26 Мамыр, 2010

ҚАЗАҚТА ҚАЛҒАН ҚАРА ШАҢЫРАҚ

889 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Түркі академиясының ашылуына қол жеткізді Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында “Түркі өркениеті: дәуірлер жалғастығы” атты халықаралық еуразиялық конгресс өз жұмысын бастады. Оның шеңберінде бүкіл түркі дүниесінің руханиятының орталығы болатын  Түркі академиясының тұсаукесер рәсімі жасалып, ол салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл қатысты. Түркі дүниесі бір болатын күн туды. Сол күннің шуағына түркі жұрты бүгін шомылмаса, күн қа­шанғы көгімізде тұра бермек. Бір за­мандары мұндай күнге зәру бол­ғанымыз анық. Осы бірлікке Қазақ елінің басшысы ұйытқы болып отырғаны белгілі. Түркі академия­сы­ның біздің Отаны­мызда шаңы­рақ көтеруі соның әдемі дәлелі. Жоғарыда айтқан конгресске төрткүл дүниенің көптеген мем­ле­кеттерінен көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер, саясаттану­шы­лар қатысты. Осы алқалы жиында алғашқы сөзді алған Мемлекеті­міз­дің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, біз бүгін түркі дүниесіндегі тұңғыш және бірегей ғылыми зерттеу орталығы – Түркі академиясының ашылу рәсіміне куә болып отыр­мыз. Бұл түркі тектес елдердің мә­де­ни-гуманитарлық байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосатын та­рихи маңызы  зор оқиға. Сал­та­натты жиынға біздің досымыз, Түрік Республикасының Прези­денті, жоғары мәртебелі Абдулла Гүл мырза қатысып отыр. Бұл бү­гінгі рәсімнің ерекше маңыз­ды­лы­ғын айғақтай түседі дей келіп, “Енші алып, қалың түркі тарас­қан­да, Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па”, деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев өлеңін назарға салған Н.Назарбаев Қазақстан – түгел түр­кінің атажұрты, ат байлар қазы­ғы, алтын бесігі екенін атап өтті. Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-ғайыр аумақта ғұмыр кешкен ата-баба­лары­мыздың асыл арма­нын алға апарып, аманатын мүлтік­сіз орын­дап жатқан жұрттың пер­зенттік парызы туралы ой қозғаған Нұр­сұл­тан Әбішұлы азаттығын жа­риялаған сәттен бастап Қазақ елі түркі әлемінің өзара ықпалдасу және мәдени бірігу мәселесіне айрықша мән беріп келе жатқанын алға тартты. Әсіресе, Орталық Азия аумағындағы туыс елдермен қа­рым-қатынастың жүйелі әрі жан-жақ­ты дамып келе жатқанын, қа­зіргі кезде түркі тілдес мемлекеттер қауымдастығының жарқын бола­шақ­ты бірлесіп жасауға қуаттары­ның жететінін, экономикасын көтеріп, төл мәдениетін, бай руха­ния­тын, адам ресурстарын молай­туға болатынын айтты. Сол секілді Түркі академиясының базасында әлемнің жетекші түркітанушылары ғылыми-зерттеу жүргізуге мүмкін­дік алатынын, түркі халықтарының форумдары, симпозиумдары, фести­вальдері өткізілетінін жеткізді. Академия Түркі кеңесімен, Түркі­тілдес елдердің Парламенттік Ассам­блеясымен және “Түрксой” ұйы­мы­­мен етене араласып, тығыз бай­ланыста жұмыс істейтінін назарға салды. Ғылымның әртүрлі сала­сында тәжірибе алмасу және бір­лескен жобаларды жүзеге асыру ме­ханизмі күшейетінін, қаны мен жаны бір түркі халықтары ата-бабаларымыздың жасампаз мол мұрасын бірлесіп зерттей отырып, насихаттайтынын, Еуразия кеңіс­тігін ен жайлаған түркілер әлемдік өркениеттің, адамзат тарихының дамуына зор үлес қосқанын да тілге тиек етті. Түркілер құрған қуатты мемлекеттер ғасырлар бойы көр­шілес аймақтарда өз ықпалын жүр­гізгенін, әлемнің көптеген тілдерін­де түркі сөздерінің жиі кездесуі со­ның айғағы екенін, сондай ру­хани құндылықтардың бастау басында ұлы ғалымдар мен мемлекет қай­рат­керлерінің, дарынды адамдар­дың тұрғанын, солардың қатары­нда Махмұт Қашқари, Жүсіп Бала­са­ғұни, Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Хорезми, Қожа Ах­мет Ясауи, Ұлықбек, Әлішер Науаи, Физули, Мимар Синан­ның, өзге де алыптардың тұрғанын алға тартты. Түркі академиясы арқылы күш-жігерімізді біріктіре отырып, түр­кілердің әлемдік тарихи үдерістегі рөлі туралы жаңа құнды тарихи деректерді ашатынымды, сонымен бірге, ортақ мәдениетіміз бен дәс­түрімізді