Алдымен Қазақстанның медиа кеңістігі Meta компаниясы және TikTok сынды әлеуметтік желі түрлерімен байланыс орнатуға ниетті екенін айтып өтейік. Жақында елордада өткен Медиа саласының өкілдеріне арналған AstanaMediaWeek-2022 апталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қос компаниямен тығыз байланыста жұмыс істейтінін мәлімдеген еді.
– Meta Қазақстанда өкілдік, ал TikTok офис ашуға, сонымен қатар медиасауаттылық курстарын оқытуға ниетті. Өйткені қазіргі таңда визуалды контент ақпарат алудың негізгі көзіне айналып бара жатыр. Мәселен, 2021 жылдың деректері бойынша 16-64 жас аралығындағы интернет пайданушылардың 63 пайызы интернетті негізінен ақпаратқа жылдам қол жеткізу үшін пайдаланады. Осылайша, интернеттегі жаңалықтар мен визуалды контент ақпаратты қабылдаудың негізгі арнасына айналды, – деген еді министр.
Құрамына Facebook, Instagram, WhatsApp және Oculus кіретін Meta деп аталатын трансұлттық холдингтің қазіргі таңда түрлі елдердегі филиалдарында жүзге жуық қазақтың ІТ маманы қызмет етеді. Соның бірі – 22 жастағы Ғалымжан Кенжетаев. Алматылық Ғалымжан Meta-ның Лондон қаласындағы филиалында Software Engineer болып жұмыс істейді.
– Мен мектепті Алматыда бітірдім. МУИТ-те оқыдым. Үшінші курстың басында алгоритмдік есептерге қызығушылық таныта бастадым, содан әртүрлі технологиялық компанияларда тағылымдамадан өтіп, қосымша жергілікті стартаптарда тәжірибе жинақтадым. 2021 жылы пандемия аяқталған соң компаниялар жаңа қызметкерлерді жинауды қайта бастағанда, мен де FAANG-қа өтініш бердім. Google, Meta және Amazon әңгімелесуге шақырды. Нәтижесінде, Meta және Amazon-нан ұсыныс алып, Лондондағы Мета-ға жұмысқа орналастым, деді Ғалымжан шетелдегі алғашқы қызметі туралы.
Бұрындары да туристік мақсатпен бірнеше елді аралаған Ғалымжанға Лондонның өміріне бейімделу аса қиынға соқпаған.
– Көшу кезінде қиындықтар болған жоқ. Өйткені ірі технологиялық компаниялар қызметкерлерге қоныс аударуға көмектеседі, олар ұшақ билеті мен тұрғын үй ақысын төлейді. Сонымен қатар тілдік курстан өтуді ұсынады, тіпті керек десеңіз үй жануарларын да тасымалдауға көмек береді. Осындай қамқорлықтың арқасында IT компанияда жұмыс тапқан адам үшін бейімделу үдерісі әлдеқайда жеңіл. Мен Қазақстанда 22 жыл тұрдым, шетелге тек турист болып бардым. Сондықтан алғашында Ұлыбританияның жергілікті халқымен араласып кету қиынға соға ма деп уайымдаған едім. Бірақ Лондонда көп қазақ тұратынын көрген соң, бірден көңілім орнына түсті, көп достар таптым, – деді Ғалымжан.
Жас маман Meta-да AR эффектілері, маскалар және Instagram ойындарын жасайтын Spark AR командасының мүшесі. Ғалымжанның айтуынша, компанияда кері байланысқа ерекше мән беріледі, қызметкерлерінің пікірімен санасу бірінші орынға қойылған.
