Осыған дейін WBO нұсқасының теңдессізі саналып келген америкалық Андраде Деметриустің басқа салмаққа ауысуына орай үстіміздегі жылдың тамыз айында алтын белбеу Әлімханұлына ресми түрде табыс етілгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Яғни, чемпиондық атаққа ол жекпе-жекке шықпай-ақ қол жеткізді. Сол себепті қандасымыз осындай құрметке әбден лайық екенін Лас-Вегастағы бәсекеде сан миллион көрермен алдында тайға таңба басқандай етіп дәлелдеуге тиіс еді.
Аталған бокс кешінде Жәнібек Дензел Бентлимен жұдырықтасты. 27 жастағы Лондонның тумасы анау айтқандай азулы емес еді. Оның кәсіпқой боксты серік еткеніне бес жылдан асты. Сол уақыт аралығында 19 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жетті. 14 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бір рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді. Бентли бұған дейінгі жекпе-жектерінің барлығын да өз Отанында өткізіп, екі дүркін Ұлыбритания чемпионы атанды. Ал Жәнібектің жүріп өткен жолы көз алдымызда. Ол керемет әуесқой бокс мектебінен өтті. Азия және әлем чемпионы атанып, Азия ойындарында алтын тұғырға көтерілді. Рио Олимпиадасының ширек финалына дейін жетті. 2016 жылдан бері кәсіпқойлар арасында күш сынасуда. Сол кезден бері 12 рет рингке көтеріліп, барлық кездесуді өз пайдасына шешті. Сегіз қарсыласын есінен тандырды. Оның үстіне Әлімханұлының кәсіпқой бокс әлемінде барынша биік белестерді бағындырып, мол олжаға кенелуіне атақты Боб Арум жетекшілік ететін Top Rank промоутерлік компаниясының өзі мүдделі. Бірден айта кетейік, ондай құрмет тегін боксшыға көрсетілмейді және ондай бақ екінің біріне бұйырмайды.
Жоғарыдағы жайттардың барлығын ескере келе, сарапшылар мен букмекерлік кеңселерден бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін Жәнібек Әлімханұлын «бұл жекпе-жектің сөзсіз фавориті» деп атады. Тіптен қайсар қазақ қара нәсілді жігітті бәсеке бел ортаға жетпей-ақ ұрып жығатынына көпшілік еш күмәнданған жоқ. Бірақ бәрі көпшілік ойлағандай болмады. Иә, жекпе-жектің басынан ағына дейін Жәнібектің басымдығынмен өткені рас. Ол үнемі шабуыл өтінде жүріп, қарсыласын қыспаққа алды. Соққыларын да жиі дарытты. Бірақ соның біреуінен де қарсыласы айтарлықтай зардап шеккен жоқ. Шыны керек, сол кеште біз шынайы «қазақ стилін» көре алмадық. Ал қарымта шабуылға жүгінген Дензел ара-тұра ғана алға ұмтылды. Қазақтың ұлынан қаймықты ма, әлде чемпиондық белбеу үшін таласқанының өзін қанағат тұтты ма, әйтеуір Ұлыбритания боксшысы нартәуекелге бармады. Сырт көзге ол шаршы алаңда тек уақыт өткізумен жүргендей көрінді.
Ақыры дүйім жұрт жексенбі күні таң ата тұрып, теледидар арқылы тамашалаған жекпе-жек 12 раундқа дейін созылды. Төрешілердің барлығы да Жәнібектің жеңгенін бірауыздан мойындады. Есеп – 116-112, 116-112 және 118-110. Осылайша, қазақ боксшысы өзіне тиесілі әлем чемпионы атағын сақтап қалды.
Бізге бір ұнағаны, қандасымыздың соңғы раундтардағы қимыл-қозғалысы. 11 және 12 раундтарда ол жақсы соққыларын дарытып, Бентлиді біраз әбігерге салды. Тіптен ұрып жығуға да шақ қалды. Бірақ өзін GGG секілді әлемдік деңгейде түбегейлі мойындату үшін бұл тым аз. Орта салмақта кіл мықтылардың шоғырланғаны белгілі. Бұл жерде Геннадий Головкиннен бөлек, Эрисланди Лара, Карлос Адамес, Хайме Мунгия, Крис Юбенк, Эскиво Фалькао және тағы басқа дүлей күш иелері бар. Және де Әлімханұлының өзі «Канело» деген жанама есіммен танылған Мексиканың марқасқасы Сауль Альваресті де жиі-жиі жекпе-жекке шақыруда. Ал ондай мықтыларды жеңу үшін Жәнібекке әлі де жақсылап тұрып еңбектену керек. Ортаң қол ұлыбританиялық боксшы Дензел Бентлимен болған бәсекеден кейін біз осындай ойға келдік.