– Әріптестер арасында Гүлзейнеп Сәдірқызы «Айды аспанға шығарып Шерағамның 90 жылдығында бас жүлдені жеңіп алды» деген дүрілдеген әңгіменің арыны әлі күнге дейін басылмай тұр. Біз мұны қалам ұстаған қауымның өзіңізге деген шынайы құрметі мен шын ықыласы деп ойлаймыз. Тағы да... құтты болсын айтамыз!
– Рахмет. Көп құттықтау, мадақтау естідім, естіп те жатырмын... «Ана тілінің» бас редакторы, белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдың бас бәйгеге қатысты Шерағамның туған жері Жуалыда маған арнап айтқан «Бүгін расында да ақиқаттың ақ туы көтерілді. Шерағаңның аты аталған жерде тек шындық жүруі керек қой. Шіркін, Шерағаңның рухы» деген сөзі ұнады. Расында да, шындық атаулының алмас қылышындай жарқылдаған Шерхан Мұртазаның атындағы бәйгеге – ұлы дүрмекке қосылғандағы бар ойым, ұлы суреткердің, ұлағаты ұлан-ғайыр ұстазымыздың рухын көтеруге арналған игі шарадан шет қалмай, ілтипатпен үлес қосу ғана болатын.
Өте танымал бір ағамыз сол тойда маған алая көз тастап, мені танымайтынын аңғартып, мысалы, «мені күллі қазақ біледі, сен кімсің, қайдан шыққансың?» дегенді астарламай ашық жеткізді. Қатты ыңғайсызданып қалдым. «Мен «Егемен Қазақстанның» бұрынғы тілшісімін, Шерағаңның шәкірттерінің бірімін» дедім. Әлгі кісі сабасына түскен сыңайлы. Шіркін, «Егеменнің», Шерағамның мысы-ай десеңізші, әйтпесе, әлгі ағамыз таптап кетуге әзір тұр. Енді бірі «Бас жүлдені қалай алдың...» деуден де тайынбады. Сонда қалай бас жүлдені өздерінен басқалар алмауы керек пе... Түсінбедім...
– Қарақыздың «Егемен Қазақстанда» қара қылды қақ жарып, ақиқаттың жаршысы болғанын білмейтін болды ғой ол ағамыз. Ал жарайды, білмейтіндерге білдірейік, жалпы сіз «Егемен Қазақстанға» қалай келдіңіз, әңгімені содан бастайықшы?!
– Осы киелі шаңырақта табан аудармай 45 жылдан астам уақыт қызмет етіппін. «Социалистік Қазақстанға» тарыдай болып кіріп едім, «Егемен Қазақстаннан» таудай боп... зейнет демалысына шықтым дейтінім бар. Туған ауылым Ақтеректен мектеп бітіріп Алматыға шыққандағы бар ойым – экономист-қаржыгер болу еді. Байқауда балым жетпеді. Бір жылды құр өткізгенше деп стенографистер училищесіне түстім. Үздік бітірдім. Оқуды тәмамдаған 30 қыздың ішінде үш қыз ғана нағыз стенографистка деген атақ алдық та, қалғандары машинка басумен шектелді. Ол кезде бүгінгідей журналистердің қолында диктофон жоқ. Барлық жиналыс, съезд, талқылауды стенографист мамандар ғана хаттайтын. Қазақ радиосының «Шалқар» редакциясына жолдамамен келіп, іске қызу кірісіп кеттім. Бірде «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы Талғарда өткен сот процесінің стенографиясын түсіріп беруімді өтінді. Тап-тұйнақтай етіп жасаған қызметім қатты ұнағаны ғой, сол кездегі газет редакторы Сапар Байжанов жұмысқа мамандығым бойынша ойланбастан қабылдады. Сөйтсем, жастары жетпістен асқан редакциядағы қос апама «орнын басар» керек боп тұрған сәт екен. Қазақ стенографиясының негізін салған Данабике Байқадамова мен әйгілі мемлекет қайраткері Ораз Исаевтың келіні Мәриям Исаеваның кәсіби шеберлік тәрбиесін көріп үлгердім.
– Күнделікті шығатын республикадағы бас басылымның стенографисіне тілшілік жазу-сызуға сіңісу оңай бола қоймасы анық. Уақыт тапшылығын қалай жеңіп жүргенсіз?..
