Экология • 15 Қараша, 2022

«Бурабайда» қарағай бүрін жинау маусымы басталды

448 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкерлері қарағай бүрін жинауға кірісті. Қыс мезгілінде орманшылар оны кептіріп, тұқымын алады. Көктемде  оны тәлімбаққа егіп, көшеттерін өсіреді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Бурабайда» қарағай бүрін жинау маусымы басталды

Ұлттық парк директорының орынбасары Бауыржан Махметовтың айтуынша, қарағай бүрін жинау және өңдеу машақаты көп жұмыс. Парк қызметкерлері оны қараша мен наурыз аралығында тереді.

«Ұлттық парк – емге дәру ауасымен әйгілі қарағайлы орман. Алқаптың фитонцидтері әртүрлі өкпе ауруларына таптырмайтын шипа. Бірақ орманды күтіп-баптаудың қаншалықты бейнеті мол шаруа екенін көпшілік біле бермейді. Ағаштарға түрлі зақым келеді, өрттен зардап шегеді, бара-бара кәрі ағашқа айналады. Орманның табиғи қалпын сақтау үшін ұлттық парк қызметкерлері көктем сайын тәлімбақта екі жыл өсірілген көшеттерді орманға отырғызады», деді директордың орынбасары, бас орманшы Бауыржан Махметов.

Теріп алғаннан кейінгі өңдеудің толық циклі сұрыптау, тұқымын алу, тазарту, белгілі бір деңгейге дейін кептіру (12-15% ылғал) сынды кезеңдерден тұрады. Содан соң ғана дайын тұқымдар тәлімбаққа егіліп, тұтас көшет өсіріледі. Кейінірек бұл өскіндер орман учаскелеріне отырғызылады.

еап

Осылайша, кішкентай бүрден қарағайлы орман пайда болады. Алайда кейбір тұрғындар жаңа жыл қарсаңында ормандағы шыршаларды кесіп, табиғатқа нұқсан келтіріп жататыны да жасырын емес.

«Біз маңдай терімізбен өсірген қарағайларды отауға жол бермейміз! «Бурабай» ұлттық саябағының бүкіл аумағы тәулік бойы тепловизормен жабдықталған цифрлы SMART жүйесінің бақылауында екенін браконьерлердің есіне салғым келеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсетін ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені немесе бүлдіргені үшін жекелеген адамдарға – 30 АЕК мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің заңды тұлғаларына – 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Оған қоса заңсыз кесілген ағаштары, көлік құралдары мен браконьерлік құралдары түгел тәркіленеді», деп ескертті Б. Махметов.