Қазақстан • 08 Қараша, 2022

Бүгін - статистика мамандарының кәсіби мерекесі

435 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін статистика мамандары кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін - статистика мамандарының кәсіби мерекесі

Бүгінде маңызды шешімдерді қабылдап, болашаққа бағдар құратын маманның негізгі тірек құралының бірі – ресми статистика. Экономикалық және әлеуметтік-демографиялық деректерді елеп-екшейтін статистика мамандары бүгін өзінің кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр. Қазақ жерінде 102 жыл бұрын құрылған мекеме бүгінде қай бағытты негізге алып отыр?

Бұған дейін өз алдына жеке агенттік, одан кейін Экономика министрлігіне қарасты комитет болған қазіргі Ұлттық статистика бюросы бүгінде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұйымы. Ол жиналатын деректердің сапасын ғана қамтамасыз етіп қоймай, мәліметтерді өңдеу жылдамдығын арттырып, жаңа ақпарат көздерін пайдалану амалдарын қарастырып жатыр.  

Деректердің балама көздері

Экономиканың цифрлануы балама дерек көздерінің аясын кеңейтіп отыр. Сондықтан Ұлттық статистика бюросы негізгі статистикалық деректердің дәйектігін арттыру үшін оларды қолдана отырып, сапалы ақпаратқа қол жеткізуді жоспарлап қойған. Мәселен, егіс көлемін анықтау үшін ғарыштан зондтау жүргізетін жүйелердің деректері пайдаланылмақшы. Ал электронды сауда субъектілерінің жан-жақаты статистикалық есебін қалыптастыру үшін түрлі маркетплейстермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде онлайн жүргізілген сауда-саттықтың нақты есебі, экономикадағы үлесі, қай тауардың көп саудаланатыны туралы ақпаратты көпшілікке ұсыну мүмкіндігі туады.  Оған қоса, субъектілердің экономикалық белсенділігін өзектендіру үшін фискалдық деректер операторларының мәліметтерін пайдалану мүмкіндігі пысықталуда. Дүкендерде берілетін түбіртектердің мәліметіне қол жеткізу арқылы инфляция статистикасын нақтылау амалы да жұмыста қолданылады. Мұның барлығы респонденттер тарапынан тапсырылатын есеп санын азайтуға, деректердің жылдам әрі жеңіл өңделуіне өз септігін тигізеді.

Экономиканың жаңа бағыттары бойынша ақпарат неғұрлым дәйекті болу үшін мәліметтер толтырылатын нысан үлгілері де толықтырылған көрінеді. Мәселен, энергетика, кәсіпорындар статистикасы мен құрылымдық статистика бағыттары бойынша мәліметтер қоры байытылмақшы. Есесіне өзектілігін жоғалтқан мәліметтер бойынша ақпарат енді мүлде жиналмайтын болады. Осылайша, бюродағылар статисткалық формалар санын азайтып отыр. Биыл 146 түрлі статистикалық зерттеу бойынша ақпарат жиналса, келер жылы олардың саны 12-ге қысқартылмақшы.  

DATA сауат

Мәліметтер саны өскен сайын, соның негізінде шешім қабылдауға, түрлі экономикалық болжамдар құруға болатын мүмкіндіктер аясы өсіп келеді. Алайда сол мәліметтердің тілін ұғып, кәдеге жарата білу де маңызды. Осы мақсатта Бюро мамандары қалың көпшілік үшін арнайы курстарды ұйымдастыруды қолға алған. Статистиканың қалай жиналып, өңделетінін, қалай есептелетінін, пайыздық айырмашылық пен үлесті есептеу жолдарын түсіндіретін сабақтарға ниет білдіргендердің барлығы қатыса алады. Мамандар бұған мемлекеттік қызметшілер мен БАҚ өкілдерін тартуды да көздеп отыр. Сабақтар онлайн түрде өткізіледі, онда деректердің түрлері мен типтері сияқты қарапайым тақырыптан бастап, ең күрделі – мәліметтер негізінде талдау жасау бағыттары қамтылады. Аталған курстар келесі жылдың басынан іске қосылады.

Оған қоса, бюродағылар магистранттар мен докторанттарды ресми деректерге негізделген зерттеу жұмыстарына барынша тарту үшін «Qazdatathon» байқауын ұйымдастырып отыр. Ұлттық банктің Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығымен бірлесе жасалған конкурстың негізгі мақсаты – деректер негізінде әлеуметтік-экономикалық, әдіснамалық мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін іздеу, сондай-ақ деректерді басқару мәдениеті мен деректерге негізделген шешімдер қабылдау практикасын ілгерілету. Бұл байқау шеңберінде қарашаның сегізінен бастап қатысушы командалардың өтінімдері қабылданады. Бір айдың ішінде деректер негізінде жасалған жобалар таныстырылуы тиіс. Бұл да жас буынның деректер бойынша сауатын арттырып, оларды дұрыс тауып, пайдаға асыру жолдарын үйренеді. 

Ұлттық мәліметтер бюросы 

Бүгінде бюро ұлттық деректер экожүйесін дамытудың тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.  Ол ұлттық статистика жүйесі мен деректерді басқару саясатын дамытудың негізгі бағыттарын, оның ішінде деректердің сапасын, ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жұмыстарын қамтиды. Әкімшілік дереккөздерден жиналатын ақпараттың бірізді әрі белгілі бір әдіснамаға сай болуы үшін бюродағыларға үйлестірушілік міндет жүктеліп отыр. Деректерді басқару саясатын жүргізу, статистикалық қызметті трансформациялау, бақылау бірліктерін (регистрлерді) сәйкестендірудің бірыңғай жүйесін құру – дәстүрлі үй-үйді аралап жүргізілетін санақ әдісінен регистрлерге негізделген тіркеу санағына көшуге мүмкіндік береді.

Санақтың осы тәсіліне көшу – халық туралы статистикалық деректерді жыл сайынғы негізде жаңартып отыруға және дәстүрлі санаққа қарағанда анағұрлым өзекті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл халық, жұмыспен қамту, тұрғын үй статистикасы, білім туралы деректерді кешенді әзірлеуге ықпал етеді.

Бүгінде статистика деректерін халықаралық сапа стандарттарына сәйкестендіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. БҰҰ қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметінде үздік тәжірибелерді пайдаланып жатқан бюро мамандары жаңа технологияларды енгізу, пайдаланушылар үшін ыңғайлы сервистерді ұсыну, деректерді қолжетімді ету тәсілдерін дамыту бойынша жұмыстарын жалғастыра бермек.