Экология • 08 Қараша, 2022

Қазақстанда «жасыл» энергияның үлесі 3%-ды құрайды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мысырда өтіп жатқан Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлем көшбасшылары саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда «жасыл» энергияның үлесі 3%-ды құрайды

Климаттық саммит жұмысына 120-дан астам елдің өкілдері қатысуда. Мемлекеттер мен үкіметтер басшылары климаттың өзгеруінің ең өзекті мәселелері бойынша өз елдерінің ұстанымдарын білдіретін «ұлттық үндеулер» жасады. 

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстан климат жөніндегі Париж келісімінің мақсаттары мен міндеттерін берік ұстанатынын атап өтті. 

«Біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы барынша биік мақсаттарды қойып отыр. Осының аясында жыл соңына дейін төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдау жоспарлануда. Орталық Азиядағы елдің алғаш болып осындай маңызды құжатты қабылдауы тарихи сәтке айналмақ», деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жалпы өндірістегі «жасыл» энергияның үлесі шамамен 3%-ды құрайды. Бұл ретте оны өндіру көлемін 15%-ға дейін, яғни 2030 жылға қарай қосымша 7 ГВт-қа ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар биыл көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15%-ға төмендету көзделген. 

«Қазақстанның «жасыл» энергетиканың әлемдік орталықтарының бірі болуға әлеуеті зор. Сондықтан біз жаңартылатын энергия көздерін дамытудың аймақтық орталығына айналуға және жалпы Орталық Азияны «жасыл» технологияларға көшуге ынталандыруға дайынбыз», деп атап өтті Премьер-Министр. 

Осы орайда ол елімізде «жасыл» сутегі өндірісі мен экспортын ұлғайтуға ерекше назар аударылатынын айтты. 

«Технологиялық жаңғыртудың маңыздылығын, оның ішінде Париж келісімі шеңберінде білім алмасуды енгізу және «таза» технологияларды беру қажеттігін ерекше атап өткім келеді», деді Әлихан Смайылов. 

Бұдан басқа, ҚР Үкіметі «жасыл» инвестицияларды ынталандыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр және «жасыл» қаржының бірегей өңірлік инвестициялық орталығы ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын ұсынуға дайын. 

«Сондай-ақ біз жаңа Экологиялық кодекс аясында шаралар қабылдап, 2025 жылға дейін 2 миллиард түп ағаш отырғызу секілді ауқымды міндетті іске асырамыз», деді Әлихан Смайылов. 

Қорытындылай келе, Премьер-Министр бүгінде әлемдік қоғамдастықтың бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерді бастан кешіріп отырғанын атап өтті. 

«Осыған байланысты бізге тұрақты және тең құқылы батыл шешімдер мен әділетті даму үлгілері қажет. Қазақстан климаттық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша барлық халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға дайын», деп түйіндеді ол.