– Кішкентайымнан әдебиетке құмарлығым бір төбе, қан майданда көп қиындық көрген соғыс ардагері әкем жарықтық өте сауатты кісі болатын, аудандық газеттен бастап, еліміздегі барлық газет-журналға бір айлығын төлесе де бірін қалдырмай жазылып тұратын. Ол басылымдарды біз де «кеміріп» оқыдық. Осының барлығы менің шығармашылық ортаға тез бой үйретуіме септігін тигізді. Талпынып, ізденіп мақала жаза бастадым. Өзіміздің ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп те алдым. Ара-тұра әңгіме жазуға уақыт таптым... Газеттегі екінші редакторым Балғабек Қыдырбекұлы, ол кезде бірінші орынбасар қызметінде еді, менің журналистік талабымды байқап қалды да бірде өзіне шақырды. «Қарағым, жазғандарыңды оқып жүрміз, жап-жақсы дүниелер, өкініштісі... сені бөлімге қызметке ала алмаймыз. Тілші табылар, бірақ сендей стенографист маман таба алмаймыз. Дегенмен саған «стенографистка-журналист» деген куәлік берейік, тиісті орындардан дерек алғаныңа жеңіл болсын. Жазуыңды да тоқтатпа» деді. Қызметте қатал өте кірпияз әрі төңірегіндегі қызметкерлеріне өте әділ қараған Балғабек аға – газеттегі екінші редакторым, жарықтық анам дүние салғанда үшінші редакторым Шерхан аға екеуі үйге көңіл айтып келді. Сондағы Балғабек ағаның айтқаны есімде қалыпты: «Гүлзейнеп, айналайын, саған обал жасаппын... Мына Шерхан менің қателігімді түзеді...
– Ал ендеше, міне... үшінші ақиық редакторыңыздың ауылына да ат басын тірелік, сіздің басылымдағы «жасындай жарқылдайтын» кезіңіз де осы тұс қой, қателеспесем...
– Сең сол үшінші редактордың келуімен бұзылды ғой... Мен ғана дейсіз бе, сол жылдары қаншама қазақтың мықты журналистері осы газеттен түлеп шықты, қуаты төңкеріс жасайтын қаншама мақала дүниеге келді. Газетіміз нағыз тарихи құбылыстың қозғаушы күшіне айналды. Қаншама қоғамдық, мемлекеттік институттар айлап-жылдап шешетін ұлттық мүддеге қатысты көкейкесті мәселелерді бір ғана «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы – оның қайсар редакторы қысқа мерзім ішінде «төңкеріп, шешіп» тастады. Халықтың аузында «Егемен» мен «Шерхан, Шераға...» жүрді. Бүгінгі «Шерағаңның шекпенінен шыққандармыз» дейтін бір буын дәл сол жылдары қанат қаққандар. Қызметкерлерін тың тақырыптар, күйіп тұрған проблемалар жазуға үндеп, «тірі дүниелер... тірі дүниелер әкеліңдер» деп отыратын еді, жарықтық, редакторлардың редакторы атанған Шерағамыз. Көп ұзамай-ақ газет басқа реңк ала бастады. «СҚ-ның» сірескен сеңін бұзып: «Сендер жазуын жазып, айтуын айтсаңдар, баспасам маған серт» деп, жоғары жаққа жалтақтамай, «үлкен үймен» ақылдаспай небір өткір проблемалық мақала, фельетондарды басып, Орталық Комитетке шақырса өзі барып, мақаланы да, авторды да қорғап шығатын.
– Журналисті танытатын оның жазғаны ғой, сіз бен біз бұл қағиданы жақсы білеміз. Талабы да талғамы да зор қаламгердің назарына сіз қалай іліктіңіз? Ол кезде бұрынғы әрі партияның, әрі мемлекеттің үнқағазына айналған бас газетімізге қыз балаларды техникалық қызметке қабылдамаса, тілшілікке алудың қиындықтары болғаны басы ашық жайт еді ғой?!
