Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім ауылым.
Шабытымның асқары,
Самғаушы еді ауылым.
Жастығымның куәсі,
Шұрқыраған ауылым.
Жусаны мен жуасы,
Бұрқыраған ауылым.
Биік-биік шың, құзға,
Құмар қылған ауылым.
Бүлдіршіндей бір қызға,
Сыңар қылған ауылым, –
деп басталатын шуақты шумақтар тыңдаушының жан-жүрегін елжіретіп, адамның қайта бір оралмас сезімдерін оятып, тұңғиыққа тартып әкететін ғажайып бір күші бар.
Бұл туындының музыкасын белгілі композитор Теміржан Базарбаев шығарса, сөзін ақын Жабайыл Бейсенов жазған. Теміржан ағамыз Алматы консерваториясын бітірген кәсіби композитор. Ол ән ғана емес, «Ботагөз», «Жетісу» атты симфониямен бірге ұлт аспаптық оркестріне арнап «Отан таңы», «Қалың елім, қазағым» атты поэмалар жазған. Ата-анасынан жастай жетім қалып, балалар үйінде өскен өреннің өнерге келуіне Нұрғиса Тілендиев пен Бекен Жылысбаев тікелей себепкер болыпты. Композитордың жерлесі, көрнекті ақын Сәкен Иманасов бір ән арқылы елдің есінде қалған сазгер туралы естелігінде былай дейді: «Теміржан Базарбаев – біздің елден шыққан әйгілі композитор. Көп сөзге жоқ, өзімен өзі болып, үндемей жүре беретін, көзге түсіп қалсам дегенді мүлдем ойламайтын қарапайым да момын қалпында тірлік кешті. Қалың елі қазағы, әсіресе, оның «Ауылым» деп аталатын әнін жақсы көрді. Бұл әнді білмейтін, ас пен тойда нәшіне келтіре, әлдебір сағыныш, ішкі аңсаумен көзіне жас ала отырып жұртқа қосыла сызылта шырқамайтын адам кемде-кем. Басқасын білмеймін, әйтеуір біздің жақта солай. Ғұмырымда бір рет «әу» деп көрмеген менің өзім де Теміржанның «Ауылымын» тыңдағанда көңіліме қай-қайдағылар оралып, егіліп, елжірей түсіп отыратыным, өзгелерге ілесе іштей де болса ыңылдап кететінім бар.Теміржан шын мәнінде үлкен сазгер еді. Білетіндердің, мамандардың айтуынша ол әсіресе музыканың симфония сияқты күрделі жанрына келгенде мықты болыпты. Ол жағын мен жетік білмеймін. Менің білетінім, қайталап айтам, Теміржанның назды да сазды «Ауылым» әні».
Әнебір жылы белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлымен бірге қазіргі Абай облысы Үржар ауданына жолым түсті. Сонда Несіпбек ағамыз аудан орталығында тұратын қарт ақын Жабайыл Бейсеновке сәлем бере барып, біраз әңгімелесті. Бірақ мен бұл кісінің біз сөз етіп отырған әннің сөзін онда бейхабармын. Оны маған сөз арасында Несіпбек аға айтты. Жабайыл аға қарапайым, кеңқолтық азамат екен. Ұзақ жылдар орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. «Ауыл әуендері», «Алтын бесік – ауылым», «Алакөлім – аяулым», «Күнгейім менің», «Балалық қызық, бал күндер», «Тасадағы тұма», «Жырлайды жылдар» атты жыр кітаптарымен бірге бірқатар ән мәтінін жазған. Алайда оны жұртшылық «Ауылым» әнінің өлеңін жазған ақын жақсы біледі. Бұл өлеңнің тууының өзі тарих. Ол жайында автор бір сұхбатында: «Бұл артта қалған елімді, жастық шағымды еске алып, сағынып жүргенде туған өлең ғой. Бірде үйге белгілі әнші, атақты «Хасен-Жәмила» көркем фильмнің бас кейіпкерін бейнелеген Абылай Түгелбаев келді. Өткен-кеткенді айтып, шер тарқатыстық. Бір кезде ол: «Жабайыл, сен Шыңжаңда жүргенде әжептәуір ақын едің. Осы жаққа келгелі үнің шықпайды ғой», – деді. Мен: «Оның рас, денсаулығым да, көңіл күйім де болмай жүр. Бір елден бір елге көшу оңай дейсің бе!? Көңілім ойпыл-тойпыл», – дедім. Үстел үстінде жатқан қағаздарды қарап отырғанда көзіне төтеше жазылған осы өлең түсті. «Япырай, Жәке, мына өлеңің әнге сұранып тұр екен. Мен осыны жазғанынан бәленше деген (атын ұмыттым) композиторға берейінші», деп алып кеткен. Кейін әлгі айтқан композиторы емес, Теміржан Базарбаев ат-түйедей қалап алыпты. Бұл 1972 жыл еді. Келесі жылдан бастап, Ришат Абдуллин радиодан айта бастады» депті.
Міне, халқымыз үшін «алтын бесік» саналған ауылдың бар асылын жырлаған туындының жарыққа шыққанына елу жыл толыпты. Содан бері бұл ән қаншама талапты жасқа қанат бітіріп, арманын ұштады. Өзім де кейде осы әнді тыңдаймын. Сонда көз алдыма бала кездегі ауылымның берекелі кезі елестеп, сол қызыққа толы шақтарға қиялмен сапарлап қайтамын. Әннің құдіреті деген осы шығар!