Қаржы • 10 Қараша, 2022

Экономиканы несиелеу: Корпоративтік секторға қойылатын талап жеңілдей ме?

245 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Экономиканы несиелеу өте маңызды, сонымен бірге тәуекелі де жоғары. Президенттің айтуынша, банктерде қажетке жарамай триллиондаған теңге жатыр. Ал шағын және орта бизнес осы сәтте 42 млрд долларға мұқтаж. Бірақ банктер бәрібір белсенді несиелеуден тайсақтайды. Олар аяғын апыл-тапыл басқан бизнесті қолдағаннан гөрі, қызметі әртараптанған, маржасы жоғары сауда саласына қаржы құйғанды жөн көретін сияқты.

Экономиканы несиелеу: Корпоративтік секторға қойылатын талап жеңілдей ме?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Бірінші несие бюросының атқару­шы директоры Әсем Нұрғалиева ұшырасуы ықтимал тәуекелдерді былай тізбектейді.

«Шағын және орта бизнес саласында банктер мен несие ұйымдары нарықтық, салалық тәуекелдерге тап болады және сыртқы факторлар да көп әсер етеді. Сыртқы факторлар қазір жеткізу тізбегіне, логистикаға, өткізу нарығына және бағаға қатты әсер етіп тұр. Банктер де бизнеске кредит беруді тежей тұрады», дейді ол.

Ұлттық банк қазіргі уақытта банк секторымен бірлесіп экономиканы кредиттеу бойынша ынталандыру шараларын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта келіп: «Екінші деңгейлі банктердің кепілдік несиелеу мен корпоративтік кредиттеу үлесін төмендету мәселелері бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуді ұсынамыз. Себебі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап қаржы нарығын, оның ішінде екінші деңгейлі банктерді мемлекеттік реттеуді, қадағалауды және бақылауды Агенттік жүзеге асырады», деп жауап берді.

Алайда Агенттік экономиканы несиелеу туралы сауалдарымызға әлі күнге жауап берген жоқ. Олардың тарапынан жауаптың кешіктіріліп жатқанына 2 айға жуықтап қалғанын да айта кетейік.

Тақырыпқа қатысты біздің басы­лымның сауалдарына «Нұрбанк» пен Jusan Bank пікір білдірді. «Нұрбанк» АҚ басқарма төрайымы Гүлнар Мұса­таеваның айтуынша, банк қазіргі кезде өзін сенімді сезінетін салаларды, кәсіпорындарды кредиттейді және белгілі бір өсімге қол жеткізуде. Жыл басынан бері салаларға берілген кредиттерде басым орындарды келесі сала­лар иеленіп отыр: көтерме сауда –14,58%, тұтынушылық мақсаттағы кредит­тер – 12,47%, тағам өнеркәсібі – 9,38%. Ал ШОБ-тың несиелік қоржыны құры­лымындағы несие үлесі мынадай: қызметтер саласындағы кредиттер – 42%, өнеркәсіпте – 13%, жылжымайтын мүліктерге қатысты операцияларда – 13%, құрылыста – 9%.

Банктің несие портфелінде негізгі үлесті әуе жолы (28%), кәсіптік ғылым мен техникалық қызметтер (13%) жә­не өсімдік шаруашылығы мен мал шаруа­шылығы (12%) алып отыр.

«Нұрбанк» сонымен бірге «жасыл» экономиканы дамытуға да қол­дау көрсетуге тырысады және осы бағыт­тағы бірнеше жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, электрмен қамту, газ жеткізу, буды және ауаны кондициялау, қауіпті емес қоқыстарды өңдеу және жою секілді жобалар бар. Жақында ғана қайта жаңғырмалы энергия көздері бо­йынша Түркістан облысында 4 кентті электр қуатымен қамтамасыз етуге шамасы жететін шағын су электр стан­сасының құрылысын салу бойынша көлемді экожобаны қаржыландырды. Бизнеске жасалған кредиттердің басым көлемі айналымдағы қаражаттарды толықтыруға бағытталған. Сондай-ақ нысандардың құрылысын салу мен қайта құруға, негізгі қорларды сатып алуға да белсенді түрде кредит берілуде. Банк кәсіпкерлерге қаржылық қызметтердің күллі спектрін көрсете отырып, сонымен бірге олардың жобаларын дамыта келіп, ұлттық экономиканың тұрақты дамуына қолғабыс етуге талпынады», дейді Гүлнар Мұсатаева.