– Менің ең алғашқы «Әйел жаны» атты әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне Шерхан Мұртаза сонда редактор болып тұрған кезде басылды. Кейін біздің газетке редактор болып келгенде бұған дейін жүзбе-жүз кездеспеген ағамыз кезінде әңгімемді жылы қабылдаса керек, «Е, сол әңгімені жазған сен бала екенсің ғой» деп, қабағын керіп тұрып айтқаны бар. Көп ұзамай Шерағаң өзі жақсы көретін, ақ мылтық журналист Қайнар Олжайды шақырып: «Осында істейтін ана Гүлзейнептің әйел туралы жазған жақсы бір әңгімесін білемін. Сол балаға әйел тақырыбына қатысты тапсырма беріп көрші» деген ғой. Өзім үшінші перзентімді ауыр босанып, перзентханадағы сорақы жағдайды басымнан өткізіп, жұмысқа жаңа ғана шыққан кезім. «Перзентхана пердесі... талай сырды бүркеп тұр...» деген сериялы мақалам газеттің үш нөміріне басылды. Шерағаң сосын Қайнарға: «Енді шопан әйелінің проблемасын көтеріп көрсінші» деп сәлем айтыпты. Ауылда өскен әрі қойшының келіні болғандықтан, шопан әйелінің бейнетін жақсы білемін, «Айдалада ақ отау...», сосын көпбалалы аналар туралы «Аты ғана ардақты ма?» деген көлемді проблемалық мақалаларым жарық көрді. Енді тағы бір тапсырма бергісі келіп шақырғанда Қайнар: «Шераға, қызықсыз, ол кісі техникалық қызметкер, тапсырма беруге құқымыз жоқ, одан да хат бөліміне тілші етіп алып, жұмсай берейік те» дейді. «Е, мұның жөн екен, бұл балаға обал жасамайық» деп, сөзге келмей мені бөлімге алды. Шерағаң мені әбден сынап, өз елегінен өткізіп, жарау аттай дайындап барып, әдеби қызметкер етіп алғанына арада отыз жыл өтсе, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанның» бір ғасырлық жылнамасында жарты ғасырға жуық шежіресіне тікелей куә болғаным, оған хал-қадерімше үлесімді қосуым – әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін мүмкіндік, бақ деп білемін.
– Осы орайда «Егемен Қазақстанның» күллі ұжымы – бұрынғы, кейінгі буыны осы күнге дейін әсте аузынан тастамайтын сізге қатысты «қызыл шапан» туралы естелікті жаңғыртудың орайы кеп тұр, қалай қарайсыз?
– Иә, иә... ол да бір қызық дәурен, ұмытылмас күндер! Бірде газетте бас редактордың орынбасары, белгілі қаламгер марқұм Сабыржан Шүкірдің «Кіші октябрь» деген атақты сын мақаласы жарық көрді. Онда Алматы облысы, Шелек ауданы Сарыбұлақ кеңшарының директоры заңсыз қызметінен алғандығы жөнінде айтылып, автор өз кейіпкерін ақтап шығады. Мақала Орталық Комитетте қаралып, кеңшар директоры қайта қызметіне кіріседі. Міне, сол кеңшар басшысы «СҚ»-ға алғысы ретінде бүкіл ұжымды ауылға шақырып, оқырмандармен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге тек шығармашылық топ бармақ. Сабыржан ағай маған келіп: «Қарақыз, кездесуге сен де жүр. Шерағаңа әлі үйренісе алмай жатырмыз... Ұжым Шерағаңмен алғаш рет кездесуге бара жатыр. Оқырмандарға домбырамен ән салып берсең... – деп қолқалады. Өзім де декреттік демалыстан жаңа шығып, ұжымды сағынып келген кезім, келісе кеттім.
Былайша айтқанда, алыстағы бір ауылда оқырмандармен кездесуден кейінгі дастарқан басында «Шерағаңмен кездесу... ұжымның бас редакторымен алғаш рет жақын жүздесуі» дейікші... басталды. Жұрт тым-тырыс. Төрде Шерағаң мен Шелек ауданы дөкей басшыларының бірі отыр. Анда-санда ғана Шерағаң фототілші Сиез Бәсібеков ағайды «Бұл Сырым Датұлының ұрпағы...» деп сөзге тартады. Әншейінде отырыстарда әзіл-қалжыңның майын тамызатын ағайлар момақан. Шерағаңның мысы-ай... Әнші Нұрлан Өнербаев арасында гитарамен ән салып қояды. Содан бір кезде Шерағаммен қатар отырған аудандық атқару комитеті төрағасының алдына ыстық шай құйылып кетпесі бар ма. Төраға өте ыңғайсыз жағдайда. Ешкім «ләм-мим» демейді.
Мен өзі мінезім ашық, әзіл-қалжың жаныма жақын болғандықтан, ешкімді жатырқамай еркіндеу сөйлейтінім бар. Кейде осы мінезімнің пайдасы болса, кейде артық кетіп қалдым ба деп өзімді жек көретін кездерім де жоқ емес. Дастарқан басында өлі тыныштық. Мына үнсіздікке шыдамай, не болса ол болсын дедім де: «Ау, төраға, күйіп қалған жоқ па? Аман ба? Болмаса ертең «СҚ»-ны айыптап жүрерсіз», – дегенім сол екен, әзер тығылып отырған жұрт ду күлсін. Шерағаңның еркелей күлетін күлкісі бар екен, тоқтамай күліп жатыр. Содан әңгімені іліп алып, аттың басын жіберейін. Бір кезде Шерағаң: «Волчица! Мына бала қасқыр ғой...» деп сұқ саусағымен асқан ризалықпен мені нұсқады. Одан әрі еркінсіп, арасында домбырамен де, гитарамен де ән салып қоямын. Отырыс қызып, емен-жарқын әңгіме кетті. Шерағаң татарша ән айтып, бір есте қаларлықтай әдемі кеш болды.
