Бүгін – тарихи күн. Бүгін Еуразия сынды алып құрлықтың орта белдеуін мекен еткен үш үлкен мемлекет өз тарихының жаңа парағын ашады: елордамыз Астанада Беларусь, Ресей және Қазақстан президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа қол қояды. Осы оқиғаның қарсаңында біз үш мемлекеттің үкіметтеріндегі интеграция мәселелерімен айналысатын, Шарт жобасын жасауға тікелей қатысқан адамдармен – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен (25 сәуір), Беларусь Республикасының Еуразиялық экономикалық комиссиядағы мүшесі Сергей Румаспен (27 мамыр) және Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шуваловпен (28 мамыр) сұхбаттар жариялаған болатынбыз. Ендігі кезек Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының Төрағасы В.Б.Христенкоға келіп отыр.
Сұхбат мәтінін оқырман назарына ұсынардың алдында Еуразиялық экономикалық комиссия туралы аз-кем мағлұмат бере кеткен артық болмайды деп ойлаймыз. ЕЭК – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің тұрақты түрде жұмыс істейтін ұлтүстілік реттеуші органы. Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы және Қазақстан Республикасы президенттерінің шешімімен құрылған бұл орган 2011 жылғы 18 қарашадағы «Еуразиялық экономикалық комиссия туралы» және «Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысын реттеу туралы» Шарттардың негізінде жұмыс істейді. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске бағыныстағы ұлтүстілік басқару органы мәртебесіне ие. ЕЭК-нің басты міндеті – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі мен дамуына қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, осы бірлестіктер аясындағы ықпалдастық жөнінде ұсыныстар әзірлеу, 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақты құруға қажетті макроэкономикалық және сыртқы экономикалық жағдайларды жасау.
Комиссия бұл міндеттің үдесінен шықты дей аламыз. Оның нақты дәлелі – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шарттың алдын ала белгіленген уақытқа дайын болуы. Кеше, 28 мамырдағы түс әлетінде Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы В.Б.Христенко Мәскеудің «Россия 24» телеарнасына сұхбат берді. Сұхбатта Қазақстан тауарларының Кеден одағы елдеріне экспорты еселеп артқаны нақты сан көрсеткіштерімен айтылды. Ресей телеарнасындағы әңгімеде бүгін қол қойылатын Шарттың жалпы көлемі қосымшаларымен бірге есептегенде 1000 беттен асып кететіндігі де еске салынды. Әрине, оның әр парағына елдердің талай жылдар бойғы тағдырын айқындайтын қағидалар қосылып, мол мәліметтер қамтылғаны күмәнсіз. Газеттің 3-ші бетінде осы жұмысты үйлестірудің соңғы белесінде алқаға басшылық жасаған В.Б.Христенконың сұхбаты жарияланып отыр. Сұхбатты ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне алғысымызды айтамыз.
– Құрметті Виктор Борисович! Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа Астанада қол қойылатыны заңдылық деп білеміз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын жаңаша негіздеудің авторы болып табылатыны баршаға белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде осы ұсынысты ортаға салған кезде оны жүзеге асыруға ондаған жылдар кететінін айтқан еді. Әу бастағы мақсатқа айналасы 20 жылдың ішінде қол жетті. Ең бастысы, еуразияшылдық теориясы нақты іске ұласа бастады. Бұл қалай жүзеге асырылды?
– Иә, көптен күткен күнге де келіп қалдық. Президенттер саммитінде талайдан ойластырылған істің заңдық тұрғыдан ресімделуі жасалады. Бұл – жиырма жылдық жолдың биік белесі. Аяқ астынан қолға алынған шаруа емес. Жиырма жыл бұрын бұл идеяны алғаш рет Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған болатын. Осы жылдар ішінде біздің елдеріміздің бірігу үдерісі біресе баяу, біресе жылдам жүріп жатты. Енді бұл одақ өте маңызды пішінге ауысқалы отыр. Бұл одақ – экономикалық одақ. Мұның өзі өте мәнді жай. Ол тек экономикалық салаларды ғана қамтиды. Оның біз біраз жылдан бері қарқынды түрде жүргізіп келе жатқан жұмыстың негізінде құрылатыны өте жақсы. Үш жылдан бері Кеден одағы жұмыс істеп тұр. Содан бері біздің елдеріміздің арасындағы кеден шекаралары жойылған, тауарлар қозғалысына енді ешқандай кедергі жоқ. 2012 жылдың 1 қаңтарынан біз Біртұтас экономикалық кеңістік үшін жағдай жасауды бастаған едік. Яғни, оның шеңберінде тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігіне қол жеткізілген. Еуразиялық экономикалық одақ осы арқауды негізге ала отырып құрылуда. Яғни, ЕЭО бұған дейін Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі жетістіктерге арқа сүйейді. Бұдан былай адамдар ешқандай квотасыз-ақ қалаған елінде жұмыс істей алатын болады. Сонымен бірге, бірқатар жаңа салалар да қосылды. Бұл энергетика, көлік, фармацевтика, медицина жабдықтары сияқтылар. Бұрын мұның бәріне арнайы рұқсат қажет болатын. Соған орай өзара келісілген өнеркәсіп саясаты деген ұғым да орныға бастады. Демек, біз өз дамуының стратегиясын айқын көре алатын экономикалық одаққа қол жеткізгелі отырмыз. Ол одақ ұлттық стратегияларды, мысалы, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын дамытады, оны жүзеге асыруға мол мүмкіндіктер ашады. Қысқасы, Еуразиялық экономикалық одақтың жобасы өзінің қисынды кезеңіне келді дей аламыз. Әрине, бұл интеграцияның ең биік пішіні болмас, бірақ едәуір жоғары пішіні. Осы бағытта біздің бәріміз әлі талай іс тындыруымыз керек, бірақ осы белестің өзі өте үлкен белес болып тарихымызға енеді.
