Аймақтар • 09 Қараша, 2022

Алматы полициясы тұрғындардың сомакатпен жүрмеуін сұрады

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы полициясы азаматтардан қыс мезгілінде электронды самокат секілді мобильді шағын көліктерді пайдалануды шектей тұруларын сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы полициясы тұрғындардың сомакатпен жүрмеуін сұрады

Полицияның пайымдауынша, қыс мезгілінде мұндай көлік құралдарымен жүру пайдаланушылар үшін де, жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін де қауіпті. 

«Алматы қаласының полицейлері аталған көлікті қыс мезгілінде пайдаланбауға кеңес береді. Өйткені ол жаңбыр мен қарда пайдалануға жарамайды. Сонымен қатар бұл құрылғылар жол қозғалысы кезінде айналасындағыларға қауіп төндіреді», дейді полицейлер. 

Бірақ қазіргі уақытта заңнамада мұндай құрылғыларды қысты күні жолдарда пайдалануға ресми түрде шектеу жоқ. 

Алматы қаласы әкімдігінің қалалық мобильділік басқармасы жанындағы велоинфрақұрылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Александр Габченко Алматыда микромобильді көлік түрлерін пайдаланушылар саны күннен-күнге артып келе жатқанын айтты. Бірақ ол қаланың инфрақұрылымы микромобильді көлік түрлері үшін толық бейімделмеген деп есептейді. 

«Қазір қала бойынша микромобильді құралдармен жүретіндер саны көбейіп келеді. Жылдың қай мезгілі болсын мұндай қозғалыс ағыны тоқтаған емес. Алматыда велосипедтер үшін инфрақұрылым қаншалықты нашар болса да, адамдар оны пайдаланады. Біз мұны күн сайын өз көзімізбен көріп жүрміз. Біздің қаламыздағы басты мәселе - велосипед инфрақұрылымының сапасыздығы. Бұл, әсіресе, ауа райы суық мезгілде қатты байқалады», дейді Александр Габченко. 

Сондықтан ол микрокөлік пайдаланушыларына лайықты инфрақұрылым жасалуы керек деп есептейді. Тым болмағанда велосипед жолақтарын құм мен тас және арнайы себілетін тұздан уақытында тазалап отырса да мәселе шешімін табуы мүмкін деген болжамын айтты. 

«Ал скутермен жүретіндерге жаяу жүргіншілер жолына түсуге болмайды. Бірақ мемлекет пен қала басшылығы оларға қауіпсіз жүру үшін ешқандай балама жасап бере алмай отыр», дейді А. Габченко. 

Бұған дейін Алматыда веложолдарды жаяу жүргіншілер аймағынан бөліп тұрған баллардтар алынып тасталды. Кейін Алматы әкімдігі бұл жағдайды түсіндіріп берген. Олардың айтуынша, мұндай қадам жолдарды қардан толық тазарту үшін  жасалған. Сол себепті, коммуналдық көліктерге ыңғайлы болу үшін жыл сайын қарашадан ақпанға дейін боллардтар алынып тасталады.