Бұл процедура компанияларға бизнесті қайта ұйымдастыру және қарызды қайта құрылымдау кезінде кредиторлардың талаптарын қорғауға мүмкіндік береді. Платформаның бас директоры Сэм Бэнкман-Фрид қызметтен кетіп, оның орнына СЕО болып Джон Рэй III тағайындалған. Әлемдегі аса ірі криптобиржаның құлдырауы цифрлы валюта және биткоин жаңалықтарын жазумен айналысатын CoinDesk медиа құрылымының қарашаның басындағы зерттеуінен кейін басталды. Онда FTX-пен байланысты Alameda (14,6 млрд доллар) компаниясы активінің басым бөлігін FTT токендері құрайтыны анықталған. Венчурлы саладағы гигант фиатты валюта немесе өзге де криптовалюталары сияқты тәуелсіз активтердің орнына өзінің еншілес компаниясы шығарған монеталармен қамтамасыз етіліп келген. Яғни FTX Alameda шығындарын клиенттердің қаржысы есебінен жауып отырған.
Әйгілі Binance платформасы FTX-ді сатып алу нұсқасын қарастырған. Алайда due diligence (кешенді тәуелсіз бағалау) жүргізгеннен кейін және ірі криптобиржаның клиенттер қаржысын мақсатсыз пайдаланғаны жайлы жарияланған ақпараттан соң, әуелгі райынан қайтқан. Бұрынғы CEO Бэнкман-Фридтің болжауынша, клиенттер қаржысы мен бизнесті сақтап қалуға 8 млрд доллар қажет болуы мүмкін. Binance-пен мәміле сәтсіз аяқталған соң, ол америкалық Kraken криптобиржасына және Tron блокчейнінің негізін салушы, Huobi биржасы басшыларының бірі Джастин Санға өтініш жасаған. Бірақ оң жауап ала алмаған.
Binance криптовалюта биржасының басшысы Чанпэн Чжао FTX-дің банкротқа ұшырауы алдағы бірнеше аптада тағы біраз ірі компанияның құлдырауына әкеліп соқтыруы ықтимал дейді. Нарық FTX криптовалюта платформасының айналасындағы дағдарыстың барлық салдарын әлі сезініп үлгере қойған жоқ, деді ол Индонезиядағы конференция кезінде.
Телеграмдағы Tengenomika каналының хабарлауынша, әйгілі экономист Нуриэль Рубини FTX биржасын қаржы пирамидасы деп санайтынын мәлім еткен. Сондай-ақ экономист Binance биржасына да үлкен күмәнмен қарайды. Еске салайық, Binance биыл Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орната бастады. Мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Binance компаниясының бас директоры Чанпен Чжаоны қабылдады. Аталған кездесу барысында еліміздің салалық құрылымдары мен Binance компаниясының арасында цифрлық қаржы саласындағы, блокчейн технологиясы бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастықтың ұзақмерзімді перспективалары, сондай-ақ Қазақстанда криптоиндустрияның өңірлік хабын құру мәселесі талқыланған еді.
Сонымен қатар Президенттің қатысуымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance компаниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Криптобиржалар арасында әлемдік лидер болып саналатын Binance барлық экожүйе үшін жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Қазақстандағы Binance жол картасын қарастырдық. Біз сондай-ақ блокчейнге бағытталған венчурлық капитал қорын және Astana Hub-тың жергілікті таланттарының жаһандық аренаға шығуына көмектесетін академияны құру әлеуетін талқыладық. Еліміздің крипто әлеміндегі халықаралық ойыншылар үшін аймақтық хаб бола алатынына сенеміз», деген еді министр Бағдат Мусин.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының хабарлауынша, тамыз айында биржа қаржылық қызметтерді реттеу бойынша сауда алаңы комитетінен цифрлы активтерді басқару және кастодиалды қызметтер көрсетуге рұқсат алған. Осылайша, отандық қаржы орталығы ТМД елдері арасында бірінші болып Binance-пен жұмыс істейді.
Чанпэн Чжаоның айтуынша, Қазақстан Азияда алғашқылардың бірі болып криптовалюталарды реттеуге кірісті. Қазақстанның криптовалютаны өндіру бойынша да көшбасшылық позицияда болуы әйгілі биржаның қызығушылығын оятқан.
«Жаһандық тенденцияны ескере отырып, соңғы жылдары Қазақстан үкіметі криптовалюталарды өндіру және айналымы саласындағы қызметті заңдастырып, «криптовалюта» заңнамасына айтарлықтай түзетулер енгізді. Біз елде саланың одан әрі өсуі үшін үлкен әлеует барын көріп отырмыз және әлемдік көшбасшылар ретінде бұған өз үлесімізді қосуға қуанышты боламыз. Қазақстан үкіметімен виртуалды активтер нарығын дамытуға өзара мүдделілік туралы келісімге қол қойдық. Осы елдегі криптовалюталар үшін заңнамалық база мен реттеу саясатын әзірлеудің маңыздылығын көріп отырмыз», дейді Binance басшысы қазақстандық Forbes басылымына берген сұхбатында.
Айтпақшы, FTX банкроттығы өзге криптонарықтарды да құлдыратып жатыр. 7-11 қараша аралығында биткоин 15 100 долларға дейін құнын жоғалтса, FTX-пен тығыз байланыстағы Solana өз құнының 60 пайызын жоғалтқан.