Қоғам • 09 Қараша, 2022

«Көгілдір отыннан» да қауіп бар

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жылыту маусымының басталғаны кеше ғана секілді еді, алайда газдан улану деректері бірінен соң бірі тіркеліп жатыр. Мәселен, Жамбыл облысында айналдырған бір айдың ішінде осындай 17 оқиға болды. Өкінішке қарай, соңы қайғылы аяқталғандары да бар. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілдері аталған келеңсіз жағдайлардың басым бөлігі тұрмыстық газды ережеге сай пайдаланбаудан туындағанын айтып отыр. Сондықтан өңірде түсіндіру жұмыстары барынша күшейтілу үстінде.

«Көгілдір отыннан» да қауіп бар

Әдеттегідей жылыту маусымы бас­­талысымен газ саласы маман­да­ры­ның жұмысы да көбейеді. Өйт­кені жеке сектордың тұрғындары газды тұтыну ережелерін дұрыс сақ­та­майды. Мәселен, көп жағдайда газ пеші мұржасының жағдайына мән бермейді. Тазаланбаған мұржа бі­те­ліп қалып, жанған газдың көзге кө­рін­бейтін, иісі сезілмейтін түтіні үй ішіне жайылады. Ал оның соңы жазатайым оқиғаларға душар етері даусыз. Сондықтан «ҚазТранГаз Аймақ» өндірістік филиалының мамандары қауіптің алдын алу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, үйлердің бірінде мұржа бітелген болса, енді бірінде пештің ақауы анықталып жатады. Мұны тұрғындардың өздері де мойындап отыр. Сондықтан олар да сала мамандарының көмегіне жү­гінгенді жөн санайды.

«Жұмысты оның қыр-сырын бі­ле­тін арнайы мамандар атқарғаны дұрыс. Өзіміздің қолымыздан кел­мей­ді. Өз бетімізше істеген күн­нің өзінде түрлі олқылықтар шы­ғып жатады. Мұның соңы жазата­йым оқиғаларға алып келеді. Өзіміз көріп жүрміз, газ саласының мамандары тұрғындарға газды тұтынудың не­гізгі талаптарын түсіндіреді, ес­керту жасайды. Осыдан нәтиже шы­ғара білуіміз керек. Кемшіліктер, не­гізінен, мұржа мен желдету арнасында кездесетінін де жақсы біле­міз. Біз жыл сайын мамандармен арнайы келсімшартқа отырамыз. Соның нәтижесінде олар орын алған кем­­шіліктерді өздері реттейді», дейді жергілікті тұрғын Нүсіпқали Нұрметұлы.

Ресми дерекке назар аударсақ, газды қолдану талаптарын сақтамау салдарынан былтырғы жылыту маусымында 98 тұрғын уланған. Биылғы жағдай да көңіл көншітіп отырған жоқ. Қазірдің өзінде 36 адам газдан уланып, оның ішінде екеуі бақилық болған. Сондықтан газ саласының мамандары: «Тұрғындар қауіпсіздікке баса мән берсе екен», деген тілектерін жеткізді.

«Газдың иісі сезілген жағдайда тұрғындардың ең бірінші міндеті – 104 нөмірі арқылы үздіксіз қызмет істейтін мекемеге хабарласу. Сондай-ақ үйдің есік-терезелерін ашып, желдету қажет. Негізі, алдын алу шаралары бойынша әрбір үйге газ иісін анықтайтын құрал орнатылуы керек», дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы апаттық диспетчерлік қызметінің басшысы Әлиайдар Жаңабеков.

«ҚазТрансГаз Аймақ» фи­лиалының қызметкерлері тұр­ғын­дарды ақпараттандыру, олардың ара­сында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мә­селен, былтыр 200 мыңнан аса түсіндірме парағын таратып, әлеу­меттік желі мен облыстық теле­арналарға қа­уіпсіздікті сақтау туралы бейнероликтер шығарған. Жалпы, өңірде 220 мыңнан аса абонент «көгілдір отынды» қолданады. Сала мамандары тұтынушыларға өздерінің қауіпсіздігі үшін ма­ман­дандырылған ұйымдармен ке­лі­сімшарт жасауды ұсынады. Яғни үйдегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді білікті маманға се­ніп тапсырған жөн.

Соңғы жаңалықтар