Салық Зиманұлының ғылыми қызығушылығы мен дүниетанымы сан алуан. Ғалымның ғылыми мұрасына зер салсақ, зерттеу ауқымының кеңдігімен, нағыз ғалымға тән ойлау тәсілімен, дара стилімен ерекшеленетінін бірден аңғаруға болады. Ең алдымен ол Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихын зерделеу мәселелеріне ден қойып, ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етті. Қазақстанның төңкеріске дейінгі және төңкерістен кейінгі мемлекеттік-құқықтық өмірінің бірқатар кезеңдерін, сондай-ақ республиканың кеңестік және посткеңестік кезеңдегі тарихының кейбір маңызды фактілерін егжей-тегжейлі зерттеді, тыңғылықты талдаулар жасай отырып сипаттады.
Салық Зиманұлының 1958 және 1960 жылдары шыққан «Қазақтардың XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық құрылысы» және «Қазақстанның XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы саяси құрылысы» атты іргелі монографияларын ғылыми көпшілік жылы қабылдады. Ол бұл еңбектерін КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында докторлық диссертация ретінде сәтті қорғап, қазақ халқының мәдени-рухани әлемін тың олжамен байытты. Ғалымның көптеген ғылыми еңбектері коммунистік идеологияның үстемдік құрып тұрған кезінде жазылды, бірақ Салық Зиманов сол кездің өзінде-ақ идеологияға тәуелді болған жоқ. Себебі көреген ғалым бұл тақырыптарға қандай жолмен бару керектігін жақсы білді. Автор қазақтардың қалай өмір сүргенін, қоғамды қалай басқарғанын көрсете келе, рулық, тайпалық қауымдастық жағдайындағы қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің басым бағыттарын, ақсақалдардың рөлін, қазақ таптары мен рулық элиталардың өзіндік бағыныстылығына тоқталады. Ежелгі қазақ қоғамы ұстанған барлық тұрмыс-салтты, ата-баба дәстүрін, әлбетте, бүгінгі күнге дәл сол күйінде жеткізу мүмкін емес, бірақ өзін-өзі бағалай білу үшін бүгінгі жастарға олардың ата-бабалары қандай болғанын, қандай тұрмыс кешкенін, ұлттық діліміздің, мемлекеттік және қоғамдық құрылысымыздың қандай болғанын ұғындыру оның басты ұстанымдарының бірі болды.
Салық Зиманұлының есімі Қазақстанда республиканың мемлекеттілік тарихын жасаушылардың бірі ретінде ерекше аталады. Конъюнктуралық түсініктерді есепке алмағанда, ол XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың саяси құрылысын алғашқы болып зерттегендердің қатарында болды. Ғалымның әр жылдары қазақ қоғамының саяси өмірі жайында, қоғамдық биліктің, оның құрылымының, сипаты мен әрекет ету әдісінің мәселелерін көтерген авторлармен пікірталасқа түсе жүріп, кесімді дәлелдермен жазған «Қазақстанның XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы саяси құрылысы» атты монографиясы аса салмақты, тың еңбек. Ауқымы үлкен нақты тарихи материалдар негізінде, мұрағаттық және әдеби деректерді салыстыра отырып, мемлекеттілік пен биліктің, оның режимінің күрделі әлеуметтік құбылыс екенін ашып көрсетеді. Идеология мен саясат өз кезегінде қоғамның түрлі қатпарларындағы экономикалық процестердің көрінісі іспетті. Саяси деректерді талдауда ғалым олардың іс жүзінде жүзеге асырылу барысына, қазақтардың қоғамдық және саяси өмірінің түрлі аспектілеріне әсерін байыптайды. Салық Зиманов ғылыми зерттеулерге, тіпті олар кең таралған болса да, біржақты догматикалық көзқарастарсыз келуге тырысты. Оның тарихи зерттеулер барысында жасаған кейбір тұжырымдарымен, атап айтқанда Ресейге қосылғанға дейінгі қазақ қоғамының саяси-құқықтық формасының жай-күйі туралы пікірлерімен қазақстандық және ресейлік тарихшы-заңгерлердің бір бөлігі келіспеді. Әлемдік және ұлттық саяси-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық сана тұрғысынан С.Зимановтың малға меншік емес, жердің түбегейлі негізгі мәні идеясын негіздеудегі, көшпелі қазақ қоғамының әлеуметтік және билік ету – саяси құрылымын қалыптастырудағы, қоғамдық бастамалар мен халық өмірінің жеке-тұлғалық құндылығын қамтамасыз ететін және жаңғыртатын рулық институттардың маңыздылығын сақтаудағы еңбегі ұшан-теңіз.
