Иә, қазақстандық қоғамға айтылар сын, артылар кінә, өкпе-наз жетіп-артылады. Бұлардың барлығы айналып келгенде еліміздегі өмір сүру деңгейіне, жұрттың қоғамымыздағы көптеген мәселеге деген жалпы көңіл толмаушылығын сипаттайды. Бұл жағдай барлық терезесін ашып тастаған әлемге, яғни басқа елдерге тұрақты тұру не уақытша жұмыс істеу үшін азаматтарымыздың көптеп шығуына әсерін тигізуде. Осыдан келіп Қазақстанның әлеуеті төмендеп, адами капиталға деген зәрулік туындап отыр.
Адам капиталының тапшылығынан экономикалық-әлеуметтік теріс әсерлер пайда болатыны белгілі. Сонымен қатар мұның рухани зардаптары да айтарлықтай болатыны сөзсіз.
Шекара асып, шетел жайлаған азаматтарымыздың басты мақсаты – күнкөрістің қамы, мол қаржы тауып тұрмысын түзеу. Патриоттық сезімін оятар насихат, ақыл-нақыл, уағыз айтсаң да олардың бетін қайтару қиын. Өйткені сіздің мұндай сөзіңіз ешкімнің материалдық қажеттілігін өтей алмайтыны оған да, сізге де белгілі. Енді не істеу керек?
Міне, осы сауал бүгінгі атқарушы билікті мықтап ойландыруға тиіс. Тек ойланып қана қоймай, әлгі сұрақтың нақты жауабын іздеу қажет-ақ. Осы тұрғыда қандай да бір қадамдар жасау үшін бірінші кезекте жастардың, әсіресе солардың ішіндегі түрлі салалар бойынша мықты мамандардың кетуінен туындап отырған түйткілдердің зардабын, мемлекеттің дамуына тигізіп отырған теріс әсерін саралау, талдау мәселесі қолға алынатын уақыт жеткендей.
«Ақыл-ойдың» шет елдерге толассыз көшуін, еліміз үшін осынау жағымсыз үрдістің жыл сайын үдей түсуін үлкен мәселе көріп, оны тоқтатудың немесе екпінін төмендетудің амал-айласы әзірге табылмай тұрғандай.
Елдегі жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлықтың кесірінен қызметте өспеу, білімі мен біліктілігіне сай жалақы ала алмау және басқа да түйткілдер сіресіп тұрғанда «ақыл-ойдың» сыртқа ағылуын тоқтату қиын, әрине. Алайда осы мәселеге байланысты мемлекеттік деңгейде іс-қимыл жоспарын түзу үшін қоғаммен ашық талқылау өткізуге болады емес пе?
Шетке кетіп жатқандарды нақты есепке алып, олардың елден кетулерінің негізгі себептерін анықтап, соған сай іс-әрекет жасауға үкіметтің мүмкіндігі молынан жетеді. Бірақ сол баяғы салғырттық, немкеттілік аяққа тұсау болып отыр.
Мемлекет қазынасы халық қаржысынан, баршамызға ортақ қазба-байлықтардан түскен табыстан құралады. Сондықтан, мемлекет қаржысын үнемдеп әрі тиімді жұмсау – үлкен міндет. «Ақыл-ойдың» сыртқа ағылуы осы міндеттің лайықты орындалмай отырғанын көрсетеді. Қазақстандық күш-жігермен қалыптасқан «ақыл-ой» басқаға қызмет етіп жатса, әлгі міндеттің жөнді еңсерілмегені емес пе? Нақтылай айтқанда, бір адамға азамат болып өсіп, білім алып, мамандық иеленуіне дейін мемлекеттің, дұрысы халықтың қыруар қаржысы жұмсалады. Егер әлгі адам жетіліп болған соң лып етіп шетке кетіп қалса, оған кеткен шығын өтеусіз қалғандай болады.
Рас, кеткен адамның айтар уәжі бар: жұмыс жоқ, біліктілігіме сай ақы төленбейді, тағысын тағы. Сондықтан оған пәлен дей алмайсың. Міне, осы арада мемлекет әлгінің уәжіне лайықты жауап беруі, яғни айтылған себептерді жоюға тиіс. Әйтпесе, халықтың ақшасын босқа шашқан болып есептеледі.
Бүгінде кез келген дамыған мемлекет өзінің адами капиталын тиімді қолданбай ұшпаққа шыға алмасын біледі. Оны елдің, қоғамның басты ресурсы, қозғаушы күші ретінде қарастырады. Сондықтан олар адами капиталды дамыту ісіне барынша күш салады әрі одан алынған «өнімді» ұлттық байлық санап, оны шашауын шығармай ел игілігіне пайдаланады. Адами капиталдың әлеуетін арттыратын экономикалық белсенді, білікті адамдарын ынталандырудың түрлі жолдарын ұсына отырып өз елінде қалып жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Біз де осы үлгіге көшуіміз керек. Әйтпесе, басқаға қызмет ететін дайын «ақыл-ойды» өндіруші ғана болып қалып қоямыз.