Қаржы институты басшысының айтуынша, кәсіпкерлер «Нұрбанктен» айналымдағы қаражатты толықтыру мақсатына 7 млн теңгеге дейінгі сомада кепілзатсыз кредит ала алады.

«Бұл өнімде қарыз алушыға тө­менде­гідей талаптар қойылады: соңғы үш жылда кредиттік тарихының дұрыс бо­луы, бланктік қарыздар бойын­ша бере­шек 7 млн теңгеден аспауы, қарыз алушының негізгі қызмет бо­йынша жұмыс тәжірибесі 12 айдан кем болмауы, ағымдағы шоттардың үзінді көшірмелерін тапсыруы және басшысының жеке кепілдігі болуға тиіс. Сонымен қатар банк басқа да құжаттарды сұрата алады», дейді қаржы институтының басшысы.

Jusan Bank 2022 жылдың 9 айында кәсіпкерлік субъектілеріне 270 млрд теңгеге жуық көлемде несие ұсынған. Банк кредит беруді жөн деп тапқан негізгі салалар – көтерме және бөлшек сауда, өңдеуші өнеркәсіп, қаржы және сақтандыру саласы. Ал қаржы сұрап келген бизнес өкіліне келесідей талаптар қояды.

«Қарыз алушыны қаржыландыру бойынша шешім қабылдау кезінде банк ең бірінші кезекте оның қаржылық жағдайына және несие алудың түпкі­лікті мақсатына мән береді. Қарыз алу­шының төлем қабілетіне ие болуы және ұсынылған қаражаттың кәсіпкер биз­несіне оң ықпал етуі біз үшін өте маңызды. Кепіл шартында банк Қазақ­стан Республикасының Азаматтық ко­дексінің талаптарына сәйкес келе­тін мүлікті кепілге қабылдайды. Кәсіп­керлікті дамытудың 2021-2025 жыл­дар­ға арналған ұлттық жобасы аясын­да сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және кепілдік беру бағ­дар­ламалары бойынша мемлекеттік қол­дау экономиканың нақты секторын несиелендіруді айтарлықтай ынталандыратынын атап өткіміз келеді», деп хабарлады банк.

Біраз уақыт бұрын экономиканы несиелеу мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң сынаған еді. Президенттің айтуынша, қазір банк­терде триллиондаған қаражат экономика игілігіне пайдаланылмай, босқа жатыр. Ол сондай-ақ соңғы 5 жыл ішінде берілген қарыздардың жал­пы сомасындағы корпоративтік кре­диттің үлесі 68%-дан 41%-ға дейін төмен­деп кетті деген деректі де келтірді. «Нұр­банк» басшысының пікірінше, корпоративті несие үлесінің төмендеуіне бірнеше себеп бар.

«Біріншіден, базалық мөлшерлеменің қарқынды өсімі және банктің қор жинау көзі болып отырған жеке тұлғалардың депозиттері (маусымдық) бойынша мөлшерлемені көтеру субсидия бағдарламасына енбейтін, соңғы қарыз алушылардың мөлшерлемелерінің артып кетуіне соқтырады. Екіншіден, базалық ставкаға байланысты қаралатын мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын қайта қарастыру және мемлекеттік бағдарламалар аясында экономиканың басымдықты салаларының тізімін қысқарту да әсерін тигізді. Одан бө­лек, валюта бағамының өсуі сырттан әкелетін өнім мен негізгі құралдардың қымбаттауын тудырып, мұндай жағдай негізгі қорларды жаңарту, өтімділік мерзімін арттыру сияқты істерді тежеді», дейді банк басшысы.

Президент Ұлттық банк, Агенттік және Үкімет үштігі нақты секторды қолжетімді және тұрақты несиелеудің нақты шешімін табуы керек деген еді. Нақты секторға тиімді шарттармен несие беру бойынша шетел тәжірибесін де зерделеп көру керегін жеткізді. Jusan басшылығының хабарлауынша, қазір Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының алаңында барлық екінші деңгейлі банктердің және Агенттіктің қатысуымен нормативтік құқықтық құжаттарға өзгеріс енгізу мәселесі талқыланып жатыр.

«Талқылау қорытындысы бойынша экономиканың нақты секторын неғұрлым белсенді қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан корпоративтік сектордың қарыз алушыларына қойылатын талаптарды жеңілдететін бірқатар өзгерістер қаралуда», делінген банк жауабында.

Банк осы кезге дейін бизнеспен бірігіп нарықты игеру бойынша ортақ жобалар қолға алды ма? Немесе сондай жобаларды әзірлеу, өндіріске енгізу жос­пары бар ма?