Автордың ХХ ғасырдың 50-60 жылдарына тиесілі ғылыми әзірлемелерінің құндылығы мен өзектілігі олардың баға жетпес маңыздылығымен өлшенеді, әсіресе Қазақстан Республикасының шынайы егемендігі кезеңінде оның зерттеулері мазмұны жағынан халқымыздың рухани сұранысына толық жауап береді. Ол өткен дәуірдегі тарихтың бұрмаланған тұстарын, аса маңызды оқиғалар мен құбылыстарды түбегейлі қайта қарау қажеттігін алға тартты. Зерттеушілердің ғылыми жетістіктерінің ең сенімді, бейтарап өлшемі – уақыт. Осы тұрғыдан келгенде ғалымның монографиялық зерттеу еңбектері бүгінгі күнге дейін өзінің ғылыми құндылығын сақтап отыр.
Академик С.Зимановтың ғылыми қызығушылығы барысында толғандырған басты тақырыптардың бірі қазақтардың әдет-ғұрып құқығының тарихы, оның табиғаты, құрылымы мен негізгі институттары болды. Әдет-ғұрып құқығы мәселелері әрқашан оның назарында жүрді. 1950 жылдары оның редакциясымен Т.Күлтелеевтің қылмыстық құқық туралы әйгілі кітабы жарық көрді. 1981 жылы С.Зиманов С.Фукстің ғылыми мұрасы мен есіміне ілтипат ретінде оның «XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың әдет-ғұрып құқығы» атты еңбегін баспаға дайындады. 40-жылдардың аяғына жоспарланған бірнеше томдық қазақтардың әдет-ғұрып құқығы жайындағы материалдарды басып шығару бойынша ауқымды жұмыс соңына дейін жеткізілмей, тек алғашқы жинақ қана жарық көрген еді.
Қазақтардың әдет-ғұрып құқығын зерттеу мәселесі негізінен 70-жылдардан басталды. Осы барыста бірқатар мақала жарияланып, қазақтардың әдет-ғұрып құқығының табиғаты мен әлеуметтік мақсатын, жекелеген әдет-ғұрыптық құқықтық институттарды сипаттауға арналған, Кеңес өкіметінің әдет-ғұрып құқығы институттарына қарым-қатынасы мәселесі бойынша бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды. 1989 жылы Т.Күлтелеевті еске алуға арналған конференция материалдары топтастырылған «Қазақ әдет-ғұрып құқығының мәселелері» атты жинақ жарық көріп, онда кеңестік құқық ғылымында жеткілікті зерттелмеген қазақ әдет-ғұрып құқығының мәселелері талқыланды. Жүргізілген зерттеулердің кейбір қорытындылары жарияланды, қазақтардың әдет-ғұрып құқығының реттеуші, адамгершілік, гуманистік және криминологиялық аспектілері қарастырылды.
