Осы сапарымызда әдейілеп барып, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің алғашқы бапкері, КСРО спорт шебері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Семей қаласының Құрметті азаматы Ром Ильматовқа жолыққан едік. Мұндағы мақсат – Жақсылықты қалай баптады, қалай тәрбиеледі, үлкен спортқа қалай қанат қақтырды... Осы сұрақтар төңірегінде әңгімелесу.
Ағамыз сөзді көп созып жатпады, жоғарыдағы сұрақтарға жауап ретінде: Жақсылық Үшкемпіровті 1972-1975 жылдары жаттықтырған кезде күнделікті жазып отырған қолжазба конспекті-кітапшасын ұстатты. Одан кейін мына өздеріңіз көріп отырған фотосуретті беріп тұрып: «Журналист қарағым, бұл құнды сурет. Мына ортада тұрған иір тұмсық, алып адамның аты-жөні – Василий Георгиевич Ярков. Бұл кісі қазақтан шыққан күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовұлының шәкірті» деді. Сол сәтте Қажымұқан атамыз айтты дейтін: «Менің ұстазым да, шәкіртім де орыс ұлтынан болды» дейтін екіұштылау сөз есіме түсті.
Фотоны айналдырып қарап едім, екінші бетінде «В.Г.Ярков беседует с борц. Зооветинститут. 1971 г» деген жазу бар екен. Демек бұл фото 1971 жылы Семей қаласында Мал дәрігерлік институының күрес залында түсірілді деген сөз. Өйткені, осы жылдары Ром Хасанұлы аталған институтта дене шынықтырудан сабақ берумен қатар, грек-рим күресі бойынша жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүрген кез. Ром ағамыз 1936 жылы Бородулиха ауданының Ауыл станциясында дүниеге келген екен. Қазір Абай облысының орталығы Семей қаласында аман-есен тұрып жатыр.
* * *
Расын айтқанда, Қажекең қазақтан өзі сияқты балуан тәрбиелей алмағаны анық. Оған себеп те көп тәрізді. Осы пікірімізге тұздық болатын оқиға: 1945 жылы соғыстан кейін тамыз айында Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойы республика бойынша ұлан-асыр тойланды. Осы тойға құрметті қонақ ретінде Қажымұқан балуан да шақырылады. Осы шараның басы-қасында болып, мерекені ұйымдастырушылардың бірі партизан – жазушы Әди Шәріповтің естелігінде: «Алматыдан келетін қонақтармен бірге вагонмен Қажымұқан Мұңайтпасұлының өзі және жас әйелі, алты жасар баласы бірге келді. Cемейге жеткенде Қажымұқан ақсақалды отбасымен қос қабатты қонақүйдің жеке бөлмесіне орналастырдық. Ол кісіге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының жеңіл машинасы бекітіліп берілді. Мен бұрынырақ барып, машинаның артқы есігін аштым. Қажекең машинаға кірді де, мол денесімен отыра кетті. Сол кезде машинаның рессоры шақ-шұқ бөлініп түсті де, машина итше шоқиып қалды. Қажекең машинадан үнсіз шықты да, шашылып жатқан рессорға бір қарап:
– Әй, Шәріп, жүр, жаяу кеттік! – деп жылжи берді. Шопыр: «Ойбай, құрыдым. Енді рессор табылмайды. Мұныңыз не?» деп жыларман болып тұр.
Сөйтіп, Қажекеңе басқа машина іздеуге тура келеді. Рымбекке бардым. Болған жағдайды күле отырып айттым. Ол да ішек-сілесі қатқанша күлді. Ойламаған жерден Рымбек жол тауып кетіп, телефон шалды да Қажымұқанды Қарауылға тойға апаратын америкалық «Студбеккер» деген үлкен машина шақыртты» деп жазады.
Тойдың ең бір көрнекті тұсы – балуандар күресін Қажымұқан мен заңғар қаламгер Мұхтар Әуезов екеуі қатар отырып тамашалапты. Кезінде күллі Ресей цирктерінің шаңын қағып, дүние жүзінің небір апайтөс алыптарымен айқасқан кәсіби балуан Қажымұқанға Абай тойында күрескен балуандардың қимыл-қозғалысы ұнамай отырғанын аңғарған Мұхаң: «Шүкір, қазір Қазақстан балуансыз емес, оны өзіңіз де көріп отырсыз. Сөйтсе де, бұлардың сіз шыққан биікке көтерілер түрі жоқ. Өкініштісі – бұлардың ешбірі және осы жұмыстың басы-қасында жүрген жігіттеріміздің «Япырмай, Қажекеңнің құпиясы не екен, соны ежей-тегжейлі үйренсек қайтеді?» деген ниеті жоқ. Мен осыған қынжыламын» деген екен («Қажымұқан қағанаты». – Шымкент: Ордабасы, 2006. - 323 бет).
* * *
Сонымен сөз басында атап өткен Қажымұқан атамыздың шәкірті Василий Ярков кім? Қажымұқан балуанның спорттық өмірін зерттеуші Әлімқұл Бүркітбаевтың жазуына қарағанда, күш атасы болашақ шәкірті Ярковпен Семей қаласында шамамен 1928 жылы алғаш жолыққан екен. Осы оқиға жайлы Ә.Бүркітбаев 1978 жылы жарық көрген «Қажымұқан» атты хикаятында: «Семей қаласындағы «Тепловоз» артелінде жұмыс істейтін қызметкерлер «Қажымұқан келді» деген хабарды естіп, шу ете қалды. Бұл сөзге пәлендей мән бермеген Вася ауыр бөренелерді көтеріп жүре берді. Жігіттің күшіне таң қалған Қажымұқан оған жақындап келіп:
– Иә, бауырым атың кім?- деді.
