Қоғам • 13 Қараша, 2022

Табиғатты түлететін жобалар

223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр «EcoBusinessLab» қанатқақты жобасының бірінші кезеңінде 35 студент оқу курсынан өткен еді. Бүгінде олар бизнесін табысты іске асыруда. Шарапаты мол жобаны «ITeachMe» қоры Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және серіктес «Шеврон» компаниясының қолдауымен бастаған-ды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында кеңінен ақпарат берілді.

Табиғатты түлететін жобалар

«ITeachMe» қоры құзыреттілікті дамыту орталығының директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, жобаның іріктеу кезеңі биыл мамырда қайта басталып, ел бойынша 300-ден аса талапкер өтінім қалдырған. Бұдан әрі іріктеуден өткен жастар білім алып, мамандардың көмегімен қолға алатын істің жоба-жоспарын да түзеді. Осыдан соң дайын бизнесті нарыққа шығарып, грант алуына да болады.

Сонымен биыл барлық өңірден 40 студент іріктеліп, олар бірнеше ай кәсіпкерлікті дамыту курсынан өткен. Осы аралықта кәсіпкерлік, экология, әмбебап дизайн бойынша сессияларға қатысып, тәлімгерлер­мен жұмысты пысықтап, еңбектен­ген. Бұдан соң құрамында «Шев­рон» компаниясының қоғаммен бай­ла­ныс жөніндегі үйлестірушісі Жанар Қош­панова, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық саясат және орнықты даму департаменті директорының орынбасары Жазира Жанкина бастаған қазылар алқасы 32 презентацияны мұқият тыңдаған. Олар экологиялық мәселелерді қаперге алып, ұлттық кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосады деп санаған жобаларды іріктеген. Дауыс беру нәтижесінде қа­зылар Шеврон компаниясынан 500 мыңнан бастап, 1 млн теңгеге дейінгі бизнес идеяларды дамытуға арнал­ған және «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ-дан 150 мыңнан 500 мың теңге­ге дейінгі грант жеңіп алған 9 жоба­ның авторы анықталды. Нақтырақ айт­сақ, «Шеврон» компаниясы 6 тү­лекке 1 млн теңгеге дейін грант бер­се, «Шинхан Банк Қазақстан» ак­цио­нерлік қоғамынан 3 грант алған үміт­кер бар.

– Пандемия салдары, қаңтар қасіреті халықтың өміріне үлкен өзге­рістер әкелді. Пандемиядан кейін­гі дағ­дарыс жастарға да әсер етті. Шағын және орта бизнестің тұра­лауынан жұмыссыз жастар көбейді. Бүгінде төтенше жағдайлардан кейінгі ахуал оңалып келеді. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Бірақ осы жағдайлардың барлығы жастардың қысқа мерзімде дамудың жаңа бағытына көшуге дайын еместігін аңғартты. Дамудың жаңа бағытын іздеген кәсіпкерлер нарықтың өркендеуіне үлес қоса отырып, «ITeachMe» бастамасын құруға негіз болды. Жоба ерекше қабілеттілігі бар топтардың еңбекке қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жәрдемдеседі. Біздің мақсатымыз – бизнес тек пайда әкеліп қоймай, тұтынушылар үшін экологиялық жағынан таза болуы деген ұстанымның шеңберінде қалыптасты, – дейді З.Бегалиева.

«EcoBusinessLab» жобасы 20 мен 40 жас аралығындағы азамат­тарға арналған. Мұнда студенттер кәсіп­керліктің негіздерін меңгерумен шектелмей, кез келген істі бастарда экологиялық мәселелерді ескеруді үйренеді. Қордың басшылығы кәсіп­керліктің барлық бағытында экологиялық мәселелерді ескере отырып, жоспар түзуге болаты­нын айтады. Сондай-ақ жобада қоғам­ның барлық тобындағы сұраныс еске­рілген. Бизнес идея әзірлеуде жас­тар қалдықтарды азайту, өңдеу, экологиялық құрал-жабдықтарды пайдалану сынды мәселені ескерген. Үйлесімді іске асқан ерекше идеялардың ішінде қостанайлық Анастасия Кравченконың қолға алған «Ладага» жобасы мен Бекжан Қайырғалиев жетекшілік ететін тамақ қалдықтарын био тыңайтқышқа қайта өңдеу жобасы да бар. Сондай-ақ жоба түлегі офтальмолог Роза Адықова қайта өңделген пластик қалдығы­нан көзілдірік жасау ісін қолға алған. Сапалы, табиғи әрі қолжетімді тауар­ға сұраныстың жоғары болатыны айтпасақ та белгілі. Ендеше, жоба ­аясында биыл грант алған түлектердің ісіне біз де табыс тілейміз.

 

Сәндібек АСАНӘЛІ,

«Egemen Qazaqstan»