Саясат • 14 Қараша, 2022

Салтанат Тұрсынбекова: «Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – менің өмірлік миссиям»

401 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президенттікке кандидат, құқық қорғаушы және қоғам қайраткері Салтанат Тұрсынбекова Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюды өзінің өмірлік мақсаты деп есептейді. Бұл мақалада біз оның кім екені және неліктен елдегі әйелдер мен қыз-келіншектердің құқығын қорғауды мақсат тұтқаны туралы әңгімелейміз.

Салтанат Тұрсынбекова: «Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – менің өмірлік миссиям»

Салтанат Тұрсынбекова деген кім?

Салтанат Тұрсынбекова – екі баланың анасы әрі аяулы әже. Ауылда қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. Кәсіби еңбек жолын мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бас­таған. 5 жыл білім оша­ғын­да шәкірт тәрбиелеп, сынып жетекшісі де болған. Уақыт өте келе өз мансабының бағытын өзгертіп, кәсіби маман ретінде өсіп-өрлеп, отбасын асырап, қоғамды жақсы жаққа өзгерткісі келетін қазақстандық көптеген әйелге үлгі бола білді.

Ол 20 жылдан астам мем­ле­кеттік қызметте, оның ішінде Мем­лекеттік қызмет істері агент­тігінде, Жоғарғы Сотта және Бас прокуратурада қыз­мет ат­қарды. Мансап жолын­дағы 10 жылын басшылық лауа­­­зым­дарға арнады. Еліміз­дің бар­лық құқық қорғау ор­ганы­­­ның кадр саясатын әзір­леуге ат­салысты, Бас прокура­тура жа­нындағы Құқық қор­ғау ор­ган­дары академиясын, рес­пуб­ликаның барлық өңі­рін­де оқу-әдістемелік жұ­мыс­тар және про­куратура қыз­мет­кер­лер­і­нің бі­­ліктілігін арттыру орталық­та­рын құруға бастамашы болды.

Салтанат Тұрсынбекованың құқық қорғау қызметімен айналысқанына 5 жылдан асты. Ол соңғы жылдары елімізде ең көп талқыланатын және резонансты тақырыптардың бірі – отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресудегі көп жылғы қажырлы еңбегімен танымал.

Тұрмыстық зорлық-зомбы­лықпен күрес: ел ішінде атқарылған жұмыстар

Салтанат Тұрсынбекова мемлекеттік қызметте жүріп «От­басындағы зорлық-зомбы­лық­сыз Қазақстан» жобасын әзірледі. Жоба бойынша Қазақ­станның түкпір-түкпірін аралап, дағдарыс орталықтарында, балалар мен қарттар үйлерінде, әйел­дер колониясында, елімі­з­дің ең шалғай ауылдарында болды. Сондықтан да ол қоғамды алаң­дататын мәселелерді өте жақсы біледі.

Соның нәтижесінде Шым­кентте әкімдік жанынан Отбасы, балалар және жасөспірімдер ісі бөлімі, сондай-ақ отбасы­лық жанжалдарға арнал­ған меди­циналық психокор­рек­циялық орталық құрылды. Бұған қоса, 17 ауыл мен шағын қалада отбасын қолдау қызметі ашылды.

Үкімет «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының идеясын қолдады және бұл бастама қазір елорда мен төрт облыста іске асырылып жатыр. Болашақта өзге де өңірлерде осындай орта­лықтардың қызметін жолға қою жоспарланған.

С.Тұрсынбекованың құқық қорғау саласындағы тағы бір бағыты – өзін-өзі қорғаймын деп темір торға тоғытылған әйелдерге құқықтық көмек көрсетіп, қолдау білдіру.

Халықаралық деңгейде мойындалуы

Салтанат Тұрсынбекова құқық қорғау саласында қызмет ете­тін халықаралық ұйым­­дар­дағы әріптестерімен тығыз бай­лан­ыс орнатты, сондай-ақ  шетел­дер­дегі жиындарда Қазақ­стан­ның атынан сөз сөй­леп, түрлі бастама көтеріп жүр.

Салтанат Тұрсынбекованың «Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­сыз Қазақстан» жобасын БҰҰ-ның Қазақстандағы құры­лымдары зорлық-зомбылықпен күресу­дің тиімді ұлттық страте­гиялардың бірі ретінде мо­йын­дады.

