Қаржы • 11 Қараша, 2022

Зейнетақы қорының кірісі артты

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың жинақ сомасы 14,1 трлн теңгеден асты. БЖЗҚ-ның хабарлауынша, осы сомадан жүзеге асырылған төлемдерді ескергендегі зейнетақы жинақтарындағы жинақталған таза инвестициялық кірістің үлесі 36,7 пайызды құрайды.

Зейнетақы қорының кірісі артты

2014 жылдан бері Ұлттық банк қамтамасыз еткен таза инвестициялық кіріс (барлық зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіру үрдісінің аяқталуы) 6,8 трлн теңге болған.

«2022 жылға тән қаржы нарығының құбылмалылығына қарамастан, зейнет­ақы активтерінің инвестициялық порт­фелін құралдар, салалар және валюталар бойынша әртараптандыру есебінен шілде айында 9 айдың қорытындысы бойынша оң инвестициялық кіріс алынды. Салымшылар мен алушылардың шоттарына 716,8 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Зейнетақы активтері бойынша Ұлттық банк қамтамасыз еткен соңғы 12 айда­ғы кірістілік (2021 жылғы қазаннан 2022 жылғы қыркүйекке дейін) 7,52 пайыз­ды құрады», делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Айта кету керек, зейнетақы жинақ­тары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Инвестициялық кірістің мөлшерін кемінде 1 жыл кезеңінде талдау орынды. Қор сарапшыларының айтуынша, қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) айқын нәтиже көрсетпейді, өйткені ол нарықтың үнемі құбылмалылығына тәуелді. Мысалы, зейнетақы активтерінің 5 жыл ішіндегі жинақталған кірістілігі – 55,8 пайыз, жинақталған инфляция 53,7 пайызды құраған.

Егер одан да ұзақмерзімді кезеңді алсақ, онда жинақтаушы зейнетақы жүйе­сі құрылған күннен бастап (1998 жыл) 2022 жылғы 1 қазандағы инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 722,84 пайызға жеткен. Ал бүкіл кезеңдегі инфляция – 646,37 пайыз.

Осылайша, орта және ұзақмерзімді талдауда зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі қамтамасыз етіліп отыр. Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын қордың сайты немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинеттен көре алады.

Инвестициялық басқарудағы зей­нет­ақы активінің жалпы көлемі 14,1 трлн теңгеден асса, Ұлттық банктің сенім­герлік басқаруындағы актив мөлшері – 14 095,38 млрд теңге, жеке ком­па­ниялардағы активтер – 9,06 млрд теңге. Қор активтері Қаржы минис­тр­лі­гінің облигацияларымен қатар квази­мемлекеттік компаниялардың (1 725,87 млрд теңге – портфельдің 12,24 пайы­зы), екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ облигациялары – 929,12 млрд теңге немесе портфельдің 6,59 пайызы; ЕДБ депозиттері – 197,09 млрд теңге, 1,4 пайызы) және халықаралық қаржы ұйымдарының (382,32 млрд теңге, 2,71 пайызы) бағалы қағаздарына және басқа қаржы құралдарына инвестицияланады.

Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номи­нал­данған валюталар бөлінісінде инвестициялық портфель былайша ұсынылған. Ұлттық валютадағы инвес­тициялар – 70,17 пайыз, АҚШ долларында – 29,75 пайыз, басқа валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,08 пайызы.

Елімізде қазір инвестициялық порт­фель­ді басқарушы төрт компания бар. Оларға берілген жалпы қаражат көлемі – 9,06 млрд теңге болса, соның 4,045 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруында. Бұл компанияның  басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 0,64 пайыз, 12 айда 4,83 пайыз болды. «Halyk Global Markets» АҚ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 2022 жылдың 1 қазанына – 2,58 млрд теңге. Кірістілік жылдың басынан бері 1,16 пайыз болса, 12 айда – 4,5 пайыз. «BCC Invest» АҚ 1,46 млрд теңгені басқарады. Инвестициялық қызмет­тің нәтижесінде «BCC Invest» АҚ басқа­руындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі осы жылдың басынан бері -0,38 пайыз, соңғы 12 айда 3,31 па­йызды құрады.

2022 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша «Сентрас Секьюритиз» АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 0,97 млрд теңге. «Сентрас Секьюритиз» басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі 2022 жылдың басынан бері – 2,06 пайыз, соңғы 12 айда 4,74 пайызды құрады.

Зейнетақы жинақтарын ИПБ бас­қа­руына аударған кезде мемлекет ке­піл­­дігі басқарушы компанияның зей­­нет­ақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жө­нін­дегі кепілдігімен ауыстырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарық­та әрекет ететін ИПБ басқаруына беріл­ген зейнетақы активтерінің орташа алын­ған кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.

п