Биылғы саммитте көшбасшылар Covid-19 пандемиясынан кейін жүзбе-жүз кездескелі тұр. «Үлкен жиырмалық» оффлайн форматта 2019 жылдың маусымында Жапонияның Осака қаласында бас қосты. Одан кейінгі 2020 (Сауд Арабиясы) және 2021 (Италия) жылы саммит онлайн форматында өткен еді.
Индонезия – халықаралық кездесулер өткізуде тәжірибесі мол ел. Сондықтан биылғы саммиттің осында өтуін барлық ел бірауыздан қолдады. Мәселен, Индонезия 2013 жылы Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) саммитін ұйымдастырып, Қытай, Ресей мен АҚШ секілді ірі державалардың басын қосты. Десе де 2014 жылы АҚШ пен Ресей арасы қатты шиеленісіп, сол жылы Аустралияның Брисбен қаласында өткен жиында Вашингтон Мәскеуді саммиттен алшақтатуға тырысқан болатын. Ал Балидегі «Үлкен жиырмалықтың» кездесуіне қатысудан Владимир Путиннің өзі бас тартты, сондай-ақ оның іс-шараға қатысушыларға бейнеүндеу жіберуі де жоспарланбаған. Оның орнына саммитке қатысу үшін кеше Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Индонезияға келді. «Оны құрметті қарауыл, бишілер тобы салтанатты түрде күтіп алды», деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Telegram арнасында.
Мария Захарованың мәлімдеуінше, саммитте Ресей баға және басқа да сыртқы қысымдардың әрекеттерін жоққа шығарып, сыртқы нарықтарға азық-түлік өнімдері мен энергетикалық ресурстардың сенімді жеткізуші болып қала беретінін жеткізбек. «Осыған байланысты бірқатар нақты бастамаларды жариялау жоспарлануда, соның ішінде Түркиямен газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту, астық пен тыңайтқыштардың ірі партияларын жеткізуді ұйымдастыру мәселелері бар», деді М.Захарова.
G-20-ның қазіргі құрамына Аргентина, Аустралия, Бразилия, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Мексика, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Сауд Арабиясы және Жапония кіреді. Балидегі жиын Германия канцлері Олаф Шольц, Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони және Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак үшін алғашқы саммит болмақ. Ал самиттің құрметті қонақтары ретінде Камбоджа, Испания, Нидерланд, БАӘ, Руанда, Сенегал, Сингапур, Суринам, Фиджи және Украина елдері шақырылған.
Украина президенті Володимир Зеленский 3 қарашада егер Владимир Путин саммитке қатысса Балиге бармайтынын мәлімдеген еді. Алайда 8 қарашада Киев Зеленскийдің саммитке онлайн қатысуы мүмкін деген хабарламаны растады. Сонымен қатар G-20 саммитіне АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпин қатысады. Осыған дейін Байден бұл жиында Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесін көтеруге уәде берген еді. Бұған қоса екі ел басшысы бірқатар аймақтық және жаһандық мәселені талқылайды деп күтіліп отыр. Өткен бейсенбі күні «Америка дауысы» сайты «Ақ үй президент Джо Байденнің Индонезияда өтетін G-20 саммиті алаңында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жоспарланған кездесуін жариялады», деп хабарлады. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьердің айтуынша, Джо Байден мен Си Цзиньпин Вашингтон мен Бейжің арасындағы байланыс желілерін сақтау мен оны әрі қарай дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеу шараларын қарастырады. Сондай-ақ Ақ үй өкілі Джо Байден Қытаймен қарым-қатынастың негізін қалауға дайын, бірақ туындаған мәселелерді, әсіресе, Тайвань мен адам құқықтарын ашық талқылаудан бас тартпайтынын айтты.