– Сіз кейінгі кезде басқарған Коллегия Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі Шарттың жобасын дайындау бойынша қыруар жұмыс атқарды. Осы жұмыстың қандай белестерін бөле айтуға болар еді?
– Экономикалық одақты құру мәселелерін талқылауда ең негізгі пікір иелері үш елдің басшылары болғанын басын ашып айту керек. Барлық басты, қағидатты мәселелерді үш президент бірлесе шешіп отырды. Ал енді Шарт жобасын жасау жөніндегі жұмыстың көлеміне келейік. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы Шарт дегеніміз не? Шарт дегеніміз шамамен мың беттей құжат, онда 32 қосымша бар. Бұл өз-өзінен дүниеге келе қалған құжат емес, пікір алыса, айтыса, таласа-тартыса жүріп жасалған құжат. Оны жасау барысында әр ел өзінің ұстанымдарын барынша қорғады. Құжатты дайындау барысында енді бес, он, он бес жылдан кейін не болады, біз неге қол жеткіземіз деген сұрақтарға жауап ізделді. Шартта қуат рыногы, мұнай, мұнай өнімдері, газ сияқты күрделі мәселелер қамтылды. 2025 жылға дейін осы салалар бойынша ортақ рынок құрылатыны көзделді, сол кезде елдер бір-бірінің рыногына емін-еркін ене беретін болады. 2019 жылдан кешіктірмей энергетиканың ортақ рыногы да құрылуға тиіс. Мұның өзі қазақстандық энергетиктер үшін өте пайдалы. Айталық, сол кезде Екібастұз энергетиктері Ресей және Беларусь рыноктарында өз өнімдерін қазіргіден әлдеқайда еркін сата алады. Мұның бәріне ұзақ уақыт ақылдасудың, керек жерінде таласып алудың арқасында қол жетті. Сондықтан бұл жұмыстың барлық белестері маңызды деп айта аламын.
– Шартта қамтылмай қалған мәселелер де бар ғой?
– Мүмкін болғанынша кең аядағы мәселелер қамтылды. Сонымен бірге, «кадрдан тыс» қалып қойған жайлар да бар, әрине. Олар да маңызды. Бірақ оларға кейінірек қайта оралуға тура келеді. Мысалы, алкоголь мен темекі өнімдері сондай болып шықты. Бұған дейін ортақ рынок құру пішімінде бұл жөніндегі мәселелердің шешімін табудың сәті түскен жоқ. Акциз саясатын, салықтың көлемін келісу керек болды. Мәселенің күрделілігіне байланысты оларды қарастыру елдердің үкіметтеріне тапсырылды. Реттелгеннен кейін қайтадан қаралады. Әуел баста Шарттың аясында қамтылуға тиісті деп ойластырылған, бірақ «борттың сыртында» қалып қойған мәселелер де жеткілікті. Мемлекеттер басшылары экономикалық одақ туралы құжаттың аясында гуманитарлық жайлар, мысалы, білім беруге, медициналық қызмет көрсетуге, зейнетақымен қамтуға қатысты мәселелер еңбек миграциясының еркіндігіне байланысты тұстарда ғана қалдырылғаны жөн деп шешті. Ондағы ой, мысалы, жұмысқа Қазақстаннан Ресейге, Беларусьқа барған немесе Ресейден, Беларусьтан Қазақстанға барған адамдардың дипломдары қабылданатындай, мойындалатындай болуы, медициналық көмекке еркін қол жеткізуі қамтамасыз етілсін дегендік еді. Зейнетақы мәселелері де осылайша шешіледі. Мұның өзі Еуразиялық экономикалық одақ ең алдымен экономикалық бірлестік ретінде құрылғалы отырғанын айқын аңғарта түседі.