2019 жылы Женевада БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінде С.Тұрсынбекова қазақстан­дық делегацияның құрамын­да «Қазақстандағы әйелдерге қа­тысты кемсітушіліктің бар­лық ны­сандарын жою» туралы кон­венцияның орындалуы туралы баяндаманы қорғауға қатыс­ты. Сол жылы БҰҰ-ның әйел­дерге арналған гранты аясында Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министрлігімен және Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, ұсынымдар алу бойынша жұмысты үйлес­тірді. Мем­лекеттік органдар қыз­меті­нің тиімділігін баға­лау, бюд­жеттік жоспарлау және тұр­мыстық зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу, зорлық-зомбылықтан зар­дап шеккен әйелдер мен қыз­дарды оңалту және реин­те­гра­циялау жөніндегі ұйым­дар­дың қызметін жетілдіру жұмыс­тарына белсене атсалысты.

2022 жылғы сайлауда пре­зиденттікке кандидат ретін­де ұсынылса да Салтанат Тұр­­сынбекова өз бағытынан тай­ған жоқ, сайлауалды бағ­дар­ламасының маңызды бөлігін тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге және әйелдердің өмір сүру жағдайын жақсартып, қоғамдағы орнын айқындауға арнап отыр.

«Мен Президент болсам да, болмасам да, әйелдер мен балалардың құқықтарын қор­ғауды жалғастыра беремін. Өйт­кені бұл – менің өмірлік миссиям. Кез келген қазақ әйелі­нің білім алуға, денсаулығын нығайтуға, мансап құруға, ұрып-соғусыз, қорлаусыз қалып­ты өмір сүруге құқығы бар. Егер адамдар мені осы рөлге ла­йық­ты үміткер деп есептесе, мен Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықты түбегейлі жоя­мын. Мен өмірдің барлық қиын­шылығын көрген қазақ әйел­деріне берген уәдемді орын­даймын»,  дейді ол.

Үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасында Қазақстанда көптен бері айтылып келе жатқан маңызды реформаларды ұсынды. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласындағы жаңа заң­наманы әзірлеу және қабылдау, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу түріндегі құқық бұзушылықтар үшін заңнаманы қатайту (Қазақ­стан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексінен ҚР ӘҚБтК-ге ауыс­тыру), әйелдердің зейнеткерлік жа­сын 58-ге дейін төмендету, ең төменгі жалақы мен күн­көріс деңгейін (зейнетақы жинақ­­тары, жәрдемақылар мен шәкірт­ақылар) ұлғайту, көпбалалы отбасылар мен қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардың қарыздарын кешіру және толық емес отбасылардың мәртебесін заңмен бекіту сияқты бірқатар маңызды бастаманы ұсынып отыр.

«Мен әйелдеріміздің жыла­ға­нын қаламаймын. Олардың қиындықсыз өмір сүруі үшін бар күшімді саламын», деп қосты ол.

Салтанат Тұрсынбекова құқық қорғаушы әйелдерді үміт үзбеуге, берілмеуге – өздері және балалары үшін соңына дейін күресуге шақырып, өз өмірінен мысал келтірді:

«Біздің бәріміз де сабырымызды шыңдау үшін өмірлік сынақтардан өтеміз. Мен Астанаға 1999 жылы келіп, екі ба­ла­ммен жүріп, 15 шақты жал­­да­малы пәтер ауыстырдым. Өте көп жұмыс істедім. Көз жасым да төгілді, реніш те бол­ды. Бірақ сіз басыңызға түс­кен сынақты болашаққа қадам ретінде қабылдасаңыз, күш-жігеріңіз арта түседі. Мені ешкім жоғарылатпады, «аға-көке» де, «тамыр-таныс» та қолымнан жетектеген жоқ. Маған кей әріптесімнің «Кет!» деген кезі де болды. Бәрін тастай салып кете салуыма да болар еді, бірақ мен оның орнына, жұмысқа жұрттың бәрінен бұрын келіп, түн жарымға дейін еңбек еттім. Өз жұмысымды жақсы білдім. Командада 10 адам болса, мен олардың әрқай­сысының функцияларын біле­тін­мін және кез келген маман үшін жұмыс істей алатынмын. Осылайша, тек еңбек пен күрес арқылы біз көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз. Бүгін мен – президенттікке үміткермін. 1999 жылы біреу маған келешегің осылай  болады деп  айтса, мен оған сенбес едім»,  дейді ол.

 

Анель Абулхаирова

 

Президенттікке кандидат С.П.Тұрсынбекованың сайлау қорынан төленді.