Өткен күннің айнасы
Жасырып-жабары жоқ, адамдар музейлерге негізінен өткеніне үңілуге, ата-бабасына жақын болуға, жүріп өткен жолын бағдарлауға, мүмкін өзін табуға, болмаса заман мен ұрпақ байланысын сезіну үшін келеді. Бізге сондай тұңғиық әсер сыйлаған Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылындағы Лепсі тарихи музейі болды. Шежірелі шаңырақ алақандай ауылдың ажарын келтіріп, әлемді өзіне қаратып отыр.
Қалай дейсіз ғой? Былтыр меценаттардың қолдауының нәтижесінде ашылған рухани орда, жергілікті тұрғындардың ғана емес, Германия, АҚШ, Ресей және басқа да ТМД елдерінен келген туристер арасында тез танымал болған. Жыл басынан бері мұнда 2 мыңға жуық адам келген. Заманауи өлшеммен алғанда шағын шаңырақ осындай танымалдылыққа өзінің харизмасымен, құнды дүниелер туралы қарапайым һәм шебер түсіндіруі арқылы жеткен, ең бастысы, оқырманды шынайылығымен баурап алған. Мұнда 1500-ге жуық түрлі жәдігер сақталған. Біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғасырларға жататын көне астық үккіш және Түрік қағанаты кезіндегі балбалтас пен 1949 жылғы патефон бар.
Бұл ғажайып музейдің негізін қалаған, тарихшы – Мұхарам Хайбулин. Өзінің туған жеріне деген махаббатын осылай жеткізген ол Сарқан ауданына қарасты қазіргі Екіаша ауылында (бұрынғы Қойлық) дүниеге келген ұлағатты ұстаз, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің алғашқы түлектерінің бірі. Қабанбай ауылындағы мектепте 7 жыл сабақ беріп, артынан Лепсі орта мектебіне директор болып тағайындалады. Сонымен қатар сол білім мекемесінде тарих пәнінен сабақ бере бастайды. Сөйтіп, 1988 жылдан бері хоббиіне айналған кәсібін жалғастыра береді. Бертін келе жиналған экспозициясына мектеп мұражайы тарлық етеді. Мұны естіген жергілікті меценат, белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов көмек қолын созады.
Сол тұста кәсіпкер ауылға жаңадан мешіт салып жатқан екен. Мектеп мұражайын аралап көріп, одан ерекше әсер алғаны сонша, бұрынғы мешітті музейдің игілігіне өткізеді. Жақсылап жөндеуге қаражат та бөледі. Бұл өнегелі іске басқа да кәсіпкерлер, депутаттар, меценаттар атсалысып, тарихшының арманын жүзеге асырады. Ел ішіндегі қамқор азаматтардың арқасында «Клио», яки «өткенге деген сүйіспеншілікті оятатын муза» тұрғылықты жерін тапқан.
Осы ретте тағы бір есті дүниені еске сала кетейік. О баста мектеп мұражайын құруға Ришат Тоқпаев, Анна Щербакова, Елена Сушкова, Александр Скребцов, Раиса Власова, Иван Пилипенков, Мансур Бахтгузин секілді ұстаздар мен жәдігерлердің бағасын білген үлгілі оқушылар қолғабыс көрсеткен екен. Бұл тұста мұражай қорына көне жәдігерлерді сыйға тартқан жергілікті тұрғындардың да еңбегі зор. Сондай-ақ М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері де алғысқа лайық. Көркемдеу-дизайн жұмысын белгілі мүсінші, академик Шәміл Қожаханов «Заман-Ту» ЖШС ұжымымен бірге жүргізген. Қазір мұражайда 10 қызметкер жұмыс істейді.
Бәрі де балбалтастан басталды
Бұл балбалтас қазір мұражайда басты орынға ие. Кешегі күнге дейін оның тарихи құндылығын жоғары бағалаған Мұхарам Мінтайұлының үйінде тұрған еді. Енді, міне келушілердің қызығушылығын арттырып отыр.
«1989 жылы комбайнда жұмыс істедім. Алаңға үлкен тас кедергі жасай бастады. Оны жоюға көмектесу керек болды, бірақ оның пішіні мені бірден қызықтырды. Тасты қолымызға алсақ, ол көне түркі мүсіні – балбалтас болып шықты. Сондықтан мен оны бірден даладан алып кеттім. Ал өткен жылы мұражай ашылғанда, ол біздің экспозициямыздың дәл ортасынан лайықты орнын алды. Бұл мүсін VII-VIII ғасырларға жатады. Осы маңдағы Көктөбе тауының төменгі ағысынан табылған», дейді М.Хайбулин.
Бұл тарихшының өзінің ізденіс жолында тапқан жалғыз жәдігері емес. Экспозицияның көп бөлігін ондаған жыл бойы жинап, К.Ушинский орта мектебінің мұражайында сақтаған. Тағы бір ерекше жәдігер – қазақ балуандарының күш-төзімділігін дамыту үшін пайдаланған жасанды тесігі бар алып тас.
«Орта ғасырларда түркі және славян халықтары классикалық гірлердің орнына тастан жасалған салмақтар қолданған. Алып тасты кімнің алысқа апаратынын анықтау үшін әртүрлі жарыс ұйымдастырылған. Қолдарына салмағы 100-150 кило тас ұстаған батырлар бір-екі адым емес, тұтас қашықтықты еш қиналмай жүріп өткен екен. Бұл күш көрсету ғана емес, қарсыласына сес көрсету. Ол туралы поляк ақыны Адольф Янушкевич күнделігінде жазған. Оған қоса қаламгер Барақ сұлтанның қаймақтай аппақ тасты көтеріп алып, екі шақырым жерге дейін жүріп, жолдың қақ ортасына қойғанын жеткізген», дейді музей қызметкерлері.
