«Шығыс» конференциясының турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Салават Юлаев» өткен турда өз айдынында Омбының «Авангардына» буллитте есе жіберген болса, бұл жолы «Барыстан» басым түсе алмады. Кейінгі төрт матчтың тек біреуінде ғана жеңіске жеткен жерлестеріміз Өфеде тәуір ойын көрсетті. Бәсекенің алғашқы кезеңінде есеп ашылмаса да, «Барыс» хоккейшілері белсенді ойнады.
Үзілістен кейін де қарқынын жоғалтпаған елордалықтар екінші кезеңнің соңғы минутында гол соғып, есепте алға шықты. Канадалық қорғаушы Джесси Грэмнен тамаша пас алған Егор Петухов нысананы дәл көздеді. Үшінші кезеңде де басымдыққа ие болған жерлестеріміз матчтың соңғы минутында екінші шайбаны соқты. Голдың авторы – Аркадий Шестаков. «Барыс» осы жеңісінен кейін турнир кестесінде плей-офф аймағына қайта оралды.
Астаналықтар келесі кездесуін бүгін сырт айдында Екатеринбургтің «Автомобилист» клубымен өткізеді.