Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Биыл 9 айдың шеңберінде елдегі кәсіпорындардан атмосфераға тараған шығарындылардың көлемі шамамен 900 мың тоннаға жуықтапты. Бұл көлем – былтырғы сәйкес кезеңмен есептегенде 18 пайызға төмен. Ал Астанада бас-аяғы 54,2 мың тонна шығарынды қалыптасып, былтырға қарағанда 15 пайызға төмендегені байқалады. Әрине, бұл нәтиже жайдан-жай қалыптаспайды, табиғатты қорғау бағытындағы үйлесімді істердің есебінен шығып отыр. Министрлік қаладағы экологиялық жағдайға талдау жасап, соның негізінде ауаның, су ресурстарының ластануы, қалдықтарды заңсыз орналастыру және көгалдандыру мәселесі өзекті екенін анықтаған. Бірақ зерттеудің нәтижесі осы бағыттағы жұмыстардың тұралағанын білдірмейді. Себебі былтыр экожүйені жақсарту мақсатында жаңа Экологиялық кодекс және «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қабылданған еді. Сондай-ақ 2020 жылы өңірлерде экожүйені жақсарту жөнінде Жол картасы бекітіліп, ауқымды жұмыс кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Мәселен, Астана қаласында Жол картасы негізінде 13 жоспарлы жұмыс бекітілсе, соның ішінде 8 тапсырма орындалған. Бір қызығы, қаланың газ тартылған кейбір аумағында әлі күнге дейін қатты отынды пайдаланатындар азаймаған. Сондықтан Экология министрлігі әкімдікті «ҚазТрансГаз» компаниясымен баға саясатын қайта қарап, әлеуметтік әлеуеті жағынан осал топтарға жәрдемдесуді ұсынды. Қалада биыл 100 дана электробус сатып алынса, оның 75 пайызы газбен жүретін режімге ауысқан.
Министр С.Брекешов халықты су ресурстарының жай-күйі алаңдататынын, әсіресе Есіл өзені мен оның салаларына су ағызу туралы шағымдар жиі түсетінін ашып айтты. Бұл – инженерлік желіге қосылған жеке сектордың, яғни кәсіпорындардың пайдаланған суды заңсыз әрі тазартусыз жіберуінің салдарынан туындаған түйткіл. Сарыбұлақ өзенінің бойында, су қорғау аймағында орналасқан жеке секторда қалдықтардың көлемі артқаны байқалған. Сондай-ақ елорда тұрғындарының 8 пайызы әлі күнге дейін орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған. Сәйкесінше, олар шұңқырларды пайдаланады. Бүгінде қала әкімдігі мен министрлік су айдындарын тазартып, жағалауындағы қоқыстарды шығаруға кіріскен.
– Су ресурстарының ластануын болдырмау мақсатында әкімдік барлық абонентті орталықтандырылған кәрізге қосу бойынша жұмысты ұйымдастырып, нөсер ағындарының коллекторына рұқсатсыз ағызуды болдырмау бойынша бақылауды қамтамасыз етуі керек. Заңсыз ағызу көздерін анықтау және инженерлік су құбыры желілерін жөндеу үшін қаланың жерасты су құбыры желілерін зерттеп, оларды «Астана Су арнасы» МКК тазарту стансаларына қосуды қамтамасыз ету қажет, – дейді С.Брекешов.
Бас қалада қалдықтарды өңдеу, басқарумен қатар рұқсат етілмеген полигондардағы берекесіздік алаңдатады. Себебі космомониторингтің көмегімен биыл 551 полигон анықталып, оның 53 пайызы утилизацияланған.
– Қоқыс полигонының көбеюіне Экокодекстің жаңа талаптары әсер етіп отыр. Яғни қоқыс шығаратын ұйымдарға құрылыс қалдықтарын қаланың шетіне шығаруға тыйым салынған. Полигондарды жою мақсатында арнайы кесте де әзірленді. Алайда полигондар жойылмады. Сондықтан министрліктің жергілікті департаменті Есіл ауданы әкімі орынбасарының жауапкершілігін қарау жұмыстарын жүргізуде. Министрлік заңсыз полигондарды жою мақсатында бірқатар шараны қолға алып отыр, – деді ведомство басшысы.
Бұл мәселені үйлесімді шешу үшін қала әкімдігіне қалдықтарды азайту бағытындағы жұмыстарға кірісіп, шағын және орта бизнес субъектілерін коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу шараларына тарту ұсынылды. Сонымен қатар әкімдік қалдықтарды басқару жөніндегі жағдайды халыққа хабардар етіп, қоқысты басқару бойынша жедел бағдарлама бекітуі маңызды екені айтылды.
Еске салсақ, жаңа Экологиялық кодексте белгіленген талапқа сай жергілікті атқарушы органдардың қоршаған ортаға қатысты мәселелерде өкілеттігін едәуір күшейту және кеңейту көзделген. Енді әкімдіктер ауа сапасы нашарлаған кезде қалаға қоғадай қаптаған көліктердің кіруін тыйып, қолайсыз метеорологиялық жағдайда, мәселен, желсіз күнде кейбір кәсіпорындардың жұмысына уақытша шектеу қоя алады.
Үкімет орман шаруашылығын дамыту мәселелеріне де бейжай қарамайды. Қазір республиканың ормандылығы 5 пайызды құраса, 2030 жылға қарай көрсеткішті 5,3 пайызға арттыру көзделген. Президент тапсырмасымен былтыр 5 жылда 2 млрд ағаш отырғызу межеленіп, сол жылы 138 млн ағаш отырғызылған. Енді биыл жоспар бойынша 279 млн дана ағаш отырғызу көзделген. Орман өсімін бақылап, мониторингтеу үшін интерактивті карта жасалған. Осы жоспарлы шаруалардан тыс елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Мысалы, елорда әкімдігі Қаланы көгалдандыру мен жасыл аймақтарды құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспарын әзірлеген. Нәтижесінде былтыр қалада 1 млн 65 мың ағаш отырғызылса, осы бағыттағы тапсырмалар биыл да үзілмейді. Бұдан бөлек Астана қаласының төңірегіндегі жасыл белдеудің көлемі 90 мың гектардан асты.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратынан түйгеніміз, Астана қаласында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстар сан алуан екен. Бұған министрмен кездесуге келіп, көкейдегі сұрағын қойған елордалықтар куә.
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»