Егер біз жекелеген көрсеткіштер бойынша, айталық, Қазақстанның экспорты жөніндегі позицияларға қарайтын болсақ, онда соңғы екі-үш жылдың ішінде сіздердің елдеріңізден шығарылатын цемент пен кондитер өнімдерінің экспорты бірнеше есе артқанын көреміз. Мысалы, кондитер экспорты 5 есе, цемент экспорты 11 есе өскен.
Салалардың ықпалдасуға дайындық деңгейі бірдей емес. Қызмет көрсету секторы, капиталдың қозғалыс секторы интеграцияның бастапқы белесінде тұр. Орташа стратегиялық міндеттер бойынша, 2025 жылға қарай қаржылық қызмет көрсетудің ортақ рыногын құруымыз керек. Оның жалпы реттеушілік тетіктері жасалып, орталығы Алматыда болуға тиіс. Бұл тұрғыдан қарағанда, осы мақсатқа деп ойластырылған он жылдық кезең, едәуір ұзақ уақыт сияқты көрінгенімен, мұндайлық үлкен секторларды бір ізге түсіру үшін қажетті кезең.
– Президент Назарбаев жақында Еуразиялық экономикалық одақтың тек экономикалық мүдделерді көздейтінін тағы да айтты. Соның өзінде де осы мәселені саяси саудаға салушылар әлі де табылады. Сіз оларға не дер едіңіз?
– КСРО-ны қалпына келтіру жөнінде неше түрлі қиял-ғажайып әңгімелер, қорқынышты хикаялар талай айтылған. Бұл тақырыпқа сұмдықтар туралы фильмдер жанрында ленталар түсіруге де болар еді. Бірақ мұның ақиқатқа ешқандай қатысы жоқ. Уақыт басқа, заман басқа, қоғам басқа. Мәселе тек тең әріптестік негіздегі экономикалық интеграция туралы ғана болып отыр. Әлдебір ел өзінің осы экономикалық одаққа мүшелігі арқылы егемендігінен айырылуы мүмкін деген әңгімеге келсек, мен қайта керісінше әрбір ел өз егемендігін күшейте түседі дер едім. Одан да өткізіп айтайын. Қайта шағындау елдер Ресеймен салыстырғанда көбірек егемендікке ие болады деудің де жөні бар. Ендігі жерде олардың ықпалы он еседей кеңейе түскен рынокқа тарайтын болады. Әрине, бұл егемендікті тереңдете түсетін, мүмкіндікті кеңейте беретін олжа. Бұған ең жақсы дәлел – өздерінің табысты бизнесін өркендетуге жолы ашылған, жасампаздыққа бет алып, нақты нәтижелерге жеткен адамдардың табыстылығы. Ол жағын былай қойғанда, қарапайым адамдар үшін ең басты пайда тыныштық, тұрақтылық пен болашағын айқын көру екенін де ұмытпаған жөн. Адамдарға түбегейлі өзгерістердің тым жылдам жүзеге асырылмағаны керек. Келер күнге сенімді болуға дәл осы Шарт кең көкжиек ашады.
Астанада қол қойылатын Шарт белгілі бір дәрежеде Еуропа Одағын құру туралы шартқа, белгілі бір дәрежеде кезіндегі Рим шартына ұқсастау келеді. Бірақ, белгілі бір дәрежеде ғана. Неге десеңіз, уақыт өзгеріп кетті. Еуразиялық экономикалық одақ құрамына үш елді – Қазақстан, Беларусь пен Ресейді біріктіретін халықаралық өңірлік интеграцияның халықаралық ұйымы болып табылады және, тиісінше, ортақ экономикалық кеңістікте осы үш мемлекетке қатысты нәрсенің бәрінің басын қосады. Қарапайым адамдар тұрғысынан қарағанда бұл экономикалық одақ елдер экономикаларының кедергісіз ортаға толықтай қол жеткізуіне есептелген. Ол төрт еркіндікке – тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігіне негізделген. Жұмыс күшінің көзі болып табылатын адамдар үшін бұл өз мүмкіндігін экономикалық одақтың бүкіл кеңістігінде ешбір шектеусіз таныта алуға жол ашу деген сөз. Осы арқылы 170 миллионнан астам адамдық алып рынок құрылып отыр. Бұл рынокта бәсекелесті бизнесті дамытуға бар күш-жігерді жұмсауға жағдай жасалады. Мұның өзі ішкі драйвер, біздің елдеріміз үшін дамудың бастау көзі, ол қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп, жақсы жетістікке ие етіп отыр.
Болашақтың келбеті негізінен ықпалдасу үдерістерінің қалай жүретініне байланысты қалыптасады. Еуразиялық экономикалық одақты құрудың түпкі мақсатына келетін болсақ, бүгінгі әлемде көп нәрсе, орын алып отырған барлық қарама-қайшылықтарды ескеріп айтқанда, өңірлік интеграциялық бірлестіктердің өзара үнқатысуына қатысты. Бұл тұрғыдан қарағанда Еуразиялық экономикалық одақты құрудың уақыт талабы екендігі сөзсіз.
Сұхбаттасқан
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.