Жалпы, «Үлкен жиырмалықтың» күші зор. Ол Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті біріктіріп, олардың өзара ортақ шешімдер іздеп, мәмілеге келулеріне, бір-бірімен «оңаша» сөйлесулеріне жол ашады. Алайда сарапшылар G-20 елдері де екі жаққа «Батыс» және «Батыс еместер» болып бөлінетінін айтады. Мәселен, бірінші жартылыққа АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Канада, Аустралия, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуроодақ кіреді. Батыс еместерге Қытай, Ресей, Үндістан, мұсылман елдері – Сауд Арабиясы, Түркия, Индонезия, Латын Америка елдері – Мексика, Аргентина, Бразилия және Оңтүстік Африка Республикасы енген. Бұлар Батыстың Ресейді айыптау мен жазалау әрекеттеріне қосылмаған елдер.
2016 жылы Қазақстан ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы шақыруымен Ханчжоу қаласында өткен G-20 саммитіне қатысты. Сарапшылардың айтуынша, Қытай мен Қазақстан арасындағы кездесудің қорытындысы өте табысты болған. Мәселен, кездесу нәтижесінде 5 жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд долларды құрайтын түрлі жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ қазақстандық өнім көлемінің Қытай нарығында артуына жол ашылды. Олардың арасында бұған дейін кең көлемде экспортталған көмірсутегі шикізатынан бөлек, ауылшаруашылық өнімдері де бар.
Клубқа 2016 жылы төрағалық еткен Қытай өз тарихында бірінші рет оның саммитін қабылдады. Онда өткен жиында қаржы рыногы және экология мәселесі талқыланды. Өйткені сол кезде әлемдік қаржы ұйымдарын дүние жүзінде экономикалық өсімнің баяулағаны мазалаған еді. Сондықтан олар сауда-саттықты кедергілерден арылту жолдарын іздеуге тырысты. Ал экономикасы қарыштап дамыған Қытай ауаның ластануынан зардап шекті. Сол себепті ол экологиялық жобаларға қаржы тарту мақсатында «жасыл қаржы» мәселесіне көбірек назар аударды. G-20 елдеріндегі экономикалық өсім 2016 жылы орташа есеппен 1,5%-ды құрады. Бұл баяулаудың негізгі себептері демография (тұрғындардың қартаюы), корпоративті секторда және мемлекеттер деңгейінде қарыздардың өсуіне байланысты инвестициялардың азаюы, сонымен қатар протекционистік шаралардың көбеюі болды. Қытайдың бастамасы бойынша саммиттің күн тәртібіне «жасыл қаржы» тақырыбы енгізілді. «Жасыл қаржы» деп отырғаны – энергия үнемдеуші және экологиялық таза технологияларды қаржыландыру. Бұл жоба экономикасы дамыған елдерде, соның ішінде Қытай мен Үндістанда да іске асып келеді.
«Үлкен жиырмалықтың» тарихына оралар болсақ, G-20 әлемдегі экономикасы ең мықты дамыған және тез дамып келе жатқан елдердің клубы. Құрылтай конференциясы 1999 жылдың желтоқсанында Берлинде өтті. G-20 саммиттеріне тек мүше елдер ғана емес, Халықаралық валюта қоры, БҰҰ, Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдардың да өкілдері қатысады.
Негізі G-20 ұйымы 90-жылдардың соңында Азия елдерін шарпыған қаржы дағдарысына орай құрылды. Кризистік экономикасы тез өсіп келе жатқан дамушы елдерді әлемдік маңызы бар талқылаулар мен шешім қабылдауларға жеткілікті дәрежеде қатыстырмаудың зардабын көрсетті. Одан бұрын экономикасы аса ірі жеті ел G-7 форматында бас қосып әлем мәселелерін талқылайтын. 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс G-7 форматынан G-20-қа өту процесін тездетті. Өйткені әлемдік экономика бұрын-соңды болмаған тоқырауға ұшырайды деген қауіп күшейген еді.
Бір қызығы, әуелде G-33 құрылып, оның құрамында Бельгия, Чили, Мысыр, Гонконг, Марокко, Нидерланды, Польша, Сингапур, Кот д, Ивуар, Испания, Швеция, Швейцария және Тайланд болды. Одан кейін 1999 жылы G-22 пайда болды. Бір жыл ішінде ол G-20-ға қысқарды.