Қоғам • 09 Қараша, 2022

Қазандықтан ақау шықты

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Алтайдың қойнауында жатқан Риддер қаласының қысы да мінезді. Қарлатып, борандатып тұрады. Сақылдаған сары аязы тағы бар. Сондықтан да жылу жүйесі басшылық пен мамандардың үнемі назарында болуы керек еді. Алайда «Риддер-ЖЭО» АҚ-дағы төтенше жағдайға байланысты 22 мыңнан аса абонент үшін жылу беру азайтылды.

Қазандықтан ақау шықты

Қыс қыр астында. 5 қара­ша күні кешкі сағат 20:00-де жылу қазандығының күл шы­ғару жүйесіндегі стансада сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Нәтижесінде, салқындатқыштың тем­пературасы +39°С дейін тө­мен­­деп кеткен. Айта кетсек, қа­лыпты температура мөл­ше­рі +70°С еді. Орын ал­ған ол­қылыққа байланыс­ты шұ­ғыл түрде штаб құрылып, ма­ман­дар мәселені шешу жолын қарастырып жатыр.

– Шұғыл түрде менің басшы­лы­ғыммен апатты жою жөніндегі штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ жылу стансасына Согра және Өскемен ЖЭО, «Өскемен жылу желілері» АҚ мамандары келді. Қа­зіргі уақытта күл шығару жүйе­сін­де қозғалтқышты ауыс­ты­ру, іске қосу-реттеу жұ­мыс­тары жүргізілуде. ЖЭО-ға қо­сымша 120 тонна мазут жет­кізілді, отынды жөнелту жал­ға­суда, – дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Сонымен қатар апатты жағ­дай­ды жою үшін «Қазақмыс» ЖШС ЖЭО-ға 20-дан аса қыз­меткер жіберіп, жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді. Одан бөлек көмек ретінде Өскеменнің «Вос­ток­взрывпром» ЖШС-ның 20 қыз­­меткері келді. Қаланың энер­го­­жүйе­сінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін «Біріккен Энерго­Сер­­вистік Компаниясы» АҚ Рид­дерге 12 апаттық бригада жі­берді. Риддер қаласының білім бөлімі басшылығының бұй­рығымен 7-11 қарашадан бастап мектеп оқушылары қа­шық­тықтан оқыту формасына көшті. Қаланың мек­тепке дейінгі мекемелері де уа­қыт­ша жұмысын тоқтатты.

– Білім ғимаратында жылу әлі тарқай қойған жоқ. Бірақ оқушыларды қашықтан оқуға жібердік. Оқу орнында онлайн оқыту платформасы жұмыс істеп тұр. Шаруашылық қызмет­кер­лері күшейтілген режімде жағдайды қадағалап отыр. Қа­лада жағдайға байланысты штаб құрылыпты. Білімді, білікті мамандар келіп, ақауларды ретке келтіріп жатыр деген хабарды естіп отырмыз. Іскерлік танытса, мәселе оңынан шешіледі, – деп сенім білдірді Риддер агротехника колледжінің директоры Сұңқар Асқарұлы.

Ресми ақпаратқа сенсек, «Та­би­ғи және техногендік сипат­тағы төтенше жағдайлардың сынып­тамасын белгілеу тура­лы» Үкіметтің 2014 жылғы 2 шілдедегі №756 қаулысына сәй­кес бұл апат­тық жағдай жер­­­гілікті ауқым­дағы тө­тенше жағдай деп жікте­ле­ді. Облыс бас­шылығының мәлі­метін­ше, жағдай ерекше бақы­лау­да. Риддер қаласын жылумен жаб­дықтауды қалпына келтіру бо­йынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр екен. Ал тұрғындар бұл қазандықтың Кеңес үкіметі тарқағалы күр­делі жөндеу көрмегенін айтады.

– Екінші күннен асты, үй суып кетті. Жылы су жоқ. Үйді электр энергиясымен жылытып отырмыз. Электр энергия­сын көп пайдаланғандықтан, энер­гия компаниясынан да ақау шығуы мүмкін. Мектеп пен бала­бақша жабылды. Яғни бала үйде, ата-ана жұмыста. Өрт шығып, қайғылы жағдай болмаса екен. Қауіпті. Ата-ана­ның бірі жалақысын сақтай отырып, балаларға қарау керек. Оның үстіне ел тұмауратып ауырып жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, әкімнің ауызша бұй­ры­ғымен бала­бақшалар, мектептер алдын ала жыл соңына дейін жы­лу­ға төлеп тастаған. Алмаған қыз­мет үшін қалай ғана алдын ала ақша төлеген?! Түсініксіз. Жалпы, Риддер қа­­зандығының 98 пайызын жөн­­деу керек деп мамырда айтылған. Бұл қазандық Ке­ңес үкіметі тарағалы күрделі жөндеу көрмеген. Алай­да біз­дің басшылық қыруар қар­жы жұмсап, орталық алаңды жөндеді. Ешкімге қажеті жоқ тоғайдың арасына жа­рық тартты. Бюджеттің қаржы­сын мақ­сатсыз жұмсап жатыр деген осы. Суықта дірдектеп отыр­ға­нымыз – жемқорлықтың, өтірік цифрдің, өтірік есептің арқасы, – дейді Риддер қаласының тұрғыны Назар Асаинов.

Иә, айтса айтқандай-ақ. «Қой­­­шы­ның қызы қой келгенде іс тігеді» демекші, біз­дің жақта қара күзде жол жөн­деу жұмыстары басталады, құ­бырлары ауысады, жылу қа­зан­дықтары да қыс келгенде істен шығады. Қыс қамын жаз ойлап қоюға болар еді ғой. Білеміз, айтуға оңай. Дей­тұр­ған­мен, жа­уап­кершілік сезіне бер­мейміз кейде. Оның үстіне Рид­дердегі дәл осы мәселе төрт-бес жылдан бері кө­те­рі­ліп келе жатқан көрінеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы