29 Мамыр, 2014

Бүгін Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді

225 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

28-05-14-evrosoiuz-2

АСТАНА. 29 мамыр. Бүгін Астанада үш елдің басшылары – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин және Беларусь Президенті Александр Лукашенко деңгейінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Бұл туралы BNews.kz хабарлады. Отырыс барысында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары жаңа дәуірдің ең маңызды құжаттарының бірі – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қояды деп күтіліп отыр. Құжат, тұтастай алғанда, 4 бөлім, 28 тарау, 118 бап және 32 қосымшадан тұрады. Олардың барлығы 700 бетке жуық мөлшерді құрайды. Қазір өмірге келгелі жатқан Еуразиялық экономикалық одақ жоспар бойынша келесі, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды. Бір айта кететін жайт, мұндай құрылым құрып, ортақ одақ аясында тіршілік ету иедясын осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет айтқан еді. Дәл қазіргі таңда мұның да айрықша принципті мәні бар. Себебі, кез келген мемлекеттің басшысы өз елі мен оның халқының әлдекімнің қарауына қарап, бодан болғанын, отанының тәуелсіздігінен айрылып, өзінің номиналды ғана басшы болғанын қаламайды. Біздің Елбасшы Мәскеу мемлекеттік университетінде осы ұсынысты алға шығарғанда халқының ғасырлар бойы күткен егемендігінен айрылып қалуын көздеген жоқ. Бұл болашақ одақтың әу басынан саяси сипаттағы құрылым болмайтынын танытты. Ал арада осыншама жылдар өткенде, Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау еуразиялық интеграция идеясы дәл бүгінгі заманда әлемдік талқылаулар ұласып отыр. Мұның өзі Қазақстан Президентінің көрегендігін көрсетіп отыр. Иә, уақыт бәрін көрсетті. Елбасы архитектурасын салған еуразиялық интеграция барысында қол жеткен жетістіктер аз емес және бұл басқа одақтарға қарағанда шапшаң әрі тиімді өрбіді. Мәселен, бар-жоғы үш жылда Кеден одағы құрылды. Ал  бұл жолды Еуропа одағы әлдеқайда ұзаққа созған болатын. Кеден одағынан Еуразиялық экономикалық кеңістікті құруға да шапшаң көше алдық. Ендігі кезең экономикалық одаққа қарап тұр. Тағы қайталап айтайық, бұдан жиырма жыл бұрын жоғарыдағы идеяны ортаға тастаған кезде Елбасы Мәскеудегі ғылыми элита алдында Еуразиялық экономикалық одақ ТМД-дан бөлек қағидаттармен құрылуы тиістігін айта келіп, оның ең маңызды мәселесі ретінде «егемендікке, ішкі мемлекеттік-саяси құрылымға, әр қатысушының сыртқы саясаттағы қызметіне ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ» екенін мәлімдеген болатын. Сөйтіп, осы жылдар ішінде түрлі сатыдан өткен интеграциялық бірлестіктің бағдары айқындалды. Ал одақтың пайдалы тұсы туралы әңгіме болғанда жалпы халқы 170 млн. адамды құрайтын үш елге ортақ экономикалық нарық құрылып, капитал, тауар, жұмыс күші мен қызмет еркін айналатыны туралы пікір айтылады. Кәсіпкерлік үшін мүмкіндіктер айтарлықтай кеңейіп, бірлескен инвестициялық және кооперативтік жобаларды іске асыруға, макроэкономикалық саясат келісімдерін жүргізуге, сыртқы нарықты үйлестіруге мүмкіндіктер ашылады. Бұдан да басқа жағымды қырларын мамандар түрлі-түрлі талдаулар арқылы алдыға тартып жатқаны ақиқат. Президент Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық одақтың негізгі қызметін әу бастан-ақ саяси емес, таза экономикалық мүддеге құрылатынын, мұнда елдің егемен дамуына ешқандай сызат түспейтінін айтып келеді. Интеграцияның шынайы экономикалық бағытын жақында өткен VІІ Астана экономикалық форумы аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір мәрте қайталап, кейбіреулердің көкейіндегі күмәнді ойларды кәдімгідей сейілте түсті. «Қазақстан әрқашанда «ең алдымен экономика» қағидатын ұстанды. Соның арқасында біз бүгінде белсенді даму үстіндеміз. Қазақстан өткен біржарым онжылдықта неғұрлым жедел дамушы елдердің бестігіне енді. Қазір біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық және жаппай жаңғырту жөнінен елеулі міндеттерді жүзеге асырудамыз. Біз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге ұмтылып отырмыз. Және бұл мақсатқа біз өзіміздің көршілерімізбен тығыз интеграция арқылы қол жеткізбек ниеттеміз», - деді Қазақстан Президенті. Бұл ретте Н.НазарбаевҚазақстанның өңірде не болып жатқанынан бейтарап қала алмайтынын, көршілерден оза отырып, олардың хаос пен берекесіздікке «батуы» есебінен өсу, түптеп келгенде, өңір ретінде де, бүтіндей әлем ретінде де баршаны әлсіздендіре түсетінін айтты. Еуразиялық экономикалық одақ барлық ұлттық мемлекеттердің халықтары үшін ауыртпалық емес, игілік болуы тиістігін Елбасы өткен сәуір айындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграцияның жаңа перспективалары тақырыбында оқыған дәрісінде де сөз етті. Президент онда экономикалық одақтың ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы басты миссиясы екі маңызды аспектіге негізделетіндігін атап өтті. Біріншіден, Еуразия кеңістігі әлемнің басты макроэкономикалық микроөңірінің бірі болуы қажет. Сарапшылардың есептеулері бойынша, осы жүзжылдықта экономикалық гравитацияның әлемдің орталығы шығысқа, Азияға, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа қарай жылжиды. «Екіншіден, біздің интеграциялық миссияның маңызды құрамдасы – әрбір қатысушы елдің әлемнің барынша дамыған мемлекеттері қатарына қосылуын қамтамасыз етуге негізделген. Еуразиялық экономикалық одақ барлық ұлттық мемлекеттердің халықтары үшін ауыртпалық емес, игілік болуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен, іске сәт! Сәкен Майлыбай. Дереккөз: BNews.kz. Фото: forbes.kz.