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі ай­қын­дал­ған. Енді Мәжіліс пен об­лыс­­тық мәслихат депута­т­тары­­ның бір бөлігі, аудандық мәс­лихат депутаттарының бар­лы­ғы бір мандатты округ бо­йынша сайланады. Соның нәти­жесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады. Заңнамадағы өз­герістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жал­ғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыру­ға ұмтылысымыздың нақты айғағы.

Бұдан бөлек, Президент өкілеттігін қысқартуға қатысты түзетулер енгізілді. Енді жаңа нормаға сәйкес мемлекет тізгінін ұстаған адам 7 жылға сайланады. Оның үстіне бір реттен артық Президент міндетін атқара алмайды. 20 қарашаға жоспарлан­ған кезектен тыс президент сайлауы осы өзгерістер ескеріле отырып өткізілмек. Заңда Сенат пен Мәжілістің заң шығару про­цесіндегі функцияларға қа­тыс­ты жаңа нормалар да бар. Осы және басқа да өзгерістер азаматтардың сұраныстары мен мүдделерін ескеретін жаңа сая­си модель қалыптастыруға өз үле­сін қосады.

Қорыта айтқанда, Конс­титуциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтатыны сөзсіз. Азаматтық қоғамның дамуына жол ашып, жалпыұлттық диа­логті орнықтыруға үлес қосады. Әділетті Қазақстанның ірге­тасын берік етуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елі­міздің болашағын баянды етуге ықпал етіп, демократияның даң­ғыл жолына бастайды.