– Вася.
– Жасың нешеде?
– Он жетідемін.
– Ертең кешке циркке кел!
– Жарайды.
Ертеңінде жас жігіт жұмыстан босай алмағандықтан циркке бармайды. Бірақ оны іздеп Қажымұқанның өзі келеді. Қолынан жетелеп циркке алып келеді. Әуелі, гир тасын көтеру әдісін үйретеді. Одан кейін белдесуге көшеді. Сөйтіп, үзбей үш ай жаттықтырып, Семейде өткен бауландар бәсекесіне қатыстырады. Бұл сайысқа ресейлік танымал цирк балуандары Михайл Боров, Феофан Лавренов, Ян Цыган қатарлы мықтылар қатысады. Осы жарыста алыптармен белдесіп, беті ашылған В.Ярковты екі жылдан кейін Мәскеудегі цирк балуандарын дайындайтын мектепке шығарып салып тұрын Қажекең: «Вася мені алғаш күреске орыс достарым үйреткен еді, енді міне менің алғашқы шәкіртім орыс жігіті болып отыр» деген тарихи сөзін айтқан екен («Қажымұқан қағанаты». – Шымкент: «Ордабасы», 2006. – 262 бет).
* * *
Қажымұқан атамыз қадамын ұштап, жолын ашып берген В.Ярков балуан 1911 жылы 13 қаңтарда бұрынғы Семей облысының Ново-Покровка ауылында дүниеге келген екен. Ярковтар отбасы 1929 жылы Семейге көшіп келіп қоныстаныпты. Мәскеуге барып өнерін ұштаған жігіт атақты балуан Иван Максимович Поддубныйдың назарына ілігіп, нәтижесінде: Саратов, Ташкент, Пенза, Таллин, Магнитогорск, Красноярск, Иркутск, Түмен, Симферополь, Рига, Қазан, Новосібір, Челябі, Тула, Баку, Запорожье, Днепропетровск т.б. қалаларда өткен чемпионаттарда бақ сынайды. Тіпті 1934 жылы Дондағы Ростовта өткен чемпионатта Василий Ярков жеңіс тұғырына көтеріледі.
Василий Георгиевич Кеңес үкіметі жылдары классикалық күреспен шұғылданып, 1946-1950 жылдар аралығында Бүкілодақтық кәсіподақтар орталық кеңесінің чемпионы атағын үш рет жеңіп алумен қатар, екі дүркін «Большевиктер» қоғамының Бүкілодақтық біріншілігінде жеңімпаз атанады. «Советский спорт» газетінің 1949 жылғы 14 сәуірдегі санында, Василий Ярков кезекті жарыс үстінде Мдинарадзе бастатқан бес балуанды 10 минуттың ішінде жығып, Бүкілодақтық кәсіподақтар орталық кеңесінің чемпионы атанғаны жайлы дерек жарияланыпты. 1957 жылы «КСРО спорт шебері» атағын алады
1961 жылы циркпен қош айтысып, туған жері Семейге оралып, бапкерлікпен айналысады. Жарықтық 1995 жылы 25 қаңтарда 85 жасында қайтыс болыпты.
* * *
Осы орайда, мына фотода қарт балуан Ярковты қоршап тұрған азаматтар кім? Семей қаласының тұрғыны танымал балуан, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттырушы, еркін және грек-рим күрес түрілерінен халықаралық дәрежедегі төреші Қайыртай Оразалинов ағамыздың айтуынша, суретте сол жақтан бірінші тұрған Әділхан Кендірбаев деген қызылордалық жігіт. Бұл азамат 74 килода күрескен. Институт бітірген соң Торғай өңірінде еңбек жолын бастап, Аманкелді ауданында бас мал дәрігері, одан кейін Амантоғай ауданы жаңадан құрылған тұста совхоз директоры қатарлы қызметтер атқарған. Қазір зейнеткер Астана қаласында тұрады. Екінші тұрған адам Сіләм Смайлов. Бұл жігітте 63 кило салмақта күрескен екен. Үшінші, яғни Василий Георгиевичтің оң иығын тіреп тұрған орыс азаматы Семей тумасы Николай Бабичев. 100 кило салмақта күресіп, бірнеше дүркін еліміздің чемпионы атанса, Ярковтың сол жағында алдыңғы қатарда тұрған 48 килода күрескен Тоқан Құсманов, оның сырт жағында басы көрініп тұрған Қаскелең қаласының тумасы Әнжан Райханов деген спорт шебері екен. Келесі азамат спорт шеберлігіне кандидат қостанайлық Жұматай Байболғанов ертеректе өмірден өткен дейді. Ал шеттегі жігіт үлкеннарындық (ШҚО) Қайырбек Мусалимов. Бұл балуан жайлы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров марқұм «Мені қолымнан жетектеп күрес кілеміне шығарған жанашыр досым, әрі күрестегі мықты қарсыласым еді» деп еске алыпты. Ал суретте оң жақ шетті ақ көйлек қара кәстөм киіп, галстук таққан адам – осы фотоны бізге берген Ром Ильматов ағамыздың өзі.