26 Мамыр, 2010

БАСЫМЫЗДЫ БІРІКТІРЕТІН НАҚТЫ ҚАДАМ

656 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Оқиғаға орайлас ой Қазақстан Республикасының елордасында Түркі академиясы ашылғаны – жалғыз қазақ халқының ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ қуанышы. Ол түркі бұтағынан өрбитін бауырлас халықтарға мерейін үстемдететін, абыройын асқақтататын айтулы тарихи уақиға. XXІ ғасырдың басында баянды болашаққа бет түзеген тәуелсіз қазақ елі батыл қадамдар жасап, мемлекеттігін нығайту ісінде жер жаhанға үлгілі жол көрсете алды. Елдігіміз нығайып, егемендігіміз бекіді. Жақындағы көрші мен алыстағы ағайынның бәрі қазақ­стандық даму жолының өзіндік ерекшелігіне тамсана сүйсінді. Еуразия кіндігінде жаңа мемле­кетті құру секілді қара нар төзе алмайтын ауыр жүктің салмағы біз­дің буынға түскені – бір жағынан, ұрпақ алдында зор мақтаныш пен мерей, екіншіден, тарих алдында үлкен міндет пен жауапкершілік еді. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бастаған қазақ қоғамы аз уақыттың ішінде досын сүйіндірді, дұшпанын күйіндірді. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген бабамыз осындайда. Елбасы өзінің көреген саясаты арқылы тәуелсіздігімізді мығымдау үшін көршімен тату болуға, тамырлас туысқан халық­тар­мен бірлікте амал-әрекет істеуге, адамзаттың бәріне бауырмалдық көңілмен қарауға шақырды. Бүгінгі тірлігіміз сабырлы саясаттың жемісіндей, кемеңгерліктің өзіндей болып отыр. Тарихы бір, тамыры ортақ түркі тектес ұлттар мен ұлыстар XXІ ға­сыр­дың басында жаңа сапалық деңгейде интеграцияланудың, мә­де­ни, рухани жағынан жақын­да­су­дың, түркілік өркениетті бірлесе таныту ісінің мүмкіндігіне ие бол­ды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия кеңістігінде түркі тектес мемлекеттердің пайда болуы түркілік рухты жаңғыртқаны, түркілік мәдениетті әлемге таныс­тыруға жаңадан жол ашқандығы айғақ. Осы орайда Қазақстан мем­лекеті түркі халықтарының басын біріктіру үшін жасалып жатқан барлық игі іс-шаралардың бел ор­тасында болды, көбінің  ұйытқысы атанды. Н.Ә.Назарбаевтың баста­ма­сымен Астана қаласында шаңы­рағын көтеріп отырған Түркі  академиясы, сөз жоқ, осы жақсы істердің ішіндегі ең бір ғаламаты әрі үлкен жетістік пен абырой әкелетін кереметі. Мұндай ғылыми, мәдени, шығармашылық орталық түптің түбінде бір ашы­ла­тыны сөзсіз еді. Ал оның байырғы сақтар мен ғұндардың, Түркі қаға­наты мен Алтын Орда империя­ларының қара шаңырағында қал­ған, олардың ата қонысына ие бо­лып отырған қазақ жерінде ашыл­ғандығы тегін емес секілді. Күллі түркі әлемінің тілдік, әдеби, руха­ни, мәдени құндылықтарын зерт­тей­тін қабырғалы орталықтың жұ­мыс істеуі қазаққа ғана емес, түркі әлеміне түгел абырой әперетін игі шара деп білеміз. Кешегі кеңестік заманда түркі халықтарының тарихын зерттейтін іргелі орталық Мәскеу қаласында жұ­мыс істегені мәлім. Ол орта­лық­тың беделді ғылыми журналы жүйелі шығып тұрып, түркология мәселесінде тамаша жаңалықтарға қол жеткізгенін мойындаймыз. Кейінгі уақытта түркі халық­тары­ның тарихын зерттеу ісінде Қытай, Жапония, Америка Құрама Штат­тары, Батыс Еуропа мемлекеттері аса үлкен қызығушылық танытып отыр. Біздің көптеген мәдени, әдеби, деректі құндылықтарымыз, ескі дәуірден қалған кітаптарымыз, жәдігерлеріміз бүгінгі таңда Еуропа мен Американың кітапхана­ла­рында, мұражайларында сақталып отырғанын ескерсек, оларға түркі халықтарының тарихын зерттеуге мүмкіндік мол екендігін мойын­дай­мыз. Алайда біздің тарихымызды жатжұрттықтар өздерінің идеоло­гия­лық көзқарастары аясында баға­ласа, ол зерттеулер біржақты болып шығатыны, түркі халықтарының ұлттық сұранысына жауап бермей­тіні түсінікті. Түркі тамырлас халықтар бай тарихын өздерінің ғалымдарын жұмылдыру арқылы зерделеу керек екені айдай анық ақиқат. Ол істе кешігуге тағы бол­майды. Жоғарыда көрсеткеніміздей, біздің басымызды біріктіре қоятын ниеттестерімізден гөрі, берекеміздің артқанына іштарлық танытатын жат пиғылдылар көп. Бірақ біз оған мойымауымыз керек. Қайта кез келген заманауи қайшылықтарға төтеп бере алатын ынтымақ-бір­лі­гімізді, тату тірлігімізді көрсетуге тиістіміз. Түркі халықтарына бөліп жара­тын ештеңе жоқ. Олар кезінде бір кеңістікте, бір мемлекеттің құ­рамын­да, бір салт-дәстүр, мәдениет ұстанып, бір тілде сөйлеген халық еді. Тағдыр толқыны түркі халық­тарын бір-бірінен алшақтатып, әр кезеңде кейбірін араздастырып, кейбірін жақындастырып қойды. Әмір Темір мен Баязит сұлтан, Тоқ­тамыс хандар соғыспағанда бүгінгі күні түркі халықтарының мерейі қандай болар еді? Әрине, біз тарихты одан тағылым алу үшін ғана оқимыз. XX ғасырда тәуел­сіз­дік туын алғаш көтерген Анадо­лы­дағы түрік бауырларымыз Орталық Азияда түркі халықтары егемендігін жариялаған кезде бірінші болып қуанды. Османдық түріктер қиын-қыстау кезеңдерде түркі ағайын­дарына қолұшын беріп, олардың жетістіктеріне риясыз қуанды, табыстарын өздерінің табыстары деп санады. Әманда солай болмақ. Қазақстан Республикасы Түр­киямен, күллі түркі жұртшылы­ғы­мен ынтымақта түркі әлемін зерт­тейтін орталықты ашып отыр­ғаны – түркілердің басын бірік­тіре­тін нақты қадам, маңызы жоға­ры ұлы іс. Ендеше, келешекте де осындай игі шаралар төңірегінде басымыз біріге берсін. Ш.ЫБЫРАЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.