Медицина • 11 Қараша, 2022

Көкірек қуысының кеселі

1149 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Екінің бірі демесек те, адам баласының екі пайызында кездесетін көкірек қуысы кеселдерін, яғни кеуденің шодырайып шығып кетуі, яки керісінше ішіне кіріп кетуін бүгінгі медицина қалай емдейді? Өйткені өкпе, қолқаны қысқан осынау дертпен дүниеге келгендер бар. Қалай десек те, денсаулығындағы дәл осы кінәратпен жүргендерге уақыт оздырмай операция жасатуға, емделуге тура келеді.

Көкірек қуысының кеселі

Сонымен кеуде қуысы деформациясын емдеудің әдіс-тәсілдері туралы кеңірек білу үшін Алматыдағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының кеуде бөлігі хирургиясы орталығының меңгерушісі Нұрлан Жарылқапов өткізген баспасөз мәслихатына келдік. Себебі бұл орталық кеуде қуысы ауруларын емдеуге айтарлықтай машықтанып келеді.

«Кеуде қуысы деформациясы адамдардың 2 пайызында кездеседі. Сүйек және шеміршек тіндеріндегі өзгерістер кеуденің тірек қызметін бұзып, қозғалуға қажетті көлемін төмен­детеді. Төс және қабырғалардың қисаюы тек косметикалық кінәрат қана емес. Бұл психологиялық тұрғыда күйзеліске түсіріп, кеудеге орналасқан ағзалардың да қызметін бұзады. Мұндай жағдайда тыныс алу жолдарында кедергілер пайда болып, қатты деформация жүректі қысып, қалыпты жұмысы қоса бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ кеуде деформациясының ауыр түрі омыртқаның қисаюына әкеледі. Деформацияның бұл түрін түзету тек эстетикалық жағынан ғана емес, медициналық көрсеткіштер бо­йынша да қажет», деп бастады сөзін Н.Жарылқапов.

Маман кеуде қуысының деформациялануына туабітті және жүре пайда болатын кеселдер себеп болатынын, клиникалық тәжірибеде кеуде қуысының көбінесе шұңғыма сияқты немесе шоқы тәрізді түрлері кездесетінін айтады.

«Ең көп таралғаны кеуде қуысының шұңғыма тәріздісі және ол жаңа туған 400 нәрестенің біреуінде кездеседі. Ал шоқы сияқты екінші түрі шұңғыма тәрізді түріне қарағанда 5 есе аз. Шоқы тәрізді кеуде деформациясы кезінде кеу­де қуысының алдыңғы-артқы көлемі ұлғаяды да, әртүрлі дең­гейде, әртүрлі орналасып, жота түрінде қалыптасып, кеуде қуысының көлденең бүйірінің көлемі тарылады», дейді дәрігер.

Мұндай деформациялардың дамуын түсіндіретін бірнеше теория бар. Кейбір авторлар шұңғыма тәріздісі­нің дамуы төс сүйекті кері итеретін қа­бырға шеміршегінің шамадан тыс өсуімен байланысты болуы мүмкін дейді. Сол сияқты диафрагматикалық ауытқулар, рахит немесе жатырішілік қысымның жоғарылауы да төс сүйе­гінің кері ығысуына ықпал етеді деп есептеледі.

Көбінесе шұңғыма тәрізді деформация тірек-қимыл аппаратының басқа кеселдерімен, мысалы, Марфан синдромымен және деформацияның белгілі бір дәрежеде дәнекер тінінің ауытқуларына байланысты екені байқалады. Сонымен қатар генетикалық детерминизм шоқы тәрізді деформациясы бар науқастардың 40%-ында кездеседі.

Кеуде қуысының қызметі қалыпты емес екенін сырт көзге анық байқалып тұратын пішінінен бөлек, жүрек-қан тамырлары аурулары, тыныс алудың қиындауы, салмақтың азаюы, артериалды қан қысымының көтерілуі, шамадан тыс тершеңдіктен де білуге болады.

Сондай-ақ маман мұндай опе­ра­циялар қалай жасалатынын, опера­ция­дан кейінгі қалпына келтіру қанша уақытқа созылатыны және оны кімдерге жасауға болмайтыны туралы да түсіндіре келе, операцияны барынша ерте, жас кезінде жасатуға кеңес берді. Өйткені балалардың қалпына келуі тез және оңайырақ жүреді.

