Атап айтсақ, мемлекетімізге, азаматтарға аса қауіп төндірмейтін әрекет жасағандардың жазасы «Рақымшылық туралы» Заң аясында кешіріледі. Мысалы, теріс қылықтар, онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар осы рақымшылық заңына жатады. Әрине, әртүрлі баптар бойынша қарастырылады.
Бірақ террорлық, экстремистік әрекеттер, сыбайлас жемқорлық қылмыстары және де елімізге опасыздық жасаған азаматтар, азаптаумен айналысқандарға рақымшылық жасалмайды. Себебі олар жалпы қоғамға, мемлекетімізге, әсіресе азаматтарымызға аса қауіп төндіретін қылмыстық әрекеттер санатында. Сондықтан негізгі рақымшылық заңының басты күретамыры мен түйіні – мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан шалыс басқан азаматтарға жасалған ізгілік пен мейірімділік актісі деп түсінген жөн.
Тағы бір ескере кететін жайт. Рақымшылық жасалған азаматтарға Үкімет тарапынан, жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан жұмысқа орналастыру, денсаулығына қатысты көмек көрсетіледі. Тұрғын-жайы болмаған жағдайда арнайы орталықтар оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін де қарастырады.
Жалпы, рақымшылық заңының одан әрі орындалуы, осы құжатқа сай босатылған азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселесі мемлекет назарынан тыс қалмайды.
Берік БЕКЖАНОВ,
Мәжіліс депутаты