Кино • 14 Қараша, 2022

Соғыстың жұрты

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егер ғайыптан тайып жолыңыз түсіп, осы күндері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылына бара қалсаңыз, өткен ғасырдан бүгінгі заманға топ етіп түсе қалғандай ескі ауыл­ды көресіз. Өйткені Ақши ауылының маңында белгілі режиссер Талғат Теменовтің «Қара қыз» атты әскери драмасының кезекті сюжеттері түсірілді.

Соғыстың жұрты

Осылайша кескіндемеші-суретшілер сол кездің бү­кіл ахуалы мен бейнесін то­лық беру үшін жазық далада ІІ дү­ниежүзілік соғысы қар­саңындағы тұтас бір ауыл­ды салды. Мұн­да өткен күндердің куәсіндей ескі тоқал тамдарды, теміржол вокзалын, клуб, мектеп, пошта, диірменді та­буға болады.

«Тылдағы елдің тыныс-тіршілігін бейнелейтін ауыл­ды тұрғызуға бір жарым айдай уақыт кетті. Бұл өте қиын болды. Айдалада, ай­налада ештеңе жоқ, он шақ­ты адам жұмыс істедік. Ауыл өткен ғасырдың 30-40 жыл­дарындағы архивтік құжаттар негізінде жасалды. Бас-аяғы он бес ғимарат салдық», дейді картинаның қоюшы-суретшісі Еркен Сүлей­менов.

Қоюшы-суретші Еркен аталған фильмнің Солтүстік Қазақстан облы­сындағы тү­сірілім жұмыстарына да қа­тысқан. Ол жерде Сү­лей­меновтің командасы жертасалар, жаттығу орталығы, жау комендатурасы мен аурухананы салған. Қоюшы-суретші өзінің осы жұ­мысын болашақ фильмдерге арналған декорация ретінде қалдырғысы келеді.

«Менің бұл салада жүр­геніме он шақты жыл болды. Кино түсірілім­де­рінен кейін әдетте декорацияны бұ­зып тастағанда ішің күйеді. Бұл менің әкем­нің кіндік қаны тамған жер. Сон­дықтан «Қара қыз» картинасына бола іргесі қаланған ауылды келешекте басқа кинорежиссерлерге көмектесу үшін қал­дырғым келеді. Әсіресе жас студенттер мен олардың дип­лом­дық жұмыс­тары үшін де бұл «ауыл» жақсы болар еді», дейді Еркен Сүлейменов.

Сонымен «Қара қыз» – ІІ дүниежүзілік соғысы ке­зіндегі адамдардың тағды­рын ба­ян­дайтын әскери драма. Фильмде соғыстың барлық тақсіретіне қарамастан, бірін-бірі табатын кейіпкерлердің оқиға­лары баяндалады.

Басты рөлдерде жас актерлар Нұрай Сақтапова мен Ерлан Құлмұрзин ойна­ды. Нұр­ай үшін бұл кинодағы тыр­­­нақ­алды рөлі, ал Ерлан те­ле­­хи­каялардан жиі көрініп жүр.

«Менің кейіпкерім Ас­қарбек есімді қа­рапайым ауыл жігіті, соғыс жылдарын­да ол майданға аттанып, ба­тыл­дықпен шай­қа­сады. Фильм­­де ауыр көріністер көп, кө­рер­мендердің қызығу­шы­лы­ғын сақ­тап қалу үшін бар­лық құпияларды аш­пай-ақ қояйын», – дейді Ерлан Құл­мұрзин.

Сондай-ақ фильмге көп­шілікке танымал Дулыға Ақмолда, Медғат Өмірәлиев сынды өнер майталмандары да түскен. Кар­тинаның негізгі түсірілімі 23 қыр­­­­­­күйек пен 14 қазан ара­лығында Солтүстік Қазақстан облысының аума­ғын­­да, Қы­зылжар қаласының маңында өтті. Ал Ақши ауылын­дағы тү­­сірілім 2 қара­шада аяқ­тал­ды.

Мәдениет және спорт министр­лігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының кө­­мегімен тү­сірілген кар­­­тинаның тұсаукесері ке­лесі жыл­дың көктеміне жос­пар­ланған.

р

 

АЛМАТЫ