«Клиенттеріміздің құрамы айтар­лық­тай ауқымды. Мысалы, жалпы қуаттылығы жылына 1 млрд литрге жететін, үш бірдей заманауи өндірістік алаңға иелік ететін, Қазақстандағы сусындар өндірісі бойынша көшбасшы саналатын компаниялардың бірін кре­диттейміз. Бүгінде компанияда 2 500 адам еңбек етеді, ал кәсіпорын шы­ғаратын сусындарды күн сайын мил­лиондаған қазақстандық тұтынады. «Нұрбанк» 2020 жылы ет өңдейтін жаңа зауыттың құрылысын қаржыландырды. Ет өңдейтін комбинат – Қазақстанның солтүстік өңіріндегі ең ірі және сапалы өнім шығарудағы жоғарғы технологиялы комбинаттың бірі. Заманауи кешен бүкіл жұмысын «HALAL» стандарты бойынша жүргізеді және ол ең заманауи еуропалық жабдықтармен жабдықталған. Халықаралық стандарттарды қатаң ұстанады», дейді Г.Мұсатаева.

Сонымен бірге банктің тағы бір клиенті жақында Ақтөбеде балаларға арналған ең үлкен ойын-сауық паркін ашқан. «Мұндай жобалардың іске асуын­да үлкен әлеуметтік мән жатқанына сенімдіміз және біз олардың банкпен жасалған серіктестік арқылы жүзеге асып отырғанын мақтанышпен айтамыз», дейді банк өкілдері.

Ал Jusan Bank несиесін тұтыну бо­йынша Астана, Алматы, Шымкент қа­лаларының және Қарағанды мен Атырау облыстарының кәсіпкерлері белсенді.

«Банк инвестициялық мақсатта­ғы қарыз алушыларды жиі қаржылан­дырады. Соның нәтижесінде жаңа өн­діріс орындары ашылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар модернизация­ланып жатыр. Банк құпиясы саналған­дықтан қаржыландырылып жатқан жобалар туралы егжей-тегжей айта алмаймыз. Тағы бір айта кетерлік жайт, банк өзінің бизнес процестері мен сервистерін белсенді түрде цифрландырып жатыр. Бұл банк клиенттерінің сапалы қызмет алуына жағдай жасайды. 2022 жылы банк кәсіпкерлердің кепілсіз 100 млн теңгеге дейін несие алуына мүмкіндік беретін «Онлайн-кредит» өнімін іске қосты», деп жауап берді банк басшылығы.

Бір түйткіл бар. Бұл жоғарыда спикерлер ішінара айтып өткен базалық став­ка жайы. Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені 16 пайызға көтерді. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, базалық ставканың бұлайша тым жоғары болуы бизнесті несиелеуге кері әсер етеді.

«Ақша ағынын ішкі өндірісті дамы­туға бағыттайтын ақылға қонымды ақша-несие саясаты қажет. Әзірге монетарлық саясат банктер мен ірі депозит иелерінің пайдасына жұмыс істеп тұр. Базалық ставканың 16 пайызға көтерілуі несие бойынша ставкалардың да өсуіне әкеліп соғып, енді несие бизнес үшін одан сайын қолжетімсіз болып кетеді. Қымбат несиенің жүгі бюджетке түседі. 2023 жылы мем­лекеттік қарызға қызмет көрсетуге Қа­зақстан тарихындағы рекордты сома жоспарланған – 1,8 трлн теңге. Ал банк­тер үшін триллиондаған өтімділігін Ұлттық банк нотасына орналастырған, сөйтіп жылдық 16 па­йызбен табыс тапқан тиімді. Байлар байи береді, кедейлер кедейлене түседі», деп ашына пікір білдірді депутат.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, экономикаға кредиттер 2022 жылғы қыркүйекте 2 пайызға өсіп, 21,1 трлн теңгені құрады (жылдың басынан бергі өсім – 14,1 пайыз немесе 2,6 трлн теңге). Заңды тұлғаларға кредиттер осы жылғы қыркүйекте 1,3 пайызға ұлғайып, 8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте жыл басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 3,6 пайызды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 3,9 пайызға өсті). Биыл қыркүйекте заңды тұлғаларға 988 млрд теңге сомаға қарыз берілді, бұл 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда 1,5 пайызға көп. Ал ірі бизнеске берілген қарыздар жыл басынан бері 2,7 пайызға, 3,3 трлн теңгеге дейін, шағын және орта бизнес (жеке кәсіпкерлікті қоса алғанда) қарыздары 6,8 пайызға, 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайған.