29 Мамыр, 2014

Байтақ нарықты бағындыру – міндетіміз

292 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
СагымбаевТаяуда еуразиялық экономикалық интеграцияның тиімділігі мен тартымдылығы туралы «Азия Авто» АҚ президенті Ерік САҒЫМБАЕВПЕН әңгімелескен едік. Кәсіпорын жетекшісі отандық өнеркәсіптердің өз өндірісін өрістетуі үшін аталған экономикалық құрылымның пайдасы туралы сөз қозғады. – Ерік Ерлесұлы, сіз жетекшілік етіп отырған «Азия Авто» АҚ Ресеймен бірлескен кәсіпорын ретінде құрылғаны белгілі. Осы уақытқа дейін кәсіпорын Кеден одағы шеңберінде жұмыс істеді. Алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа жалғасатын бұл құрылым кәсіпорынның кеңейе түсуіне қаншалықты ықпал етті? – 2010 жылы Кеден одағының құрылуы қазақстандық автоөнеркәсіп­тің дамуына үлкен ықпалын тигізді. Айталық, бірінші кезекте, авто­нарықтағы бағаны реттеу жүйесінде үйлесімділік пайда болды. «Азия Авто» кәсіпорны қазақстандық зауыт­тардың ішінде алғашқылардың бірі болып, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының территориясына кедендік алымдарсыз еркін кіруге мүмкіндік алды. Аталған елдер арасындағы әріптестіктің Кеден одағынан Еуразиялық экономикалық одақ форматына көшуі – ТМД кеңіс­тігіндегі қуатты автоөнеркәсіп өндірісі жүйесін қайта жандандырып, зауыттарымызға тың интеграциялық мүмкіндіктер береді деп ойлаймын. 2013 жылы біз өнім өндіруді 88 пайызға, биыл алғашқы тоқсанда төрттен бір бөлігіне ұлғайттық. Ендігі уақытта еліміздің ішкі тұтынуына арналған өндіріс көлемін өсіруді жалғастыратын боламыз. Алайда, өндіріс үдерісін жетілдіре түсу жоспарын жүзеге асыру үшін өнімдерімізді Кеден одағы елдерінің нарығына шығаруымыз керек. Онсыз алға қарай басу мүмкін емес. Сондықтан, отандық автоөнеркәсіптегі барлық жобаларымыз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болатын елдердің сауда нарығын бағындыруға негізделетін болады. Осыған орай ресейлік әріптес­терімізбен бірге жылына 120 мың автокөлік шығару қуатына ие жаңа автозауыт құрылысы жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл зауытта шығарылатын автокөліктердің көптігі соншалық, бізге бұл өнімді өткізу үшін еуразиялық экономикалық интеграция кеңістігімен бірге ТМД елдерінің нарығын да игеру керек болады. Сол себепті, кез келген экономикалық интеграциялық құрылым отандық тауар өндірушілер үшін пайдалы болатынына сенеміз. Жаңа зауыт 2017 жылы пайдалануға беріледі. Бұл уақытқа дейін «Азия Авто» зауыты өндірістік қуатын жылына 60 мың көлікке дейін ұлғайтуды көздеп отыр. – Өскеменде шығарылып жатқан көліктер бүгінде Ресей нарығына шығарылып жатыр ма? Зауыт өндіре­тін өнімдердің ішінде ресейлік көлік маркалары ғана емес, шетелдік көлік түрлері де бар. Олардың сапасы мен бағасында қандай да бір айырмашылық бар ма? – Өткен жылы біздің зауыт ресейлік нарықтағы көлік түрлері жүйесін мақұлдау үдерістерінен өтті. Біз ресейлік тұтынушыларға автокөліктердің алғашқы буынын сәтімен жөнелттік. Осымен ресейлік территорияға қазақстандық автоөнеркәсіп өнімдерін тасымалдау тоқтады. Қазақстан Үкіметінің күш салуымен Ресейге тұрақты көлік тасымалдауға қойылған кедергілер мәселесін алу туралы оң шешімге қол жеткізіледі деп ойлаймын.  Қазір біздің автокөліктерге жекелеген және шекаралық аудандардың тұтынушылары арасында тұрақты сұраныс бар. «Азия Авто» АҚ өз өндірісінде түрлі модельдерді кеңінен шығаруымен танымал десек болады. Қазақстанда Ресеймен салыстырғанда, көптеген көлік түрлерін шығару әлдеқашан жолға қойылған. Біздің зауытта шығарылған кейбір модельдер көрші нарықта таныстырылып үлгерген жоқ. Логистика мен өндірістегі шығындарды оңтайландыру нәтижесінде мүмкін болып отырған жоғары сапа мен оңтайлы баға өнімдеріміздің Ресейдегі өтімділігіне алдағы уақытта жол ашады деп ойлаймыз. – Зауыттың жылдық тауар айналымы қанша? Қазақстандық авто­көлік­­терге өзге елдерде сұраныс қаншалықты? – «Азия Авто» кәсіпорнының үлесіне Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің 80 пайызы тиесілі. Былтыр 31 мың автокөлік шығардық. Барлығы ішкі нарықта сатылып кетті. Ал өндірістің жылдық көлемін ақшаға салып есептесек, 100 миллиард теңгеден асады. Бұл – әлемнің ең үздік жүздігіне енуге, сондай-ақ, Қазақстандағы машина құрастыру компанияларының үздік үштігінің қатарынан табылуға мүмкіндік беріп отыр. – Зауытта қанша адам жұмыс істейді және олардың орташа еңбекақысы туралы айтсаңыз? – Қазіргі уақытта зауыттың Өскемен­дегі өндірістік алаңында мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды. Бұл – өңір бойынша ғана емес, республика бойынша орташа еңбекақы көлемінен жоғары. Одан өзге, Қазақстанның ірі және шағын қала­ларында автокөліктерді сату орта­лық­тары жұмыс істейді. Онда да бірқатар адамдар жұмыспен қамтылып отыр. Әңгімелескен  Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.