«Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда, ҚХР-мен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық – Мойынты» жаңа темір жол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 млрд доллардан асады», деген-ді Президент.
Президент тапсырмасының орындалу барысына назар аударсақ, қазір «DAR RAIL Infrastructure» ЖШС жүк тиеу терминалы жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл ретте 836 шақырымды құрайтын «Достық – Мойынты» темір жол желісінің екінші жолының құрылысы аса маңызды. Оның 320 шақырымы Жетісу аумағынан өтеді. Жоба иелері құрылысқа өңірлік өнімдерді пайдаланбақ. Егер бәрі ойдағыдай болса, тәулігіне жүретін пойыз саны 12-ден 60-қа артады. Осы орайда Жетісу облысының әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ меморандумға қол қойды.
Аталған жоба аясында арнайы іс-сапармен Жетісуға келген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен «Қуатты аймақтар – еліміздің даму драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде «Достық – Мойынты» учаскесінде салынатын екінші жолдың құрылысына қатысты мәселелерді талқылады. Одан бөлек өңір әкімінің халықпен кездесулерінде көтерілген темір жолға қатысты мәселелер ортаға салынды.
Кездесу барысында өңір басшысы темір жол ұжымының облыс аумағындағы үйлесімді жұмысы үшін алғысын білдірді. Сол қатарда Алакөлге дейінгі пойыз қатынасын, соның ішінде «Тальгоның» да қатарға қосылғанын, көмірді уақтылы жеткізудегі ҚТЖ-ның зор көмегі болғанын атап өтті. Сонымен бірге Жетісу облысының көлік-логистика саласындағы транзиттік әлеуетіне де қысқаша тоқталды.
«Достық стансасындағы «DAR RAIL Infrastructure» ЖШС жүк тиеу терминалы жобасын қолға алуда. Осы бағыттағы «Dostyk Trans Terminal» ЖШС жобасы да 2021 жылдан іске асырыла бастады. Бұл ретте республикадағы аса үлкен жоба «Достық – Мойынты» темір жол желісінің екінші жол құрылысының облыс экономикасына тигізетін ықпалы зор болады деп сенемін және оған облыс тарапынан қажетті барлық қолдау көрсетіледі», деді Б.Исабаев.
Аталған «Достық – Мойынты» жобасы жайлы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов қысқаша айтып берді. Оның айтуынша, ұзындығы 836 шақырым болатын темір жолдың 320 шақырымы Жетісу облысының аумағынан өтеді. Жоба 2022-2025 жылдары іске асырылады. Оған тартылатын инвестицияның 38 пайызы, яғни 218 млрд теңгесі Жетісу облысына тиесілі болмақ. Жобаның құрылысы кезінде 1 600 адам жұмысқа тартылса, іске қосылғанда 340 адам еңбекпен қамтылады. Олардың дені – негізінен жергілікті жердің тұрғындар. Жалпы, бұл жобаны іске асыру темір жолда тәулігіне жүретін пойыздар санын 12-ден 60-қа арттыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1 500 шақырымға арттыруға жағдай жасайды.
Ең кереметі, құрылысқа қажетті құны 109 млрд теңге болатын материалдар, атап айтқанда, металл конструкциялары, инертті материалдар, құм мен қиыршық тас, шпалдар, темір бетон бұйымдары жергілікті жерден, яғни Жетісу облысының өндіріс орындары шығарған өнімдерден пайдаланылады. Бұл ретте қазақстандық мазмұн 85 пайыз болады деп межеленіп отыр. Сол сияқты Қ.Әлмағамбетов облыс аумағындағы «Алтынкөл» стансасының және басқа да кішігірім темір жол бекеттердің жұмысына да тоқталды.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов өңір басшысының аудандарда өткізген тұрғындармен кездесулерінде көтерілген темір жол саласына қатысты проблемаларды жеткізді. «Достық» стансасы тұрғындары оқушылардың мектепке қарай темір жолдан өтетін тұсына арнайы жерүсті жолын салу туралы өтініштерін айтқан. Сол сияқты осы елді мекендегі темір жолға қарасты тұрғын үйлерді жергілікті әкімдіктің балансына өткізу арқылы жұмысшылардың жекешелендіруіне жағдай жасау жайы да сөз болды.
Текелі және Талдықорған қалаларындағы темір жолдың жекенің қолына өтіп кеткен кіреберіс жолдарының мәселесі әлі де өзекті. Облыс аумағындағы темір жол учаскелерінің елді мекендерден өтетін және басқа да қауіпті деген жерлерінде қоршау орнатылса деген өтініштер айтылды. Егер осыған сай шара қабылданса адамның, малдың пойыз астына түсуінің алдын алуға, темір жол жұмысына кедергінің болмауына да ықпал етер еді. Сөз болған тағы бір мәселе, «Достық – Мойынты» жобасындағы облыс аумағында жұмыс жүргізетін компаниялардың сәйкесінше осы өңірге тіркелуі міндетті түрде ескерілуі шарт.
Н.Сауранбаев өз сөзінде адамдардың қауіпсіздігі маңызды екенін жеткізді.
«Біз үшін адамдардың қауіпсіздігі – бірінші кезектегі басымдық. Сондықтан жолүсті өткелін салу, қауіпті учаскелерде қоршау қою шаралары міндетті түрде атқарылады. Бұл жұмыс жоспарда бар. «Достық – Мойынты» учаскесіндегі екінші жолдың құрылысын салу – Президенттің тапсырмасымен қолға алынған іргелі жоба. Оның іске асырылуы Жетісу облысы үшін мультипликативті тиімділігін көрсетеді. Бізбен әріптестік байланысты жандандырып, өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға, шешімін бірге қарастыруға мүмкіндік жасағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», деді Н.Сауранбаев
Жиынға қатысушылар ҚТЖ компаниясының құзырына кіретін мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Мәселен, Балқаш көлі жағалауын дамыту қолға алына бастады, ендігі жерде туристер легінің көбейетініне байланысты болашақта Лепсі ауылына темір жол бекетін салу қажеттілігі туады. Соны қазірден жоспарлау қажет. Сол сияқты «Темірбетон» зауыты, «Айсұлу» тігін фабрикасы республикалық «Достық – Мойынты» учаскесіндегі жобаға қатысуға қажетті барлық мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Бұл ретте жобаға іріктеуде бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың жұмысты атқару мерзімі мен сапасының тиісті талаптарға сай болуы ескеріліп, барлығы заң аясында жүргізілетіні айтылды.
Жиын қорытындысында екі тарапқа да пайдалы пікір алмасу болғанын атап өткен облыс әкімі «Достық – Мойынты» учаскесіндегі жобаның облыс үшін маңызы зор екенін тағы бір мәрте атап өтті.
«Облыс әкімдігі инвесторларға жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау мен көмек көрсетеді. Әрқашан сындарлы ашық ынтымақтастыққа дайынбыз. Бүгінгі қол қойып отырған меморандум облысымыздың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мен одан әрі кеңейтуге жол ашып, бірлескен жобаларды іске асыруда өз нәтижесін береді. Осының барлығы өңір экономикасын ілгерілетуге, сол арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға әсерін тигізеді. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті де осы», деді Б.Исабаев.
Кездесу соңында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев әкімдік пен ҚТЖ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жетісу облысы