«Хирургиялық операция жасатуға ешқандай қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда науқас шара қолданбаса, кеу­де­ні қысып тұрған деформация сал­дарынан ішкі ағзалардың қызметі бұзылуы әбден мүмкін. Насса операциясы – бұл шұңғыма тәрізді кеуде деформациясын түзейтін, ағзаға барынша зиянын аз тигізетін хирургиялық араласу. Деформацияны түзету технологиясы үш кезеңнан тұрады: пластина салу, оны тағып жүру кезеңі мен пластинаны алу», деді спикер.

Осы арада 18 жасқа дейінгі пациенттер мемлекет есебінен сақтандырылғанын және тегін медициналық көмек ала алатынын айта кету керек.

Маман әрбір науқас үшін жеке-дара ем тағайындалатынын, консервативті немесе хирургиялық араласу әркімнің денсаулығының ерекшеліктеріне байланысты жүзеге асырылатынын айтады.

«Біздің клиникада кеуде қуысы органдарының әртүрлі аурулары –  мо­йын, өкпе, кеңірдек, көкірек, өңештің тарылуы, қалқанша безі қатерлі ісігіне, кеуде қабырғасы ісігіне, кеңірдек-өңеш жарасына, сүт безінің қатерсіз ісігі, қалқанша безінің және айыр без ауруларына операцияның көптеген түрі жасалады», деді Н.Жарылқапов.

Клиникалық тәжірибеде науқастарды хирургиялық емдеудің дәстүрлі және денсаулыққа зияны аз (эндоскопиялық) әдістері кеңінен қолданылады. Кеуде қуысының деформациясын емдеу әдісі оның қаншалықты ауыр екенімен, өкпе, жүрекке қалай әсер етіп жатқанымен анықталады. Шұңқыр кеудесі немесе кеуекті деформациясы аса білінбейтін науқастар – жаттығу, массаж, физиотерапия, тыныс алу жаттығулары, жүзу, корсет кию арқылы емделгенімен, ол деформацияны толық түзете алмайды, тек тежей алады. Сондықтан орташа және ауыр деформация кезінде тек хирургиялық операция ғана кеуденің жұмысын қалпына келтіре алады.

Бұған қоса ауруханаға жатқызу бюросы порталы арқылы МӘМС аясында тегін хирургиялық көмек пен ем, ұйымдармен келісімшарттар жасау арқылы ақылы көмек көрсетіледі.

Орайы келіп тұрғанда, еліміздің шалғай өңірлерінің тұрғындары да телефон, электронды пошта арқылы алдын ала хабарласып, мамандар кеңесін ала алатынын айта кету керек. Өйткені кеселін кеудесіне жасырып, қиналып жүрген жандар табылуы неғайбыл емес. Сол сияқты орталықтың аймақтарға өз аяғымен барып, көшпелі кеңес, операциялар ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Мәселен, 2022 жылдың тек 9 айында №1 ҚКА кеуде бөлігінің хирургия орталығында кеуде органдарына 260 операция жасалған. Қазіргі уақытта аурухана ең заманауи диагностикалық технологиялармен жабдықталған, бұл ең күрделі жағдайларда жоғары дәлдіктегі диагностика жүргізуге мүмкіндік береді.

Спикердің айтуынша, осы Тора­кальды хирургия орталығында трахеобронхоскопия (көбінесе бронхоскопия деп аталады) – жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарын ба­рынша терең зерттеу­ге, оптикалық құрылғы көмегімен шырышты қабықтар жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін эндоскопиялық зерттеулер (трахея, бронхтар) жүргізіледі.

«Тек бронхоскопиялық зерттеу әдісінің көмегімен бронхтың ішкі бетін толық визуализациялауға болады. Тыныс алу жолдарын зерттеуді эндоскопияға маманданған жоғары білікті дәрігерлер барлық халықаралық стандарттар мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып жүргізеді», дейді дәрігер.

Бүгінгі таңда бұл озық диагности­калық әдістердің бірі ғана емес, сонымен бірге диагностикалау, диагнозды растау, биопсия жасау, аурудың ауырлығын анықтау, мұрын-жұтқыншақ, кеңірдек, өңеш пен өкпенің созылмалы қабынуы мен іріңді аурулары бар науқастарды емдеудің, бөгде заттарды алудың ең маңызды және тиімді жолына айналған.

Қалай десек те, елімізде аталған кеселге келгенде ең күрделі хирургиялық операцияларды жасай алатын жоғары білікті мамандар мен заманауи технологиялардың табылатыны қуантады. Мәселен, кеуде қуысына операция жасайтын отандық хирургтер Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Голландия, Үндістан сияқты елдердегі клиникаларда оқып, күрделі операциялар жасауға машықтанған.

 

АЛМАТЫ