Өнер • 08 Қараша, 2022

Қылқалам айшықтаған балалық

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда жас суретшілер мен декоративті-қолданбалы өнер шеберле­рінің «Жас толқын» республикалық байқауы мәреге жетті. Осымен төртін­ші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі шара биыл ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының 150 жылдығы мен Балалар жылына орайлас­тырылып отыр.

Қылқалам айшықтаған балалық

Байқауға Астана, Қара­ған­ды, Челябі қалалары мен Қостанай облысының 16-35 жас аралығындағы қылқалам ше­берлерінен ұзын саны 80-нен астам туынды келіп түсті. Қазылар алқасы оларды «Бей­нелеу өнері», «Графика», «Мү­сін», «Декоративті-қолданбалы қолөнер» деп аталатын 4 аталым бойынша бағалады.

– Биылғы конкурста акварельмен салатын суретшілердің, графиктер мен декоративті-қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстары ерекше. Байқауға қатысушылардың ішінде кәсі­би суретшілермен қатар, әуес­қой жастар да бар. Жұмыс­тарды баға­лау барысында қи­на­лыңқырап қалған кезде­ріміз болды. Сондықтан ұйым­дастырушыларға конкурс бюд­­­жетін ұлғайтып, әуесқой суретшілерге арналған жеке ата­лым тағайындау туралы өті­ніш айттық, – дейді қазылар алқа­сының мүшесі Мәрия Жұмағұлова.

Облыстық мәдениет басқар­ма­сының басшысы Ерлан Қалма­қовтың айтуынша, байқаудың мазмұнымен қоса, географиясы да жыл санап кеңіп келеді. Конкурсқа қатысушылар ара­сындағы бәсеке де жоғары. Мы­салы, биылғы байқауға Ресейден бірнеше қыл­қалам шебері өз жұмыстарын жі­берген.

Қазылар алқасы «Жас тол­қын» байқауының Гран-при сыйлығына Астана қаласынан келген дарынды суретші Ай­дана Мінайдарованы лайық деп ұйғарыпты. Жас қылқалам шеберінің қолынан қағазға там­ған акварель бояулар расымен де сәбидің жанарындағы мөп-мөлдір әлемнің шынайы бей­несіндей болып тұна қалған.

Лисаков қаласынан келген кәсіби суретші Ирина Кропотова «Графика» аталымы бойын­ша жеңімпаз атанды. Ал 17 жас­тағы Виктория Бородкина «Декоративті-қолданбалы өнер» аталымы бойынша бірінші орын­­ды иеленді.

Қазылардың айтуынша, кон­курс­қа қатысқан шеберлер­дің шығар­ма­ла­рында қағаз саз, кендір жіп, кө­мір, моншақ, жүн сияқты неше түрлі дүниелер де пайдаланылған. Мыса­лы, «Мүсін» аталымы бойынша 34 жастағы мұғалім Алексей Махов­скийдің туындысы озық шықты. Әуес­қой мүсінші қағаз саздан жасалған компо­зициялық туындысына ана мен бала­ның арасындағы сүйіспеншілікті арқау еткен.

Қағаз саз деген кәдімгі дәрет­хана қағазын желімге, күнбағыс майы мен сұйық сабынға шылап иі қанған соң, бірнеше са­ғат тоңазытқышқа қойғаннан кейін алынатын материал екен. Жұмсақ күйінде кәдімгі плас­ти­линге, қатты күйде гипске ұқ­­сай­ды. Алексей Маховский Сарыкөл ауданына қарасты Веселый По­дол ауылындағы мектепте мұ­ғалім болып жұмыс істейді.

а

 

Қостанай облысы