29 Мамыр, 2014

Балалар – байлығымыз

381 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын Қазақстанның ратифи­ка­цияла­ғанына 20 жыл толуына арналған халықаралық конференция өтті. Бала құқықтары туралы конвенция – Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы 16 ақпанда Нью-Йоркте қол қойған және Қазақстан Республикасының Парламенті ратификациялаған алғашқы халықаралық шарттардың бірі. Сол кезден бері еліміздегі білім, денсаулық сақтау салаларына және әлеуметтік бағдарламаларға мемлекеттік инвестициялаудың артуы нәтижесінде миллиондаған қазақстандық балалар оның нәти­желерін көріп келеді. Қазақ­стандағы көптеген ұлттық құқықтық құжаттар мен бағдар­ла­малар осы халықаралық шартқа сәйкес келу үшін жақсартылды. Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенцияға қол қоюының 20 жылдығын атап өту еліміздегі бала құқығын іске асыру прогресіндегі басты кезең болып табылады. Бала құқықтарын қорғау, ана мен баланы қорғау әрдайым, тіпті, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы ең қиын жылдары да мемлекетіміз саясатының ең маңызды басымдықтарының бірі болды. Бүгінгі халықаралық басқосуды Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Г.Ықсанова жүргізіп, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д.Назарбаева, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы А.Бижанов, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы М.Бекбосынова, Еуропа Одағының Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, елші А.Бушез, Норвегия елшісінің орынбасары В.Енцен, ЮНИСЕФ-тің өкілі Д.Кукита құттықтау сөз сөйледі. Бала құқықтары туралы конвенция әлемдегі елдердің басым көпшілігі ратификациялаған халықаралық құжат болып табылады. Ол балалардың ұғым-түсінігін және балалар мәселесін қалай шешу қажеттігі жөніндегі көзқарасты толығымен өзгертті – Конвенция бойынша балалар қамқорлық пен ілтипат білдіру объектілері болып қана қоймай, сонымен қатар, кез келген елдің және қоғамның толық құқықты мүшесі болады. Әлемдегі елдердің абсолютті көпшілігінің Конвенцияны қабылдауы олардың бала құқығын ілгерілетуге деген шынайы ұстанымын растап отыр. «Бүгінгі күні осы жиырма жылда Қазақстан бала құқықтарын, оның экономикалық және әлеуметтік саламаттылығын қамтамасыз ету саласында елеулі прогреске қол жеткізді деп айтуға толық негіз бар, – деді өз сөзінде Д.Назарбаева. – Біздің елімізде 18 жасқа дейінгі балалар 5 миллионнан астам және олар шамамен бүкіл халықтың үштен бірін құрайды. Жыл сайын елімізде 300 мыңнан астам бала дүниеге келеді, ал өткен жылы 387 мың бала туды. Бұл жыл сайын біздің еліміз орта есеппен бір облыс орталығы – қала халқының санына өсіп отырады деген сөз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «біздің жерімізде туған әрбір бала – қазақстандық. Мемлекет оған қамқорлық жасауға тиіс». Балалар мүддесіне орай ауқымды мемлекеттік бағдарламалар – білім беруді дамыту бағдарламасы, «Саламатты Қазақстан», «Ба­лапан» бағдарламалары, Мем­лекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі 1 миллионнан астам адамды қамтып отыр, деді Вице-спикер конференцияда сөйлеген сөзінде. Бір ай бұрын біз депутаттар бастамашы болған заң жобасын талқыладық, мұның мәні «Әрбір балаға – отбасы қажет» деп қарапайым тұжырымдауға болады. Осы заң жобасымен жетім балаларды асырап алу рәсімінің ашық болуын арттыру, ықтимал асырап алушыларды, патронат отбасыларды және қорғаншыларды материалдық тұрғыдан ынталандыру және т.б. бойынша бірқатар шаралар ұсынылып отыр. Бұл құжаттың нақты балалардың тағдыры үшін қаншалықты маңызды екенін осы залда отырғандардың барлығы да түсінеді, дей келіп, сол проблема бойынша конференцияға қатысушылардың пікірін сұрады. «Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы алға үлкен мақсат қойып отыр – 2050 жылға қарай Қазақстан әлем елдерінің неғұрлым дамыған отыз елінің бірі болуы тиіс. Еліміздің осы жолда үлкен мүмкіндіктері бар екеніне біз сенімдіміз. Біз балаларымыздың болашағы қандай болуы керек екенін және осы мақсатта қандай әрекет жасау керек екенін білеміз. Балаларымыздың бақытқа қол жеткізіп, денсау­лық­тары мықты болуы үшін қолдан келгенін аянбауымыз қажет. Бұл қолымыздан келеді», деп сенім білдірді Д.Назарбаева. Конференцияның «Конвенция­ның 20 жылдығы және жаңа жоспарлар» атты бөлімінде Сенат депутаты Бірғаным Әйті­мова «Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын ратификация­лау кезіндегі Қазақстан Респуб­ликасының негізгі міндеттемелері», Мәжіліс депутаты Зағипа Ба­лиева «Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясы аспектінде жетімдіктің алдын алуды жетілдіру перспективалары», Білім және ғылым министрінің орынбасары Есенғазы Иманғалиев «Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвен­цияның инклюзивтік білім берудің дамуы мен балаларға қатысты қаты­гездіктің алдын алу ережелерін жүзеге асырудағы прогресс туралы» деген тақырыптарда баяндама жасады. «Балалық шақты қорғаудағы біріктірілген тәсіл» бөлімінде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «Ана мен баланың денсаулығын қорғау жүйесі дамуының прогресі туралы», Бала құқықтары мен заңнама жөніндегі ЮНИСЕФ-тің эксперті Каролин Гамильтон (Ұлыбритания) «Балалық шақты қорғау саласындағы заңнаманы жетілдірудегі халықаралық тәсілдер туралы», Денсаулық сақтау саласы бойынша экономикалық талдау жөніндегі ЮНИСЕФ-тің эксперті Джеймс Черконе (АҚШ) «Ана мен баланың денсаулығын қорғау жүйесіндегі қызметтердің дамуына шыққан шығындардың тиімділігі туралы», ЮНИСЕФ-тің эксперті Александр Ковалевский (Ресей) «0-3 жастағы балалардан бас тартудың алдын алу бағдарламаларының тиімділігі туралы» деген тақырыптарда ой бөлісті. Шара Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Парламенті, Норвегия Үкіметінің, Еуропа Одағы делегациясының және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ұйымдастырылды.