Жалпы, сайлау десе жұртшылықтың елең ете қалатыны рас. Дауыс беруге бармағандардың өзі «кім жеңіске жетті екен?» деп сайлаудың қорытындысын білуге асығады. «Менің дауысым не шешеді?» дегендердің үйдің сыртында саясат жайлы сайрай жөнелетінін талай көрдік. Сайып келгенде, елдің тағдыры шешілетін маңызды науқан туралы әр тұрғынның өзіндік пікірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.
Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көтеріп, сайлау жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Себебі көпшілік депутаттарға сену былай тұрсын, көпшілігін танымайды да. Мәжіліс депутаттары өз алдына, жергілікті атқарушы билік тұрғындармен дұрыс байланыс орнатпаған. Соның салдарынан халық сайлауға селқос қарайды. Әр дауыстың маңызды екеніне сенбейді. Осындай олқылықтан кейін Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын. «Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді», деген еді Мемлекет басшысы.
Өткен жылы елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланып, тұрғындардың белсенділігімен есте қалған еді. Жаңа форматта ұйымдастырылған саяси науқан тиімділігін дәлелдеді. Таңдау тұрғындардың өзіне берілсе, кез келген тұрғын өз ауылының болашағына бейжай қарамайтынын аңғардық. Көпшіліктің күткені де сол. Бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, бұдан былай жұртшылық елге басшылық етуге лайық азаматты өзі таңдайды. Мұндай жүйе дауыс берушілерге де, әкім креслосынан үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Жаңа үлгідегі ауқымды реформа өтеді дегеннен бері атқарушы органдар мен кандидаттардың алаңдағаны өз алдына, тұрғындар да кәдімгідей қобалжыған. Сарапшылардың айтуынша, кез келген жаңа бастамада қателік, жобаға жатсыну болады. Бірақ бұл реформа дұрыс әрі дер кезінде іске асты. Ұтымды шешім! «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылай жүзеге асуға тиіс. Билік пен қоғам арасында нәтижелі диалогтің басталғаны қуантады.
Кез келген сайлау өтетіні алдын ала белгілі болады. Маңызды науқанға дайындық жұмыстары ерте қолға алынады. Дауыс беру күні ұйымдастырушылар ақ тер, көк тер болып жанталасып жүргені. Мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтын тұрғындар да таңнан таңдауын жасап, белсенділік танытады. Ұйымдастыру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Дауыс беруге ниет болса жеткілікті. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтарға олардың өтініші негізінде комиссия мүшелері үйлеріне барады. Тіпті уақытша ұстау изоляторларында дауыс беру орны қарастырылған. Сонда темір тордың ар жағындағы азаматтың өзі таңдау жасап жатқанда, тепсе темір үзетін азаматтың дауыс беруден қалыс қалуы қаншалықты ақылға сыйымды?
Қоғамдағы кемшілік пен олқылық көптің көмегімен, таңдауымен түзеледі емес пе. Қазақ елінің жағдайын сырттан келіп біреулер жөндеп бермейтіні бесенеден белгілі. Елдік мәселе де көптің ұсынысымен, кез келген деңгейдегі сайлауға барып, өз таңдауын жасаумен шешілетіні анық. Демократиялық сайлау мен елдік мәселені ойлау бір-бірімен тығыз байланысты. Ендеше, сайлауда дауыс беру – әр азаматтың міндеті. Ал азаматтары немқұрайдылық танытқан қоғамның тасы өрге домаламайтыны айдан анық. Өсетін елдің азаматтары сайлауда өз таңдауын жасайтыны сөзсіз.