Аталған музейде Дулат тайпасының таңбасы қашалған шекаралық тас бағана да бар. Оны да жергілікті тұрғындар Мұхарам Мінтайұлымен бірге 1991 жылы картоп алқабынан тауып алған. Балбалтас сияқты ол да мұражайдағы ең құнды жәдігерлердің бірі. Сонымен қатар мұнда XIX-XX ғасырлардағы көптеген тұрмыстық зат пен киім бар. Мектеп кітапханасынан кездейсоқ табылған ескі кітаптар да жайғасқан. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери киім үлгілері, XII-XIV ғасырлардағы жебе ұштары, әртүрлі мемлекеттердің банкноттары, ежелгі қыш ыдыстардың сынықтары, самауырлар, сағат механизмдерінің барлық түрі, үтіктер, тігін машиналары, фотоаппараттар, ат әбзелдерінің элементтері, қару үлгілері, сирек фотосуреттер көздің жауын алады.
Ретро раритеттер
Ретро раритеттердің ішінде 1949 жылғы патефон мен 1950-1956 жылдардағы грампластинкалар ерекше орын алады. Неге десеңіз, баяғы әуендердің ырғағы ескі заманның елесіне байлайды. Музыка ойнаған сәтте музейдің тұтқынына айналасыз. Ғасырға жуықтаған көне дүниелер бәз-баяғы қалпында көңіліңізді шыр көбелек айналдырады. Мұхарам Хайбулин механизмді өте ұқыпты сақтаған. Оны баяу іске қосқанда, пластинкалар жоғары нотада ойнайтынына көз жетті. Бір минуттан кейін «Амур толқындары» келушілерді тыныштыққа елітіп, үйлесімділікпен қоршап, еріксіз вальс билетеді. Кенет, күтпеген жерден әуен өзгеріп, халық әндерінің пернелері мүлде басқа ғаламшарға жетектеп әкетеді.
«1949 жылғы патефондар жақсы жұмыс істеуі керек, әрине жаңа емес, десе де құнды әрі сапалы дүние. Қазір мұндай заттар жоқтың қасы. Дауыстап ойнамайды, бірақ оның үнінде бір ерекшелік бар. Мұндағы техникалық прогреспен ұштасқан романтика жанды қанаттандырады», дейді М.Хайбулин. Сол сәтте оның ескі досы сөзін жерге тастамай, дауыстап ойнай бастағанда шын жүректен қуанғанын байқадық.
Әр жәдігердің өз шежіресі бар. Оны бағалай білген адамға, ол да құпиясын жайып салады. Біз тарихшының әр затқа туған баласындай қарайтынына таңғалдық. Оның ісіне адалдығына қарап, ғаламат ақын Олжас Сүлейменовтің мына бір сөзі ойға оралды. «Өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып-білу де – қазіргі даму процесіне аса қажет әрекет. Ол болмай қоймайтын жоғалтулар мұңын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, сонымен бірге прогреске кең жол ашады». Иә, өткенінді танымай болашақты сезіне алмайсыз.
«Музейлер біздің өмірімізде маңызды орынға ие. Қараңызшы, олар оқиғаны сөзбен емес, заттармен жеткізеді. Сонысымен керемет, сонысымен ерекше емес пе? Әрине, қазір ақпарат алудың көптеген жолы бар, әсіресе интернет іздегеніңізді алақаныңызға салып береді. Бүгінде интерактивті мұражайлар да дамып келеді, көбісін онлайн көруге болады. Дегенмен, олар шынайы, қолмен ұстап, көзбен көргенге жетпейді. Оның әсері де, әуені де бөлек. Мұражайымыздың коллекциясы өлке тарихы мен мәдениетін зерттеудің ең маңызды көзі болып табылады. Міне, Лепсінің тарихы, бір шаңырақ астында қатталып тұр», дейді тарихшы терең ойға шомып.
Мұнда Батыс Қазақстаннан, Алматы маңындағы аумақтан экспонаттар қойылған. Үш этнографиялық зал әр кезеңде өмір сүрген қазақ, татар және славян халықтарының өмірімен таныстырады. «Біздің өлкеміз табиғат пен тарихқа өте бай, орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бір тармағы осы жерден өткен. Сондықтан біздің өңір саяхатшылар мен зерттеушілерді қашанда қызықтырып келеді. Шоқан Уәлиханов, Томас Аткинсон, Альфред Брем, Адольф Янушкевич, Семёнов-Тянь-Шанский, Юрий Сенкевич және басқалары осында болды. Сондықтан тарихымызды сақтап, ұрпақтарымызға жеткізу маңызды. Бұл өскелең ұрпақты адамгершілік, рухани тәрбиелеу үшін қажет. Маған сеніңіз, біздің шағын музейде ізденушілерді таңғалдыратын нәрсе көп», деп сөзін түйіндеді М.Хайрулин.
Айтпақшы, Лепсі өңірі тарихи жәдігерлерге толы мекен. Ауылдың іргесінде сақ қорғандары, балбалтастар, тіпті сол маңнан ежелгі жартас суреттері табылған. Қазақтың тұңғыш этнограф ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Қазақ даласында не көп – бірі көне, бірі жаңа жапырлай орналасқан зираттар, обалар мен төбешіктер көп. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінің бұл тілсіз ескерткіштері тарихи тұрғыдан гөрі, жағрафиялық тұрғыдан алғанда қымбаттырақ», демей ме? Жетісудан баба мирасын іздеп келген ұлы ғалым шатаспаған екен... Тарих парақтары көз алдымызда ашылып жатыр.
Жетісу облысы