Президент • 08 Қараша, 2022

Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасы салынады

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп жазады Egemen.kz.

Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасы салынады

«Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек», деді Президент. 

Сондай-ақ Тоқаев мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер барын ескертіп, келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеу керектігін айтты. Сондай-ақ Үкіметке тапсырма берді. 

«Бұл өте маңызды мәселені Үкімет өз назарында ұстауы, осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы өңірдегі шетелдік компаниялардың аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және экология мәселелерін шешуге атсалысуы керектігіне де тоқталды.

«Үкімет әкімдікпен бірлесіп, инвесторларды осы жұмысқа жұмылдыруы қажет. Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына баса назар аударылады. Осы мәселені Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қарауына шығару керек. Мемлекет мүддесі үшін инвесторлармен жалпы келісімдерді әзірлеу мәселесін пысықтауды тапсырамын», деді Президент.

Президент өңірде инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылғанын жеткізді. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар, бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды деп есептейді. Осы ретте Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұр. Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Сол себепті, мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады», деді Мемлекет басшысы.