Таным • 08 Қараша, 2022

Діни қолжазбалар мен басылымдар көрмесі

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейдің арнайы алаңында «Діни мазмұнды қолжазбалар мен басылымдар (ҚР МОМ материалдары негізінде)» атты көрме ұйымдастырылды. Қазақ халқының рухани мәдениетінің асыл мұраларының қатарында сирек кездесетін көне діни мазмұнды қолжазбалар мен басылымдардың алатын орны айрықша. Мемлекеттік орталық музейдің қорында 220 бірліктен аса дені қазақ, араб, парсы, шағатай, түрік, татар тілдеріндегі жазба жәдігерлер cақтаулы.

Діни қолжазбалар мен басылымдар көрмесі

Көрме төрінен орын алатын осы жәдігерлерді мазмұндық ерекшелік­тері­не қарай қазақтілді (қадым және төте жазу) қолжазбалар, Құран мен тәп­сір­лер, Мұхаммадия және Мұхтасар кітап­тар, грамматикалық оқулықтар мен сөздіктер және әртүрлі діни мазмұнды литографиялық баспа өнімдері деп бірнеше топқа бөлуге болады.

Мемлекеттік орталық музейдің қол­жазба қорындағы қолжазбалар мен басы­лымдардың үлкен бөлігі діни мазмұнды. Хронологиялық тұрғыдан алғанда музей қорында сақтаулы ең ескі қолжазба ретінде Құранның 1054 һ. /1643 жылдары жазылған нұсқасын ерекше атау ләзім (КП 3121). Сондай-ақ ақын, жазушы, публицист, қазақ журналистикасының серкесі Мұхамеджан Сералиннің әйгілі туындысы «Қожалар шежіресінің (КП 18270.)» қолжазбасы да осы көрмеге арнайы қойылып отыр.

Музей қорында жинақталған 30-дан аса қолжазба және баспа Құрандардың басым көпшілігі Қазан қаласының бас­паханаларында жарық көрген. Соны­мен қатар Түркия, Мысыр, Үндістанда басылып шыққандары да кездеседі. Құран кітаптардың барлығы дерлік жеке тұлғалардан сатып алынған.

Сонымен қатар XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың бас кезіндегі діни маз­мұнды басылымдардың, атап айтқанда, Құран тәпсірлері, Мұхаммедия, Мұхта­сар, грамматикалық оқулықтар, алуан­ түрлі діни мазмұнды кітаптардың бір­сыпырасы – Қазан баспаханалары­ның туындылары. Кейбір Құран, діни мазмұнды кітаптар Петербор, Омбы, Орынбор, Ташкент, Самарқан, Ыстан­бұл баспаханаларында басылып шық­қан. Бұл Құрандар мен басылымдар әуелде аталған қалалардың мемлекет қара­уындағы университеттері мен қазы­налық баспаханаларда, сон­дай-ақ жеке тұлғалардың (М.В.Чирков, Б.Л.Дом­бровский, ағайынды Мұхамеджан мен Шәріпжан Каримовтер және т.б.) баспаханаларында діни сауатты, дәулетті, бай кісілердің қаражатына басылып, қазақ даласына тарап отырған.

Қорда жинақталған бұл діни мазмұн­ды қолжазбалар мен басылымдардың көп­шілігі атадан мұраға қалған жәдігерлер болып саналады. Олардың қатарына Мәш­һүр Жүсіп Көпеев, Абрамбай Байжа­нов, Нұрғали Ақшолақов, Рама­зан Қалыбаев, Манат Шахаева, Жарпын­бай Байтуразов, Айдолла Жол­дасов, Жайлаубай Құтпанов сынды тұлғалардың ұрпақтарына мұра етіп қалдырған діни қолжазбалары мен басылымдарын жатқызуға болады.

Сонымен қатар көрмеде оның тақы­рыптық мазмұнын аша түсетін қосым­ша материалдар, араб құснихат өнерінің ­алуан түрлі үлгілерімен безендірілген иллюстрациялар да ұсынылды.

 

АЛМАТЫ