Спорт • 09 Қараша, 2022

Мықтылар Мексикада айқасады

272 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

13-20 қараша күндері Мексиканың Гвадалахара қаласында таэквондодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Осыған дейін де бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізген біздің спортшылар қазіргі кезде көне ацтектер елінде соңғы даярлықтарын пысықтап жатыр. Ұлттық командамыздың бас бапкері Батырбек Есдәулетовтің айтуынша, отандық даян шеберлерінің көңіл күйлері көтеріңкі. Ал спортшылардың өздері алдағы жауапты жарыста жүлде алу үшін барын салатындарын мәлім етті.

Мықтылар Мексикада айқасады

Спорттың бұл түрі бо­йын­ша Қазақстан құрамасы тәуел­сіздік алған кезден бері әлем чем­пионаттарына үздіксіз қа­тысып келеді. Бірақ аталған 10 жа­рыстың барлығында «сәт­ті өнер көрсеттік» деп айта ал­май­мыз. Әсіресе алғашқы кез­дері өз әлеуетімізді паш ете ал­май, қалың топтың арасында қа­лып қойып жүрдік. Атап айт­сақ, 1993 жылы Нью-Йорк, 1995 жылы Манила және 1997 жылы Гонконгта өткен дүбірлі дода­лар­да таэквондошыларымыз те­гіс­тей ұтылып, жанарымызбен жер шұқып қалдық.

1999 жылы Канаданың Эд­монтон қаласында қазақ жан­күйер­лері алғаш рет медальдің сың­ғырын естіді. Үйеңкі жа­пы­рақтар елінде 84 кило салмақ­тағы Әділхан Сағындықов та­быс­ты өнер көрсетті. Бастапқы бәсе­келерінде барлық қар­сы­ласын сыпыра ұтқан Сұлтан­мах­мұт Шоқпытовтың шәкірті тек жартылай финалда сү­рінді. Нәтижесінде Әділхан гер­ма­ниялық Файссал Эбноуталиб­пен бірге жеңіс тұғырының үшінші сатысында қатар тұрды. Ал бас жүлде ирандық Маджид Афлакиге бұйырса, түркиялық Ясин Ягиз күміспен күптелді.

2001 жылы Оңтүстік Ко­рея­ның Чеджу қаласынан қор­жынымыз бос қайтса, 2003 жылы Германияның Гармиш-Пар­тенкирхерінде Лия Нұркина жүлдегерлер қатарына қосылды. 67 кило салмақта сынға түскен қазақ қызы неміс жерінде Оң­түстік Кореяның жұлдызы, Олим­пия ойындарының жеңімпазы Ли Сон Хи мен хорватиялық Сан­дра Шаричтен қалып қой­ды. Екінші қола медальді грекия­лық Элисавет Мистакиду енші­леді. 2005 жылы Мадридте отандас­тарымыз олқылық танытты.

Қазақ елінің таэквондо­шы­лары үшін  2007 жыл аса та­бысты болды. Білікті бапкер Мақ­сұт Нарбаев тізгінін ұстаған жер­лестеріміз өз тарихында тұңғыш рет үш жүлде алды. Оған дейін де, одан кейін де біздің ұл-қыздар осындай елеулі көрсеткішке қол жеткізе алған жоқ. Тарқатып айт­сақ, Бейжіңдегі бәсекеде Назгүл Тәжіғұлова (51 кило), Аслан Батықұлов (54 кило) және Арман Шылмановтың (84 кило) асығы алшысынан түсті. Олардың үшеуі де қола медальді иеленді.

2009 жылы Копенгагенде Арман Шылманов қатарынан екін­ші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Дания­ның астанасында ол аса ауыр салмақта айқасты. Бұл жарыста Ма­лидің марқасқасы Даба Мо­дибо Кейт қарсылас шақ келтір­месе, екінші орынды кореялық Нам Юн Бай иемденді. Тағы бір қола ирандық Хоссейн Тажиктің қоржынына түсті. Өкінішке қарай, одан кейінгі үш жарыста таэквондошыларымыз сенім үде­сінен шыға алмады. 2011 жылы Кенджу (Оңтүстік Корея), 2013 жылы Пуэбла-де-Сарагоса (Мексика) және 2015 жылы Челя­біде (Ресей) жалауы желбіреген жарыстарда жерлестеріміз жер сипап қалды.