– Meta кері байланыс мәдениетіне ие. Мұнда адамдар конструктивті пікір білдіруді және оны қабылдауды үйренген. Сіздің мансаптық өсуіңіз осыған байланысты. Маған компанияда ұнайтыны, бағдарламалық қамтамасыз ету инженерлері сіздің қай тілде немесе қандай технологиямен жұмыс істейтініңізге мән бермейді. Басқа компанияларда адамдар белгілі бір технологиялық стекке белгілі бір лауазымға жалданады. Meta-да сізді әртүрлі технологиялармен жұмыс істейтін түрлі жобаларға қатыстырып жіберуі әбден мүмкін. Ешкім сенен бәрін біледі деп күтпейді. Әркімге қажетті дағдыларды меңгеру үшін уақыт пен тәлімгер беріледі. Жалпы, Meta-да өзге компаниялармен салыстырғанда мүмкіндік көбірек. Мәселен, Лондондағы офистарында үш рет тамақ береді, транспортқа кеткен ақшаны өтеп береді және спортқа қатысты сатып алған заттарыңыздың ақысын да төлейді. Бұл жерде де басқа елдерге сапарларға шығу мүмкіндігі бар. Meta сізді басқа елден көшіріп алып келген жағдайда, көшумен байланысты бүкіл шығындарды өтеп береді. Сонымен қатар тұрғын үй табуға, бұрын тұрған елден жеке заттарыңызды алып келуге көмектеседі, бастапқы бірнеше ай отель арендасын төлейді, – деп Meta-ның артықшылықтарын айтты отандасымыз.
Meta-ның тәжірибесіз мамандардан да бірден бас тартпайтынын айтқан Ғалымжан: «Бұл жерде тәжірибелі мамандарға түрлі вакансиялар ашылады. Дегенмен тәжірибесіз мамандарды, яғни оқу орнын жақында бітіргендерді де жұмысқа алады. Ең бастысы – интервью кезінде ең қажетті алгоритмдік есептерді шеше алсаңыз болғаны. Одан бөлек, soft skills-қа, яғни адами қасиеттерге көп көңіл бөледі», дейді.
Жуырда Meta бас директоры Марк Цукерберг компанияның 11 мыңнан астам қызметкерін қысқартатынын мәлімдеген болатын. Осы мәселенің анық-қанығын Ғалымжаннан сұраған едік.
– 11 мың адам шынымен қысқартылды. Бұл компания тарихында ең бірінші үлкен қысқарту. Бұл әрине әлемдегі экономикалық жағдайдың салдары. Компания шығындарын азайту және инвесторлардың көңілінен шығу үшін осындай қадамға барып отыр. Бұл қысқарту маған әсер еткен жоқ, бірақ өкінішке қарай жұмыстан босаған таныстарым бар», – деді ол.
«Болашақта Қазақстанға ораласыз ба?», деген сұрағымызға Ғалымжан «Қазақстанға оралатын ойым бар. Бұл жердегі менің басты мақсатым – тәжірибе жинақтау. Ал болашақ өмірімді тек Қазақстанда елестетемін», деді.
Әңгіме соңында Ғалымжан жетекші ІТ ұйымдарда қызмет етуге ниетті жастарға кеңес берді. «Әлеуметтік желілерді бақылауға кеңес беремін. Өйткені түрлі вакансиялар осы желілерде кеңінен таратылады. Мәселен, Мен Facebook рекрутерінің хабарландыруын Linkedin-нен көрдім және оған көрсетілген талаптарына сәйкес келетінімді жаздым. Осылайша, мен Facebook-пен байланыс орнатуға мүмкіндік алдым. Amazon компаниясына да менде жолдама болды. Осы орайда, тағы бір лайфхак – Big Tech-те жұмыс істейтін адамдармен сөйлесу керек, танымасаңыз да әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып, байланыс орнатуға болады. Ірі компанияларда қызмет ететін қандастарымыз көп. Бұл үлкен жетістік. Әңгімелесуден өту үшін ағылшын тілін білу, алгоритмдік есептерді шешу дағдысына ие болу болу маңызды. Сондай-ақ жеке дағдыларыңыз да маңызды. Мінез-құлқыңызды бақылайтын сұхбат кезінде сізге «Жұмыс орнында жанжалдар болды ма?», «Сіз ауыр жұмыс жүктемесін қалай көтердіңіз?», деген сұрақтар қойылуы мүмкін», деп бөлісті ол.