Елорда • 09 Қараша, 2022

Астанада жаңа көше ашылады

383 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12 қарашада А91(Қордай) көшесінен Астана – Қарағанды тас жолына дейінгі учаскеде А62 көшесі бойында қозғалыс ашылады. Бұл көше Қарағанды тас жолы, «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы, сол сияқты қаланың сол жағалауы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада жаңа көше ашылады

Нәжімеденов, Байтұрсынов көшелеріндегі көлік кептелісі сейіледі. Сол сияқты Қошқарбаев даңғылы, Айнакөл көшесі, Абылайхан даңғылы, Қобда көшесі және тағы басқа көшелердегі қозғалыс реттеледі.

А62 көшесі – 8 жолақты. Қазір аталған көшедегі жұмыстардың бір бөлігі аяқталды. Осылайша 4 жолақ бойынша қозғалыс ашылды. Қалған 4 жолақты абаттандыру жұмысы көктемде жалғасады.

Осыған дейін Ұлы дала бойындағы жаңа көпірдің үстінде қозғалыс ашылған болатын. Ұлы дала даңғылындағы көпір Мәңгілік ел даңғылын, А.Байтұрсынұлын, Р. Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелерін, Nova City ауданын, «Мыңжылдық» аумағында көлік ағынын сейілтті. «Нұрлы жол» жаңа вокзалына, Телман және Промышленный елді мекендеріне, МЕТРО гипермаркеті ауданына, Жұмабаев даңғылына, Жүргенов көшесіне және т.б. жүру мүмкіндігі жасалды.

Тағы бір көлік қозғалысына арналған көпір (Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылының бойында) 2023 жылы ашылады. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары елордада 400-ден астам көше жөнделді, олардың жартысы елді мекендерде орналасқан.