Президент • 08 Қараша, 2022

Президент: Атырау – Қазақ елінің Еуропаға шығар қақпасы

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау өңірінің жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Атырау – Қазақ елінің Еуропаға шығар қақпасы

«Атырау – Қазақ елінің Еуропаға шығар қақпасы. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы осы өлке арқылы өткені тарихтан белгілі. Қала орталығындағы көпір Азия мен Еуропаны жалғап тұр. Мұның зор символдық мәні бар. Бір сөзбен айтқанда, еліміз түрлі өркениеттер тоғысқан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сондықтан, қазақтың жерін ежелгі заманнан түрлі діни наным өкілдері мекендеген», деп атап өтті Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстарға діни алауыздық негізгі себеп болатынын айтты.

«Халқымыз діни ұстанымына қарап ешкімді кемсітпеген. Бәрі татулықта өмір сүрген. Жақында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне қатысушылар да мұны айрықша атап өтті. Тіпті, Рим папасы ұлы Абай және домбыраның құдіреті туралы терең ойларын айтты.

«Мен мұны бекерге айтып отырған жоқпын. Қазір жер жүзінде болып жатқан түрлі қақтығыстардың негізгі себептерінің бірі – діни алауыздық. Біз елімізде тыныштық пен тұрақтылық болғанын тілейміз. Сол себепті, бұл мәселені назардан тыс қалдырмауымыз керек», деп қосты Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Конституциясында дін бостандығына кепілдік берілген. Алайда елімізде радикалды ағымдар мен діни сепаратизмнің тарауына жол берілмеу қажет.

«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес. Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған. Шариғаттың шарттары мен халқымыздың әдет-ғұрпы үндескен дәстүрлі ата дініміз бар. Оның асыл құндылықтары осы күнге дейін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келеді. Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды», деп қосты Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің айтуынша, қандай жағдай болмасын, қазақтың болмысына тән қасиеттер ешқашан ұмыт болмауға тиіс.

«Ұлттық құндылықтарымызды аяқасты етуге болмайтынын жастарға байыппен түсіндіру керек. Ел ағалары және дін адамдары бұл мәселеге айрықша мән бергені жөн деп санаймын. Мен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүрмін. Маңызды істе ар-ұят, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі ұғымдар ұмыт қалмауға тиіс. Бұл – қазақтың болмысына тән қасиеттер. Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Атом бомбасы да, атом энергиясы да – адамзаттың ақыл-ойының жемісі. Яғни, қанша жерден білімді болса да, ізгілікке ұмтылмаған адам елге пайдасын тигізбейді. Сондықтан, озық білім мен өнегелі тәрбиені ұрпақтың бойына қатар сіңіруіміз қажет», деп пайымдады ел Президенті.

Сөзін қорытындылай келе, Қасым-Жомарт Кемелұлы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аудару қажет екенін қадап айтты.

«Қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаяды. Мұның бәрі мемлекетімізді әлсіретеді. Қоғамды іштен ірітеді. Заңдылық пен тәртіпті бұзады. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл елді дағдарысқа ұшыратады. Біз бұған жол бермейміз. Сол үшін адамгершілік құндылықтарына негізделген саясатқа баса мән береміз. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударамыз. Жастарымыз адал еңбек етудің, білімге құштарлықтың мән-маңызын жете түсінуі қажет. Мықты мемлекет құрамыз десек, бұдан басқа жол жоқ», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.