Қайтып келеміз. Гу-гу әңгіме. Көңілдіміз. Жолға сарқыт алғанбыз. Арамызда сол ауданның қызы, тілші, марқұм Сәуле Ілімтонова: «Жігіттер, осы күре жолдың бойында Бүркіттің ескерткіші қойылған суағарға тоқтап, бір демалып алсақ» деген. Межелі жерге жетіп, жігіттер сарқытқа бас қойғанда, су алуға алаңқайға шықсақ, Шерағаңның көлігі тұр. Бұрынғыдай емес жігіттеріміз де батылданып алған, Шерағаңды қаумалап ортаға алып, тұра-тұра қалды. Шерағам жүргізушісіне «шапанды әкелші» деді. Жүргізуші жүгіріп барып әкеле қойды. Сосын жайлап: «Ал жігіттер, бүгінгі кездесу де, отырыс та жақсы өтті. Қызым, бүгін сізге өте риза болдым. Баяғыда Нарынқолдан бір топ жазушы келе жатып, осы Бүркіттің басында Ғабең – Ғабит Мүсірепов үлкен жиыннан киіп келе жатқан шапанын, «осы қарабалаға кигізсем» деп, иығыма жапқан еді. Бүгін мен сол дәстүрді жалғастырып, шапанымды қарақызға жапсам деймін. Айтыңдаршы, бүгін осы қызымыз отырысты гүлдендіріп жіберді емес пе» деп иығыма қызыл шапанын жапты.
– Расында да ғажап естелік... Көзі қарақты қауым, оның ішінде қаламдас-әріптестеріңіз сонау 1991 жылғы Тәуелсіздіктің елең-алаңында сіздің Ленинград шаһарына барып «Ту ету мен тұл ету» атты жазған сериялы мақалаңыздың дүмпуін осы күнге дейін ұмытқан жоқ. Бүгін сол бір қызықты оқиғаны еске алғанымыз орынды болар деймін?!
– 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, социалистік жүйе күйреп, республикалар тәуелсіздік ала бастаған тұста тарихи тұлғалар туралы әрқилы пікір айтыла бастады. Осы арада Санкт-Петербургтегі Жамбыл атындағы көшенің атын өзгерту керек деген белгілі бір топтың елді дүрліктірген келеңсіз пікірлері туралы Қазақ радиосының кезекті хабарынан естіп қалдым да, редакцияға жеткізгенім сол, Шерағам іссапарға аттандырды да жіберді. Бөлім бастығым белгілі журналист Рысбек аға Сәрсенбайұлы Жамбыл бабамыздың зиратынан «қандай заман болады, шүберекке бір уыс топырақ түйіп алуымды» өтінді. Сол топырақты өмірде көрмеген жат қалада кезінде соғыста «Ленинградтық өрендерім» атты уытты жыры елге қорғаныс-қалқан болған Жамбыл атындағы көше бойындағы гүлзарда өсіп тұрған жас талдың түбіне салып тұрып, аруақтардан ендігі бейберекетсіздіктен атамызды қорғауға ниет еттім. Содан салып ұрып, Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы ономастика жөніндегі комиссияға келсем Г.Никитенко деген: «Егер Ленинград қаласының аты өзгеріп жатса, Жамбыл көшесінің аты өз-өзінен алынып қалады. Ал 1978 жылы берілген Ә.Молдағұлова атындағы көшені міндетті түрде өзгертеміз. Себебі біздер осы есімді айтқанда да, жазғанда да қатты қиналамыз. Ол қызға ілінген тақта да жеткілікті. Ал Жамбыл көшесінің алыну-алынбауы туралы бұрынырақта сөз болғаны рас. Біздің әдебиетшілер «өлең аударма, оны кімнің жазғаны белгісіз» дегенді айтуда» деп сайрап тұр. Шамам келгенше айтысып, осы көшеге иелік жасайтын аудандық атқару комитетінде болып, жағдайды айттым. Қарақыздың Қазақстанға құр қайтпайтынын сезді ғой деймін, ондағылар да жергілікті халықпен бірге екенін айтып, шат-шәлекейі шықты.
