«Су сүзетін екі жаңа станцияны тезірек іске қосу керек. «Астрахань – Маңғыстау» су құбырының 80 пайызы әбден тозған. Оны жаңғырту жұмыстарын тездету қажет. Сонымен бірге Үкімет Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктермен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруға тиіс», деді Президент.
Сондай-ақ ол аймақтағы суару каналдарының көпшілігі тозғанын атап өтті. Биыл 3 каналды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Тағы 11 каналды қалпына келтіру керек. Осы ретте Үкіметке алдағы екі жылда осы жобаларға қаржы бөлу мәселесін қарастыру тапсырылды.
«Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Сондықтан бұл мәселенің шешімін созбалаңға салуға болмайды», деді Мемлекет басшысы.