Әуелі ведомство басшысы Көксу қант зауытына барып, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Зауыт бүгінде 100 адамды тұрақты, 450-ге жуық адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр қант құрағын өңдеуге 200 млн теңге инвестиция тартылған еді. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 250 мың тонна, тәулігіне 2 мың тонна қант қызылшасы өңделеді. Іссапар барысында министр: «Елімізде 4 қант зауыты бар. Оның екеуі – Жетісу өңірінде. Біз қант қызылшасын өндіруге баса назар аударып отырмыз», деді.
Одан кейін Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» өндіріс орнына барып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу цехы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қойманың сыйымдылығы – 5 мың тонна.
Келесі кезекте Серік Жұманғарин Тіл сарайында өңір жұртшылығымен кездесті. Іс-шара барысында вице-премьер азаматтарды әлеуметтік қолдау, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Жетісу облысы әлеуметтік тұрғыдан белсенді дамып келеді. Қазір Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында емхана салынуда. 2025 жылға дейін Алакөл аудандық емханасы тұрғызылады. Талдықорғанда облыстық балалар ауруханасы және онкологиялық диспансер, Ақсу және Кербұлақ аудандарына тағы аурухана салу көзделіп отыр. Сонымен қатар Панфилов ауданында ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Бұдан басқа 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт іске қосылады», деді вице-премьер.
Сонымен қатар мәдениет саласында 2025 жылға өлкетану мұражайы, кітапхана, 7 ауылдық Мәдениет үйі бой көтермек. Өңірдің спорттық дамуы үшін 6 спорттық және 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу да жоспарлануда. Басқосуда ведомство басшысы атаулы әлеуметтік көмек бойынша атқарылып жатқан шаруаларға да тоқталды.
«Өңірде атаулы әлеуметтік көмекті шамамен 7 400 отбасы алады. Кейбір азаматтар мемлекеттен қолдау алу үшін қандай құжаттарды және оларды қайда тапсыру керектігін білмей жатады. Әлеуметтік салада, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік қолдау шараларын тағайындаудың проактивті форматына көшу үшін «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жүйе азаматтар туралы барлық мәліметті әртүрлі мемлекеттік органнан бірыңғай базаға біріктіреді. Осы арқылы азаматтардың әлеуметтік деңгейін айқындауға және оларға проактивті форматта кепілді мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік туады», деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Жиын барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен талқыланды. Сала басшысы биыл 12 қазанда Сауда комитеті, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен қант зауыттары арасында ел аумағында қант бағасын реттеу туралы меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Аймақтар бойынша қантқа деген қажеттілік және қаржыландыру мүмкіндіктері есептелген. Бүгінде 13 өңірде қарыз шарттары қол қою сатысында. Көксу қант зауытымен жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге несиелік келісім аяқталуға жақын.
Іссапар соңындағы қабылдауда қала тұрғындары мен кәсіпкерлер жер, су, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй мәселесі сынды көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Жетісу облысы