Осы екпінмен Әлия оқыған Ә.Молдағұлова атындағы №140 орта мектепке барайын. Мұражай болған сыныпқа кіргенімізде оқушылар мұрны тесіліп, аузы ойылған, беті сызылған Батыр әпкеміздің бюстіне кезек-кезек секіріп мініп, тайраңдап жүр. Музейдің бүкіл заттарын радиорубкаға тығып тастаған. Директордың теріс әрекеттерін айтып, Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы Музей мен көркемсурет өнері басқармасының бастығы Б.Назарцев дегенге кіріп, өзім куә болған сорақы жағдайды жеткіздім. Көзі атыздай болды. Ақталып әлек. Қысқасы, «Егемен Қазақстанда» 1991 жылы 30 тамызда жарияланған «Ту ету мен тұл ету» атты сериялы мақалам елімізде де, Ресейде де үлкен қоғамдық пікір туғызды. Көп ұзамай құрамында Красногвардейск аудандық мәдениет комитетінің төрайымы, сол ауданның халыққа білім беру комитетінің төрағасы бар арнайы делегация Алматыға келіп, екі мәселе де шешілді. Бүгінде «Бұл тұйық көше – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ленинградтықтардың ерлігін жырлаған қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың құрметіне аталған» деген тақта ілініп, өзіміз көрген гүлзарда Жамбыл бабамыздың ескерткіші орнықты.
– Әрине, керемет, мына ісіңіз ерлікке бара-пар... Менің таңғалып отырғаным – барлық тілшілік істеріңіз айбынды бас редактор Шерағамның ақиқат жолындағы редакторлық күресімен сондай бір жарасымды үйлесіп тұрғандығы!
– Айтпаңыз, ақыры бастап қалдық, одан кейінгі жылдары 21 жастағы бейкүнә қыздың қазасына орай «Соқтасы солқылдаған сыздауық» атты сын мақалам Денсаулық сақтау министрлігін тәубесіне түсірген. Сол кездегі Баспасөз министрі Алтынбек Сәрсенбаев «Егеменнің» сол нөмірін қолына ұстап тұрып, талай басылымға үлгі етті. Мақтанды демеңіз... Қандастарымыздың проблемасы туралы «Көш-керуен кері бұрылып кетпесе екен...» деген мақаламның негізінде Парламентте депутат Әкім Ысқақтың бастамасымен тұңғыш рет қазақ тілінде заң мәтіні қабылданды. Министр Коржова шарасыздығын мойындады. Қандастарымыз тарихи Отанында тұңғыш рет өздерін өз елінде жүргендей сезінді! «Мәншүк неге екі рет жерленді?» деген мақаламмен таныссыз ба? Неге екі рет жерленді, а? Айналып келгенде осының бәрі-бәрі даңқты Шерағамның редакторлық мектебінің арқасы!
– Соңғы бір сауал, журналистің қолынан қаламы түспейтіні ақиқат... Дей тұрғанмен дәл қазір немен шұғылданып жүрсіз, қай бағытта қалам тербеп, не жазып жүрсіз дегендей?
– Әйел журналистің қай кезде қолы бос болған дейсіз? Жас кезімізде бала-шағаның, отағасының тамағын тойдырып, одан соң ыдыс-аяқты жуып болған соң, түн ауғанша сол ас үйде жайланып отырып алып, ертеңгі нөмірге салынатын мақаламызды жазушы едік... Қазір қолымыз ұзарған секілді, бірақ тіршіліктің қолбайлауы шаш-етектен. Немерелерге еміренесің... Әңгіме жазып жүрмін! Ұстаз атына кір келтірмеуге құлықтымыз. Қолым қалт еткенде үйдің маңындағы Есентай өзенін жағалап, Алатауды бетке алып серуендеймін. Есіме Америка түседі... «Егеменнің» арқасында Нью-Йоркте болдым. Бродвейді шарладым. Манхэттеннен көлбей созылған желі Бронксқа дейін жалғасып жатыр. Аңызда бір заманда осы соқпақпен үндіс тайпасының жігіттері суатқа мал айдаған дейді. Есентай өзенін жағалап тауға қарай бір заманда біздің аталарымыз да мал айдағаны ақиқат. Ұқсастықты айтамын. Әңгімеге желі ме, желі...
– Гүлзейнеп Сәдірқызы, салиқалы әңгімеңіз үшін үлкен рахмет, жазарыңыз көбейсін!
Талғат СҮЙІНБАЙ,
арнайы «Еgemen Qazaqstan» үшін
АЛМАТЫ