дамытып, түркілер қай уа­қытта да көрші халықтармен мәде­ни, саяси, экономикалық қарым-қа­тынас жасағанын өмірлік тәжі­ри­беге негізделген дәстүрін қалып­тастырғанын, түркі халықтарының көрші ұлттармен өзара байланысы, этносаралық даму үрдістері – Түркі академиясының негізгі зерттеу нысанасына айналуға тиіс екенін жеткізді. Қазіргі  әлемде этнос және эт­нос­аралық қарым-қатынас туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру – маңызды мақсат. Бұл бүгінгі этнос­тардың татулықты ту етіп, бірлесіп ғұмыр кешуіне жол ашады. Оның үстіне, кез келген халық қайталан­бас тарихи феномен болумен бірге, дара этнос ретінде де құрметке лайық. Байырғы түркі этносының дара болмыс-бітіміне әлемдік өркениет тұғырынан қарайтын мезгіл жетті. Түркі академиясы осыған мұрын­дық болуы  тиіс деді. Бұл академия түркі халықтары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту үшін түркі дүниесінің мәдени мұралары­ның, түркі халықтарының ортақ тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеу жолында қызмет жасап, ортақ терминологиялық қорды жинақтап, дамыту, таза түркілік сөз қазынасын молайту жағын да еске салды. Өз кезегінде Түрік Республи­касының Президенті Абдулла Гүл Түркі академиясын құру жөніндегі алғашқы идеяны Қазақ елінің басшысы көтергенін, соның жүзеге асып, ашылу рәсіміне қатысып отыр­ғанын өзіне зор мәртебе санай­тынын айтып, білім-білігі мықты ғалымдармен бірге болу ма­ғыналы іс, деген ол бүгінде Қа­зақ­стан, Түркия, Әзірбайжан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, тағы басқа мемлекеттер ортақ іске ұйысқанын, бұл 300 миллионға жуық түркі қауымдастығы үшін ерек­ше жетістік болып есепте­летінін атап өтті. Мұндай ғылыми орталық түркі әлемінің руханиятын биікке көтеріп, зор серпіліс туғы­затынына, ғасырлар қойнауынан бастау алатын Орхон ескерткіш­терінің рөліне тоқталып,  әлемдік өркениетте өзіндік орны бар құн­дылықтарды танытуда Түркі ака­де­миясының атқаратын жұмысы ерен болатынын, сонымен қатар, түркі мәдениеті мен әдебиетін, тілі мен тарихын жаңғыртуға жаңа серпіліс беретінін, ұйытқылық жұмыс атқа­ра­тынын атап өтті. Түркі тілі мен әдебиет негі­зінде біз­дің балалар ұлы түркі тілін үй­ренуі керек, ұшан-теңіз тарихын те­рең түсінумен қатар, филосо­фия­лық мән-мағынасын да ойларына тоқып, бойларына сіңі­ру қажет деген Түркия Прези­денті, өзінің тілі мен мәдениетін, тарихын біл­ме­ген ұрпақ өзге­лердің ықпалында кетіп қала­тынын, сөйтіп, тек тамы­рынан ада­сатынын, ол үлкен қауіп еке­нін алға тартты. Барлық бауыр­ларға, барлық ел басшыларына осы­ны баса айтатынын, мұны жү­зеге асырудың негізгі жолы ұлт­тық жоба, ұлттық бағдар, ұлттық бағыт­та мемлекеттік білім беру болып саналатынын, оны іске асыру ба­лабақшада, бастауыш, орта мек­теп­тер мен универси­теттерде орында­ла­тынын тілге тиек етті. Бұрын біздің арамызда дуал тұратын еді. Соның өзінде бір-бірімізге деген сүйіспеншілі­гіміз бір сәтте төмен­деген емес. Қазір ондай бөгеттер жоқ. Ендеше, рухани дүниеде де бөгет болуы тиіс емес. Біз әртүрлі ағымдағы мәдениеттердің ықпа­лын­да, тілдер әсерінде қалатын бол­сақ, онда рухани құндылық­тарымыздан түптің-түбінде көз жазып қалатынымызды айтқан ол түркі дүниесіндегі келешек буын бір болуы қажет екенін атап өтті. Бұл академия қандай жұмыс­тар­мен айналысады дегенді нақ­тылайтын болсақ, біріншіден – түркі халықтары тарихтары, рухани және материалдық мәдениеті, археологиясы мен этнографиясы, екіншіден, түркі тілдері мен жазба ескерткіштері, үшінші – түркі халықтарының әдебиеті мен өнері, төртінші – түркология маман­дықтары бойынша бакалавр, ма­гистр және PhD докторы маман­дарын даярлайды. Сонымен, Арқа төсіндегі Аста­намызда Түркі академиясы ашы­лып,  Қазақ елі тағы бір мәртебелі іске ұйытқы болды. Мұны осыдан бір ғасыр бұрын “Күн батысқа жүре­лік, Гүл қылайық қаласын, Ұл қы­лайық баласын. Аямайық, көмейік Күн шығыстың нұрына” деген Мағжан Жұмабаевтың ұлы ойының жүзеге асқандығының бір дәлелі деп білеміз. Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.