Спорт • 14 Қараша, 2022

Мықтылығын мойындатқан

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда штаб-пәтері Лондонда орналасқан Ұлыбританияның talkSPORT басылымы өзде­рі­нің спорттық мансабында бір­де-бір рет жеңілістің кермек дәмін татпаған кәсіпқой бокс­шылардың рейтингін жариялады. Үздіктер көшін атағы алысқа жайылған АҚШ-тың апайтөсі Флойд Мей­ве­зер бастап тұр.

Мықтылығын мойындатқан

1977 жылдың 24 ақпанында АҚШ-тың Мичиган штатына қарасты Гранд-Рапидс қаласында дүниеге келген Флойд Мейвезер жайында төрткүл дү­ние жанкүйерлері алғаш рет 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған XXVI жаз­ғы Олимпия ойындары ке­зінде ес­тіген еді. Аталған жарыстың тұсау­ке­сер кездесуінде ол Бақтияр Тіле­ге­­новті тізе бүктірді. Сол кезде Азия чем­­пионы деген дардай атағы бар қан­­дасымыздың 19 жастағы есімі көп­ші­лікке беймәлім былғары қолғап ше­беріне есе жібергеніне көңіліміз тол­маған еді. Бірақ мұнымыз бекер екен. Одан кейін жас дарын армениялық Артур Геворкян мен кубалық Лоренцо Ара­гонды жолынан ығыстырды. Ақыры жар­тылай финалда Болгарияның даңқты боксшысы, үш дүркін әлем және Еуропа чемпионы Серафим Тодоровқа бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылған Флойд қола медальды мойнына ілді.

Атланта Олимпиадасы аяқталған бетте кәсіпқой рингте күш сынасуға бел буған АҚШ боксшысы содан кейін бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан емес. 1996-2021 жыл­дар ара­лығында 50 рет шаршы алаңға шыққан ол барлық бәсекеде басым түсті. 27 қарсыласын нокаутқа жіберді. Мейвезерден таяқ жегендер арасында Диего Кораллес, Хосе Луис Кастильо, Де­­маркус Корли, Артуро Гатти, Шарм­ба Митчелл, Заб Джуда, Карлос Ма­нуэль Бальдомир, Оскар де ла Хоя, Рик­­ки Хаттон, Хуан Мануэль Маркос, Шейн Мосли, Виктор Ортис, Мигель Кот­то, Роберт Герреро, Сауль Альварес, Мар­кос Майдана, Мэнни Пакьяо сынды даңқтары жер жарған боксшылар бар. Ол аз десеңіз, осыдан бес жыл бұрын Лас-Вегастағы «Ти-Мобайл Аренада» Флойд ережесіз жекпе-жектің хас ше­бері Конор Макгрегорды техникалық нокаутпен ұтты. Ширек ғасырға жуық уақыт бойы қарсы келгендерді қоғадай жапырып, ХХІ ғасырдың теңдессіз бокс­шысы деп танылған Мейвезердің үздіктер рейтингінде көш бастап тұруға лайықты екені еш дау туғызбаса керек.

Үздіктер тізімінде екінші орынды Рикардо Лопес иеленуде. Жеңіл сал­мақ дәрежелерінде өнер көрсеткен Мексиканың марқасқасы 1985-2001 жылдар аралығында 52 кездесу өткізіп, 51 рет жеңіске жетті. 38 бәсекеде айқын басымдық танытты. 1998 жылы никарагуалық Росендо Альвареспен болған жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Негізі Лопес оны да ұтатын еді. Бірақ 8 раундта америкалық спортшының қабағы жарылып кетті. Бәсеке дереу тоқтатылды. Төрешілер біраз ойлана-толғана келе жоғарыдағыдай шешім қабылдады.

Үшінші сатыға Рокки Марчиано жайғасты. ХХ ғасырдың бел ортасында шаршы алаңды шайқаған АҚШ боксшысы 49 кездесудің барлығын өз пайдасына шешті. 43 қарсыласын есінен тандырды. Сондай-ақ ТОП-10 боксшының қатарына Джимми Бэрри (59-0-10), Джо Кальзаге (46-0), Андре Уорд (32-0), Теренс Кроуфорд (38-0), Тайсон Фьюри (32-0-1), Свен Оттке (34-0) және Александр Усик (20-0) сынды саңлақтар енді.