Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ата Заңға енгізілген түзетулер еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Сондықтан Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі Парламентте емес, республикалық референдумда шешілді.
Конституциялық өзгерістер азаматтардың сұраныстарына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылды. Әсіресе азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған заңдарға ерекше тоқталғым келеді. Оған сәйкес, Конституциялық сот азаматтар өтініші бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Екіншіден, өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім түпкілікті бекітілді. Үшіншіден, прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленді. Бұл жүйелі құқық қорғау қызметін және мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды күшейтеді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға тәуелді болмау және есеп бермеу кепілдіктеріне ие болғаны да халықтың назарын аударғаны сөзсіз. Уәкілдің Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар.
Жалпы, бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Конституциялық реформа жүйелі сипатқа ие. Нәтижесінде, барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артады. Конституциялық реформадағы өзгерістер арқылы Әділетті Қазақстан теңдік пен әділдіктің туын желбіретеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жақсы өмір сүргенін қалайды. Осы конституциялық өзгерістер арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, қоғамдағы жағдайды оңалтқысы келеді. Бұл өзгерістер арқылы біз гүлденген, Әділетті Қазақстан құра аламыз. Бұл өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінетініне сенім мол.
Марат БӘШІМОВ,
Еуропалық құқық пен адам құқығы сараптамалық институтының директоры