Салық Зиманұлының әдет-ғұрып құқығына деген стратегиялық қызығушылығының астарында «Мәдени мұра» (2001-2008 жылдар) бағдарламасы бойынша қазақтардың әдет-ғұрып құқығы тарихына және билер сотына арналған «Қазақтар құқығының ежелгі әлемі» атты іргелі он томдық басылымды дайындау ниеті тұрды. Оның «Қазақтар құқығының ежелгі әлемі» деп аталатын он томдық еңбегі – осы саладағы алғашқы іргелі еңбек. Онда қазақтардың әдет-ғұрып құқығы мен билер сотына қатысты бұрын ғылыми жинақтарда, кітаптарда, журналдарда, көркем шығармаларда, газеттерде көрініс тауып келген құнды материалдар жинақталды. Академиктің бұл саладағы зерттеулері ерекше сипатқа ие. Оның құқықтық нормалар мен әдет-ғұрыптық-тұрмыстық құқық (көшпелі қоғамның әдеп нормалары) арасында айырмашылықтың болуы туралы идеялары өзге зерттеулер үшін әдіснамалық негізге айналды. «Дала құқығы» тақырыбындағы әзірлемесі көшпелі өркениеттің әділ сот төрелігіне және есімдері ел есіндегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге жүгінген қазақтардың ғасырлық дәстүр мұрасын қайта қарастыруға көмектесті. Далалық өлкенің құқықтық нормалары көшпелі халықтың Ресей мемлекетінен және ұлтымызға жат жүйелердің ықпалынан салыстырмалы еркіндігінде қабаттаса дамыды, олар қазақ көшпенділерінің қасиеттері мен мұраттарын бойына сіңірді. Қазақ құқығы осынысымен де ерекшеленеді. Қазақ құқығының маңыздылығы Қазақияның этномәдени шекарасындағы өзінің реттеуші нормативтік рөлінен әлдеқайда асып түсті. Ол бір уақытта бірнеше, атап айтсақ, реттеушілік, басқарушылық, біріктірушілік, күзетшілік және гуманистік функцияларды атқарды. Кең мағынасында айтсақ, заң әрі билік, қоғамдық тұрмыс пен адамгершіліктің қайнар көзі, өнер мен рухани құндылық болды. Көшпелі өркениет аясында өмірге келген бұлжымас заңдылықтар сол дәуірдегі адамзаттық армандар мен адамгершіліктердің көптеген құндылықтарын бейнеледі. «Дала заңы адамзат мәдениетінің ерекше туындысы бола отырып, тарихи маңызға ие құқықтық жүйеде лайықты орынға ие болуы тиіс», – деген қорытынды жасайды ғалым.
Осы тұста Салық аға жайлы бір естелік әңгімемен бөлісуді жөн санап отырмын.
Қоңыр күз еді... Салық Зиманұлы Қарағанды қаласына сапарлап келді. «Болашақ» университетінде дәріс оқыды. Оқу орнының С.Баймұрзин атындағы дәрісханасына заң, құқық саласына маманданушы студент жастар, ғалым-мамандармен қатар, аты аңызға айналған адамның жарқын дидарын көруге, аталы сөзін тыңдауға талап білдірген басқа саланың өкілдері де лық толды. Зерделі ғалым жиналғандар алдында бүгінгі, тәуелсіз мемлекеттің заң саласының қалыптасу, даму барысы, жалпы қоғамның күн тәртібіндегі маңызды мәселелері, оны шешу жолдары туралы кең көлемді әңгіме қозғады.
Жылы шуақты жүздесулерден соң негізгі жұмысының жай-жапсарын баян етті:
– Мен ертең Ақжалға (Шет ауданы, Қарағанды облысы. – Н.Д.) өмірлік жарым Шәрбан Батталованың есімі берілген мектепке жүремін. Шәрбан менің жұбайым, балаларымның анасы ғана емес, ең бірінші кеңесшім, досым болды. Оқыған-тоқығаны мол, көргені көп апаң менің бар жағдайымды жасап, үйдің шырайын, отбасының берекесін келтіруден ешқашан айныған емес. Ұзақ жылдар бойы қаншама адаммен, жақсы-жайсаңмен дәмдес-тұздас, сыйлас болып, туыстай араласып кетуімнің түп-төркіні де осы Шәрбанның алымдылығының, кішіпейілдігі мен кеңпейілдігінің арқасы еді...
Оның туған жерге, ағайын-туысқа деген ықыласы, құрметі де ерекше болатын. Өскен елін, ұшқан ұясын әркез ілтипатпен еске алып, мейірім шуағымен алқап отыратын. Өзі – Керней, Түйте атасынан ғой. Жарылғаптай батыр, Құлжанбектей болыс, Бәйсейіттің Нұрланындай мырзалар, Дия қажы сияқты ғұламалар шыққан текті тұқым. Соның барлығын тағылымды әңгіме етіп өрбітіп, кейінгі жас буынға өнеге етуден жалықпайтын.
Алда-жалда ел жаққа жол түсе қалса, сонау Мойынтыдан асқан соң Жарық стансасына дейін пойыз дәлізіне шығып алып, сағым буған сары далаға ұзақ қарап, алабұртып отыратын. Туған жерінің әрбір бел-белесін, тау-тасын танып, онда өткізген балауса күндерін еске түсіретін болуы керек. Мүмкін нәубет жылдардың жазылмас жарасы мазалайды... Біз, мен, балалар бар, мұндай сәттерде оның ойын бөлмеуге, мазаламауға тырысатынбыз.