Соңғы екі жарыс жайында толығырақ баяндайтын болсақ, 2017 жылы Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында жалғыз ғана Қайрат Сарымсақовтың (74 кило) жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Соған дейін Азия чемпионатында екі рет және Азия ойындарында бір рет үшінші сатыға табан тіреген қандасымыз бұл жолы да дәл сол межеде көрінді. Қайрат тек ре­­сейлік Максим Храмцов пен өз­­бекстандық Никита Рафа­ло­вичті алға жіберді. Екінші қола – ирандық Масуд Хаджи-Заве­рехтің еншісінде. Таң самалы елінде жарыс қожайындарына тең келер команда табылмады.

10 жүлдені (5 алтын+1 күміс+4 қола) олжалаған Оңтүстік Ко­рея­ның оғландары жалпы­ко­мандалық есеп­те көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Түркия (2+1+0) мен Сербия (2+0+0) өз­ара бөлісті. Төртінші сатыға Ре­сей (1+4+2) табан тіресе, үздік бес­тікті Ұлыбритания (1+1+5) түйіндеді.

2019 жылғы әлем чемпионатын Ұлыбританияның Манчестер қаласы қабылдады. Бұл жолы да Қайрат Сарымсақов (74 кило) сенім үдесінен шықты. Ита­лияның мықтысы Симоние Алесио мен Иорданияның тари­хындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Ахмад Абугаушты ғана алға жіберген ол қатарынан екінші жарыста қола медальді мой­нына ілді. Өкінішке қарай, өзге спортшыларымыз Қайрат­тың көрсеткішін қайталай алма­ды. Тұманды Альбион елінде де Оң­түстік Корея (4+1+2) озды. Бірақ бұл жолы жарыс қо­жайын­дары (3+0+1) оларға әжеп­тәуір қарсылық көрсетті. Қытай (2+2+3) мен Таиландтың да (2+0+1) қарқыны қуантты. Сон­дай-ақ Манчестердің көгін­де Ресей (1+2+1), Түркия (1+1+2), Әзербайжан (1+0+1), Куба (1+0+0) және Италияның (1+0+0) әнұрандары шырқалды. Тағы бір айта кетерлік жайт, Ұлы­британияда Бразилия – бес (0+2+3), Мексика – төрт (0+3+1), Хор­ватия – төрт (0+0+4) және Иран үш (0+2+1) жүлдеден олжа­лағанымен, олар алтын медальдің аздығынан озық командалардың қатарына қосыла алмады.

Ал санаулы күндерден кейін Мексиканың Гвадалахара қаласында шымылдығы түрілетін байрақты бәсекеде Қазақ елі намысын мына таэквондошылар қорғайды: Ерлер – Темірлан Тілеулес (54 кило), Самирхон Абабәкіров (58 кило), Камран Нұрадинов (63 кило), Алмат Қожахмет (68 кило), Нұрқанат Қожахмет (74 кило), Рақым Әділ­ханов (80 кило), Смайыл Дүйсебай (87 кило) және Руслан Жа­паров (+87 кило). Әйелдер – Рита Бәкішева (46 кило), Ботагөз Қапанова (49 кило), Әзи­за Қаражанова (53 кило), Камила Аймұқашева (57 кило), Жадыра Хайруллина (62 кило), Нұрай Құсайынова (67 кило) және Жансель Дениз (+73 кило).

Әлем чемпионатының ТОП-15 командасы

(1973-2019 жылдар аралығы)

Командалар

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Оңтүстік Корея

171

32

36

239

2.

Испания

22

26

63

111

3.

Қытай

15

27

38

80

4.

Түркия

15

21

33

69

5.

Иран

14

21

22

57

6.

АҚШ

13

21

49

83

7.

Қытай

12

13

16

41

8.

Ұлыбритания

7

8

8

23

9.

Германия

6

12

34

52

10.

Франция

6

11

17

34

11.

Таиланд

6

6

15

27

12.

Мексика

4

30

34

68

13.

Нидерланд

4

5

16

25

14.

Куба

4

3

8

15

15.

Әзербайжан

4

1

10

15

Әлем чемпионаттары тарихында 33 мемлекеттің әнұраны шырқалып, барлығы 73 елдің туы көкте желбіреді. Қоржынында 8 қола медалі бар Қазақстан құрамасы сол тізімде 48 орынды қанағат тұтып отыр.