Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ
Облыс орталығында өткен салтанатты жиында облыстық жедел жәрдем стансасы орталығының директоры Савелий Пак облыс әкімінің қолынан жаңа «Жедел жәрдем» көлігінің кілтін алды. Былтыр сатып алынған 35 санитарлық автомашинаны есепке алсақ, станса 100 пайызға арнайы көлікпен қамтамасыз етілді деуге болады. Сондай-ақ халық санына шаққандағы бригадалар саны 75-ке жетті. Жалпы 10 мың адамға 1 бригада деп есептеледі, ал облыстағы халық саны – 667 мың адам. Демек бригада саны тиісті мөлшерден асты. Бұл – дәрігерлер дер кезінде барады деген сөз.
Жедел жәрдем кареталары барлық қажетті құралдармен, атап айтқанда, өкпені жасанды желдететін «Wienman» аппараттары, дистанциялық электрокардиограф, «Corpuls» дефибрилляторы, «Accuvac pro Wienman» электр аспираторы, омыртқаны қозғалтпай ұстауға арналған дип-панель, реанимацияға арналған орын, оттегі баллондары, пациентті тасымалдау кезінде пайдаланылатын арнайы төсек, жұмсақ зембілдермен жабдықталған. Одан бөлек ауылдық медициналық пункттер мен амбулаториялар үшін 13 машина алу қарастырылған, тіпті оның 8-і аудандарға жеткізілді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жедел жәрдем паркін жаңарту ел Президентінің медициналық қызметтердің, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Биыл мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыстың алты ауданының ауылдарында 12 блокты-модульді медициналық кешен салынады. 2024 жылға дейін мұндай нысандар өңірдің тағы 40 ауылында бой көтереді. 2023 жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде тағы 59 нысан салынады. Санитарлық автокөліктерді жаңарту да медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді. Былтыр 35 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды, бүгін тағы 40 санитарлық көліктің кілтін табыстаймыз. Осы арқылы пациенттерге жедел жәрдемнің жету уақыты қысқарып, алғашқы көмекті дер кезінде көрсету мүмкіндігі арта түседі деп ойлаймын. Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау – қашанда негізгі басымдық болып қала береді», деді Б.Исабаев.
Жалпы, Президенттің тапсырмасына сәйкес республикалық бюджеттен Ақсу және Кербұлақ аудандарындағы ауруханаларды, облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеуге, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінеді. Оған қоса 2023 жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жетісу облысында өңірдің ауылдық елді мекендерінде 59 нысан салынады, оның 15-і дәрігерлік амбулатория, 39-ы ФАП, 5-еуі медициналық пункт болмақ.
Облыс екіге бөлінгеннен кейін, Жетісуда халық саны едәуір азайды. Тиісінше әр саланың мамандары да екіге бөлініп, елге қызмет етіп жатыр. Осыдан 2-3 жыл бұрын Талдықорған қаласының кіреберісіне Алматы облыстық сотына арнап жаңа зәулім ғимараттың қабырғасы қаланған болатын. Алайда бүгінде сол құрылыс нысаны Жетісу облысының сотына тиімсіз деп танылып отыр. Бұрынғыдай емес, сот қызметкерлерінің саны қысқарған. Сол себепті де құрылыс уақытша тоқтатылған еді. Енді сол нысанды кардиохирургиялық орталық ретінде бейімдеп салу туралы ұсыныс қолдау тапты.
«Сырқатты ерте кезден анықтап, жүрекке күрделі операцияларды дер кезінде жасауға мүмкіндік беретіндіктен, Орталықтың жұмысы ана мен бала өлімін азайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Орталық жоғары технологияны қолдана отырып, осы аймақтағы ғана емес, көрші өңірлерде тұратын балалар мен ересектерге де сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Жалпы Жетісу жұртшылығына пайдалы нысан болады», дейді Б.Исабаев.
Осы ретте тағы бір қуанышты жаңалықты жария ете кетсек. Күні кеше Панфилов ауданы Жаркент қаласында «Мерей» балаларды оңалту орталығы ашылды. Бұл – бұрынғы облыс әкімінің резиденциясы болған ғимарат. Көпке белгілі, осы нысанды оңалту орталығына беру туралы шешім биылғы наурыз айында қабылданған еді.
Ғимаратты жаңғырту жұмыстарына, қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар сатып алуға 80 млн теңге жұмсалған. Орталықта Монтессори кабинеті, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, сол сияқты сенсор, массаж, процедуралық кабинеттер, логопед, дефектолог бөлмелері, тұз шахтасы, бассейн т.б бар. Екі корпустан тұратын ғимараттың жалпы алаңы – 910,4 шаршы метр. Нысан 40 орынға лайықталған.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Жетісу облысына қарасты Алакөл, Сарқан, Қаратал аудандарында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жалпы саны 140 орынды оңалту орталықтары ашылған. Қазір бәрі ел игілігіне қызмет етіп жатыр.
Жетісу облысы