Тегі біздің алтын қазығымыз, тұғырымыз – туған жер мен туған ел ғой. Тіршілік иінінде көп жылдар бойы туған жеріне бара алмай кеткен еді. 1992 жылы Ақжолтай Ағыбай батырдың торқалы тойына арнайы шақырылған екен. Содан елімен, ауыл адамдарымен қауышып, бір жасап қайтқан жарқын жүзі күні кешегідей есімде...
Ертеңгі сапар жөнінде аудан басшыларына айтпа, әкім-қаралардың қажеті жоқ. Мен бұл жолы академик Зиманов емес, Шәрбан Батталованың жары, сол елдің күйеу баласы ретінде бара жатырмын, – деді.
Ертеңіне Ақжал кентіне сапар шектік. Химия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шәрбан Батталова есімі берілген мектепті аралап көрдік. Мұнда атқарылып жатқан игілікті шараларға көңіл тоғайттық. Салық ағай қанағат сезімімен:
– Бұл істің басы-қасында Ералы (Тоғжанов) екеуің жүрдің ғой. Апаларыңның әруағы разы, мен де ризамын. Қолдан келген көмегімді, қамқорлығымды аямаймын. Қандай мәселе болсын айтып, хабарласып тұр, – деді сөз түйінінде.
Ел іші қашанда кеңқолтық, пейілге бай ғой. Ардагер ағамен кездесу барысында түрлі, айта жүрер әсерлі оқиғалар да көп болды. Әдеттегі амандық-саулық барысында бір ширақ кейуана суырылып шығып:
– Жездеке, 90-ға келіп қалдың. Жасы ұлғайған адамға отбасында шүйіркелесіп, шай ішіп отыратын адам өте керек. Біз де біраз жасқа келдік, әмеңгерлік жолмен апамыздың орнына біреуімізді аламын десең, басымыз бос, дайынбыз, – деп айтып қалды.
Жиналған қауым күлкіге қарық болып жатыр. Ал ағамыз әзіл-шыны аралас айтылған бұл сөзге де мән беріп, орнықты жауап қатты:
– Шынында да, балдыздарымның арасында әлі де болса сыны кетпегені баршылық екен, ойланып көрем бе?!.
Кентте жаңа балабақша ашылып жатыр екен. Ағай мұнда да арнайы барып, жас жеткіншектерге аталық батасын берді. Осы жерде де бір оқыс оқиға орын алды. Бір атты жігіт арындап келіп, ат үстінен: «Әй, жездеке, жағдайың қалай?» деп қойып қалды. Біз оның бұл қылығын аса оғаш көрген едік, ағай соншалықты көңіліне алмады. Жайдары қалпын бұзбай, жақсы жауап берді. «Имеет право» деп бір ауыз сөзбен қайырды.
Бұл сапардан ағамыз үлкен әсермен қайтты. Өмірлік серігі Шәрбан Батталова есімін мәңгі есте қалдыру, оның есімі берілген оқу орнындағы игілікті іс-шараларға қатысты ел азаматтарына ризалығын білдірумен болды.
Арада бір-екі жыл өткенде университеттің бір топ маман-ғалымдары «Қаз дауысты Қазыбек би» тұлғалық энциклопедиясын шығаруды қолға алған едік. Соған орай қазақтың билер институтының білгірі ретінде Салық ағамызға Қазыбек би туралы бас мақала жазып беру жөнінде өтініш жасадық. Ағай оны ықыласпен қабыл алып, жылдам жазып берді. Өкінішке қарай, бұл заң саласының патриархы, ғұлама ғалымның ең соңғы мақаласы екен... Арада көп уақыт өтпей ағамыз фәни жалғаннан бақи дүниеге озды.
Сөз жоқ, адамның адамдық қасиеті істеген ісі, еткен қызметі, сіңірген еңбегі ғана емес, сонымен бірге айналасына, адамдарға, кейінгі буын өкілдеріне көрсеткен қамқорлығымен де өлшенеді. С.Зимановтың тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары ең алдымен Күлтелеев, Фукс сынды заң саласы мамандарының ұмыт бола бастаған еңбектерін қайта жарыққа шығаруына мұрындық болуының өзі көп жайды аңғартса керек. Өткен тұрмақ, өз тұрғыластарын әрең мойындайтын кесапат заманда мұндай ерлікке екінің бірі бара бермейді. Ұлы ұстаздың үлгі-өнегесі дегенде мен ең алдымен осы – өрелі тарихтың өміршең салт-дәстүрлеріне сәуле түсірген терең танымын, кемел кемеңгерлігін ерекше атар едім.
Тағы бір тәмсіл, тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары, ойдан тұсау, тілден тиек алынған алмағайып кезеңде академик Салық Зиманов ізденуші, талапкер жас ғалымдарды жинап алып, ел мен жер тарихы, ғылымның түрлі салаларының, оның ішінде заң, құқық ғылымдары, органдарының қалыптасу, даму үрдісі, дәстүрлі құқықтың қайнарлары, негіздері тұрғысында түрлі әңгімелер өрбітуді жаны қалайтын. Біз де осындай терең тағылымды әңгіме-әпсаналарға ерекше ықыласты едік.
Бірде Философия және құқық институтының бір топ жас ғалымы Салық Зиманов ағамызды ортамызға арнайы шақырып, осындай жылы шуақты кездесу ұйымдастырдық. Телегей-теңіз білім иесі, не нәрсені болсын кең ойлап, терең толғайтын абыз ақсақалдың сол жолы айтылған көп ғибратты әңгімелерінің қатарында мына бір тәмсіл жадымда жақсы жатталып қалыпты:
«Кез келген адамды заманы тудырып, дәуірі тәрбиелейді, өсіреді. Тек адамға сол заман, сол дәуір талаптары дәрежесіндегі биік интеллект керек. Сіздер сияқты, ғылымға ден қойған жас ғалымдар іздену, талаптану барысында дамудың төрт сатысынан өтеді: 1) әр нәрсеге ынталылық; 2) қол жеткенге масаттану; 3) өз-өзіне сын көзімен қарау; 4) ақыл-парасатқа жүгіну, тоқтамға келу.
Әуелде түртінектеп ізденіп жүріп, шаң басқан архивтерден, кітапхана қорларынан жаңа, тың дүниелер тауып аласыз. Сосын мол олжаға кенелгендей, кеудеңізге нан пісіп, масаттанып, айналаңызға маңыздана қарап, тіпті аға буын ғалымдарды, жетекшілеріңізді «менсінбей» қалған күй орнайды. Бірақ әлгі «ашқан америкаларыңыздың» бәрі бұрын қарастырылған, сөз болған, тәп-тәуір тақырып екені анықталғанда, қарадай жасып, өз-өзіңізге көңіліңіз толмай, сын көзімен қарай бастайсыз. Айналып келгенде, бар тапқан-таянғаныңыз, тынымсыз ізденістеріңіз бір ізге түсіп, жұмыстар жүйелі жолға қойылған кезде ақыл-санаңыз алға шығып, пайым-парасат үстемдік ететін болады.
Тек ғылымда емес, өмірде, қызметте де солай... Адам дамудың осы төрт кезеңін бастан өткереді. Бұл заңды да. Тек әрбір кезеңнің өз уақыты бар. Соны байқау керек. Біреуінде көп айналып қалсаң, басқасы ақсап, өміріңе зиян келтіруі мүмкін...» – деп жылы жымиып еді дана ұстаз.
Кезінде қазақтың асыл ұлдарының бірі, үлкен парасат иесі Салық Бабажанов қайтыс болғанда халық «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деп қайғырған екен. Заң ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан абыз ағамыз фәниден бақиға озғанда да Кеңсайға бет алған қаралы қауым тағы да сондай күйді кешкен еді.
Сайып келгенде, Салық аға қызметте талапшыл, қатал болғанымен, былайғы өмірде жүрегі жұмсақ, маңғаз жан еді. Әрқашан салмақты ойларымен, салиқалы сөздерімен ұлттың сөзін айта білген абзал жанның елі мен жері үшін сіңірген есепсіз еңбегі, ғибратты ғұмыры қашан да құнды әрі маңызды. Осындайда, шіркін-ай, ұрпағы осы кісінің ерен тұлғасын бағалай алды ма деген сұрақ туындайды.
Алып тұлғаның бір ғасырдан екінші ғасырға батыл қадам басқан өшпес даңқы мен адамшылық абыз бейнесін мәңгі жадылау, өнегесін талмай насихаттау, ұлықтау – артында қалған халқына сын.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
заң ғылымдарының докторы, профессор